Отты жылдың - қаһарман жауынгері!

 Қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, Кеңес Одағының батыры Ресей Батыры Қайыргелді Сайынұлы Майданов - ХХ ғасырдың екінші ширегінде биік тұрған дара тұлға, қиын–кескі кезеңдерде алған бағытынан қайтпастан өз заманының биігіне көтерілген қазақ баласы көзі тірісінде бүкіл Кеңес Одағы мақтан тұтатын адамға айналды.

 Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ауған соғысы туралы: «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» - деген ойлы сөз айтқан болатын. 1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингент Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған сол кезеңдегі Кеңестер Одағының құрамындағы қазақстандық бейбіт өмір жауынгерлері 22 мың қазақстандықтар қатысқан болатын. Сол жауынгерлердің қатарында болған Майданов Қайырболат (Николай) Сайынұлы да Отаны үшін қан майданда шайқасқан болатын. Сонымен белгілі де белгісіз болған Қайырболат кім еді?

 Maйдaнoв Қaйыpбoлaт Caйынұлы 1956 жылы 7 aқпaндa бұpынғы Жымпиты aудaны Tacқұдық ayлындa дүниегe кeлгeн. Keңес-Aуғaн coғыcынa қaтысқaн. Кeңec Oдaғының Бaтыpы(1988), Peceй Бaтыpы (2000). 1973 жылы Aқжaйық (қазіргі Теректі) ayдaнының Шaғaтaй ayылындaғы opтa мектепті тамамдады. Содаң соң аудандық ДОСААФ комитетінің жанындағы курсты аяқтап, жүргізуші болды. Кеңес әскері қатарында қызмет атқарған соң, Саратовтағы Жоғары әскери ұшқыштар даярлайтын училищиге оқуға түсті. Ауғанстанда көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, 3-дәрежелі «КСРО Қарулы Күштері қатарында Отанға қызмет үшін» ордендерімен марапатталды. Ауғанда 50 рет әуеге көтеріліп, ауыр ұрыстарға қатысқан. Кейінгі жылдары Ресей Қарулы Күштеріне қызмет етіп, Шешенстан соғысында ерлікпен қаза тапты». «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясында даңқты жерлесіміз туралы бар дерек осы ғана. Ал, осы деректі қорыта тарқатып кетейін. Батыс Қазақстанның Жымпиты ауылына қарайтын Тасқұдық ауылы – жері шұрайлы, құнарлы мекен. Қайыргелдінің атасы Сағынғали ақсақал өз заманында ауылдың ауыл шаруашылығын бір кісідей дамытуға үлес қосып, ағайындарымен ауылы аралас, қойы қаралас, еңбегі елге сыйлы қарапайым ауыл адамы. Алмалы - төкпелі заманды көрді. Сағынғали ақсақалдан Сайын, Науан, Шернияз атты үш ұл тарқады. Елді дәл индустрияландыру жылы дүниеге келген үлкені Сайын ширақ қимылдайтын, сергек, алымды жігіт болып өседі. Техникаға үйірлеу ол соғыс жылдарында және одан кейін де сан салалы шаруашылық жұмыстарына қатысып, ауылда алғашқылардың бірі болып мәшине руліне отырды. Сол кездерде Ресейден бері қарай күшпен көшірілген неміс ұлтының өкілдері келе бастаған. Тасқұдыққа да ондаған отбасы көшіп келді. Неміс халқы ашық, тез тіл табысатын жұрт қой. Жергілікті қазақтармен емен-жарқын араласып, жұмыстың көрігін қыздырып әкетті. Жастар жағын табыстыратын ортақ дүниелер аз емес болатын. Үйдің үлкені Сайын түрі мен ақылы келіскен немістің әдемі қызы Галинамен көңіл жарастырады. Махаббат пен бақытқа толған отбасыда сегіз бала өрбіді. Соның бірі Қайыргелді еді. Қайыргелді кішкене кезінен зерек, ата-әженің тәрбиесін бойына сіңіріп өскен азамат, досқа адал, қимылы ширақ, батыл болып өседі.  Бозбала кезіне тоқталатын болсам, жас жігіт Шағатай ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып, түрлі спорттық шаралардан белсінділік танытып, тәртібімен көзге түседі. Мектепті тәмамдаған соң, Ақтөбедегі азаматтық авиация ұшқыштарын даярлайтын училищеге оқуға түседі. Алайда бірге барған досы (бір деректерде оның есімі Алексей Шуринхин екен) әскери-дәрігерлік комиссиядан өте алмай, ауылға қайтады. Оқуға қабылданып тұрған Қайырболат оқуын тастап, досымен бірге ауылға қайтып келеді. Елге келген көлік жүргізуші курсын  тәмамдап, шофер болып жұмыс жасайды.  Одан соң Отан алдындағы борышын Германияда өтеп келген соң Саратовтағы ұшқыштар училищесіне түседі. 1980 жылы Николай Майданов училищені ойдағыдай аяқтады. Содан кейін Венгрияда қызмет жасады. Осылай қайратты ұлдың әскери қызметі басталады. 1984 жылдың 23 тамызынан 1985 жылдың қарашасына дейін Ауғанстан жерінде интерноционалдық борышын абыроймен өтеп елге оралған-ды. Алайда сонау елде кескілескен ұрыс болып жатқанда тыныш жерге келіп тынши алмаған Майданов ақыры өз өтініші бойынша қайта Ауған еліне аттанып кетті (1987-1988 жылдар). Ұрыста шыңдалған II сыныпты әскери-ұшқыш  капитан сан мәрте теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Мысалы, тек мына бір оқиғаның өзі оның ерлігіне куә болғандай. Бірде Хайркот деген ауданда біздің екі тікұшақты жаулар атып түсіреді. Сол майданның қызыл отына шарпылған жауынгерлерді құтқарып алу үшін Николай арнайы тапсырма алады. Ол тікұшақпен бір емес, төрт рет аспанға көтеріледі. Ақыры төртіншісінде барып көздеген мақсатына жетеді, 46 адамды өлімен құтқарып, аман-сау алып шығады. Осындай ерен ерлік көрсеткені үшін, әрі өзіне жүктелген тапсырманы бұлжытпай орындағаны үшін, 1988 жылдың 30 шілдедегі Кеңес Одағының Жоғары Кеңес Президиумының Жарлығымен капитан Майданов Николай Сайынұлына Кеңес Одағының Батыры беріледі. Сондай-ақ, ол «Қызыл жұлдыз» және «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталады. Кейін 1989 жылдың қыркүйегінен бастап Забайкальеде қызмет етті. Сонымен бірге Ю.Гагарин атындағы әскери әуе Академиясына оқуға түсіп, оны бітіргеннен соң тікұшақ полкіне басшылық жасады. Міне, біз таныған полковник Николай Майдановтың өмір жолдары осылайша тарихымызға енді.

 Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, жерлесіміз Қазақстанға оралып, Тараздағы 157- тікұшақ полкын басқарады. Алайда Қазақстандық жас авиацияның жағдайы мәз емес еді. Сол себепті Қайыргелді Сайынұлы ақыры Ресейге кетуге шешім қабылдайды. Ресейліктер Қайыргелдіні құшақ ашып  қарсы алып, Санкт-Петербургтен онша қашық емес жердегі полкты басқару жүктеледі. Бірақ Майданов үшін штабтық жұмыс онша маңыды емес еді. Оның тәжірибесі мен шебер ұшқыштығы Шешенстандағы соғысқа керек болады. Ержүрек батырдың бұл жаққа келгенін білгендер Қайыргелдінің басына кезекті жарты миллион долар тігеді. 1999 жылдары  бандылардың атып түсірген тікұшағының экипажын құтқаруға жіберіледі. Ержүрек ұшқыш жаудың қырыққа жуық соғысқа дайындалған орындар мен жанармай дайындау жерлерін жойып, жоғары жақтың бұйрықтарын бұлжытпай орындайды. Екі апта өткен соң, Солтүстік Кавказдағы топтастырушы қолбасшысы, генерал-майор Виктор Казанцев пен журналистердің жоғалып кеткен тікұшақтарын тауып, оларды өлім аузынан құтқарады.

    2000 жылдың 29 қантарында Майданов тікұшағы «жоғалды» деген десанттарды басқа жаққа көшіру операциясына қатысып, ержүректілігімен елдің есінде қалады. Көптен бері жау мергенінің нысанасында жүрген оны жау кеудеден көздеп, өқ атады. Нысанаға мергеннің оғы дәл тигенімен, Қайыргелді биікке көтеріліп, ұшу сапарын жалғастырады. Алайда оған мергеннің екінші оғы мойыннан тиіп, үлкен қан тамырын зақымдайды. Оны бинтпен орап, тікұшағын базаға қондырып, штурвалды басқа пилотқа беріп жатып, боттехниктің қолында қаза болады.

   Ержүрек батыр осы айқастың алдыңда ғана генерал-майор шенін алуға ұсынылған екен.Бұл оның ерлігі мен ержүрек батырлығына лайық атақ еді. Бірақ ол атақ ержүрек батырға бұйырмады. Осындай мақтан тұтар, үлгі етер қазақ батыры, көзі тірісінде аты аңызға айналған жерлесіміз  полковник Ресей Федерациясының батыры және Кеңес Одағының батыры Қайыргелді Майданов, оның ерлігі ержүректілігі және командирлік шеберлігімен көзге түскен нағыз қаһарман хас батырымыз болды. Иә қазақ батырының Батыс Қазақстандық екенін мақтан тұтамыз. Ол өзінің қажырлы еңбекқорлығымен көзге түсті. Дегенмен, Қ.Сайынұлының дарынды әскери ұйымдастырушылық қабілеті, оның ерліктері ретінде әлі жеткілікті зерттеле қойған жоқ. Жарияланған дерек көздері батырдың әскери қызметін толығымен қамтымайды. Болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде батырларымызды өмірі мен жүріп өткен сара жолын насихаттауда ең басты біздің міндетіміз. Оның әскери қызметіне тоқтала келе, оның туған жерге деген көзқарастарды есепке ала отырып, қазақ халқының ерлік істерін дәріптеуге, әскери қызметін мүлтіксіз атқаруы, соғысу теориясын терең меңгеруі, сауаттылық деңгейі мені сүйсіндірді. Бұл қазақ жастарын патриоттық рухта тәрбиелеуге үлесін қосып жүрген жас сарбаздар  үшін зор мәртебе. Елін, жерін сүйетін ұрпақ есінде батырдың ерлігін өскелең ұрпақ естерінде мәңгі сақтап, отаншыл, рухты азамат болып қалыптасарына сенімім мол. Біз батырларымыздың алдында бас иеміз. Оларды ұлықтау арқылы тарихымызды әлемге танытамыз. «Ел ерімен еңселі», «елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай жан жүрегінде сақтайды. Біз Қайыргелді атамыздың ерлігін саралап, ерлік мол мұрасын кейінгі ұрпаққа аманат ету және Отан тарихынан Қайырболат Сайынұлы Майданов сынды қазақтың қайсар ұлдары өз орнын алса екен деген тілегім бар.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1 Батыс Қазақстан энцеклопедиясы   / Бас ред. Ғ.Әнес. - Алматы : Арыс, 2002. – 592б.

2 https://tvzvezda.ru/news/forces/content/201609041117-avl6.htm  16:15  26.04.2017

3 Құттымұратұлы Қ. Жоғалған батыр /Айна №7(53), 2010 жыл. - 15бет.

4 Есембаев Ғ. Майдановтың майданы / Егемен Қазақстан №36 2016 жыл. 24 ақпан. - 10бет.

5 Құрмашұлы Ғ.«Қазақтың Қайыргелдісі» // Нұр Астана №40  16.02.2012. -3бет.

6 Алпартегі Ж Кеңес Одағының соңғы батыры немесе «Аспан королі» атанған қазақ /Айқын №42 (1466) 11.03.2010. - 28 б.

 



Бөлісу: