ОТЫРАР АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ОТЫРАР АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
жеке
блог
Бүгін Отырар ауданында қоғамдық кеңестің кезекті көшпелі отырысы өтті. Жиынның күн тәртібіне сəйкес, ауданға қарасты төрт ауыл округі әкімдерінің 2017 жылдың 10 айында атқарған жұмыстарының есептері тыңдалды. 
Кеңес отырысында Аққұм ауыл округінің әкімі Серік Әлішері, Көксарай ауыл округінің әкімі Әбдірахман Мәуленқұл,  Маяқұм ауыл округінің әкімі Берікбай Иманов және Балтакөл ауыл округінің әкімі Жасұзақ Тәукебаевтар арнайы баяндама жасап, он айдағы оңды істерге тоқталды.
Ауыл округі әкімдері өз есептерінде ауыл округтеріндегі қол жеткізген жетістіктерді атап өтіп, кемшілік тұстарын да бағамдады. Өткен жылдармен салыстырғанда ауылдағы қылмыс деңгейінің біршама төмендегендігі айқын аңғарылады. Ауыл әкімдерінің сөзіне құлақ түрсек, ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп, ірілендіру мақсатында жүйелі жүргізілген жұмыстар, салық түсімдері мен жұмыспен қамтылу деңгейі де өз нәтижесін бере бастаған.
Басқосуда кеңес мүшелері ауыл округіндегі мал ұрлығы, демеушілер тарту мәселелерін көтеріп, қойған түйткілді  сауалдарына ауыл округі әкімдері тұшымды жауаптар қайырды. 
 Жиын соңында кеңес мүшелері ауыл округтері әкімдерінің жұмыстарына қанағаттанатындығын жеткізіп, оң бағасын берді.