Отырарда Мемлекеттік Рәміздер күніне орай автошеру ұйымдастырылды
блог
Кез келген мемлекеттің елдігін, бостандығын, тәуелсіздігін айқындайтын қасиетті белгілері – мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттің көркейіп, гүлденуі сол елдің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбитіні анық. Бүгін отырарлықтар да 4-маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесін салтанатпен атап өтті. Айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов «Осыдан бірер жыл бұрын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен еліміз бойынша аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты өткізілген шаралар халқымыздың еңсесін көтеріп тастағаны белгілі. Осы айтулы датаға орай түсірілген тарихи кезеңдерді бейнелейтін фильмдер мен түрлі шығармаларға зер салсақ, біздің мемлекетімізге тәуелсіздік оңайлықпен келмегендігіне көз жеткіземіз. Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығы қарсаңында тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясаты арқасында мұнан да биіктерге жететінімізге күмән жоқ. Сондықтан рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы байланыстың жарқын белгісі. Егемендіміз бен еркіндігімізді айқындайтын жас ұрпақтың намысын оятып, патриоттық сезімдерін ұялататын – рәміздер мерекесі құтты болсын, көк байрағымыз биіктен көріне берсін!» деген ізгі тілегін білдірді. Шара барысында бір топ азаматтар ауданымыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысып, зор үлес қосқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мерекеге орай ауданымыздың мәдениет майталмандары концерттік бағдарлама көрсетіп, өз өнерлерімен аудан тұрғындарын тәнті етті. "Жастар ресурстық орталығының" ұйытқы болуымен авто шеру ұйымдастырылып, аудан басшысының қолынан көк туымызды салтанатты жағдайда қабылдаған орталықтың жетекшісі Бауыржан Әділханов бастаған бір топ аудан жастары орталық көшеде көк туымызды көкке желбіретіп көпшілікті бірлікке, ынтымаққа үндеді. Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі