Бір себептермен болса да өтірік айтып, оның ашылып қалған тұстары болды ма?
Ммм... Осы эстафета басталғалы ойланып жүрдім. Тіпті, анашымнан да сұрап көрдім. "Қайдан білейін",-дейді. Өтірік айтып, оның ашылып қалған тұсы есімде жоқ. Есіме түсіре алмадым. Менің өтіріктерім... Көп жағдайда жігіттер қауымына айтылады. Әсіресе, жиі мазалап, артымнан қалмай қойған кезде өтірік айтып "құтыламын". Жалғыз мен емес, қыздардың көбінің басында бар жағдай деп ойлаймын. Қолым бос емес, басым бос емес, отбасым бар, балаларым бар деген сияқты. Кейде ағаларымның балаларын қыдыртып жүргенде сұрағандарға "өз балам" деп өтірік айта саламын.
Қатты ұялып, жаныңызды қоярға жер таппай қысылған кез басыңыздан өтті ме?
Негізі, өтірікті айтпауға тырысамын. Әкем "басыңды кесіп алса да, шындықты айт" деп тәрбиелеген. Сондықтан ғой, "не жазаммен" сонша күн созбақтап жүріп қалғаным. Тіпті не жазарымды да білмей отырғаным. Әлде, өтірік бірдеңе жазайын ба?
Есіме түсіп жатса, алдағы уақытта жазатын боламын. Ренжімеңіздер.
Кішігірім болса да ұрлық жасап көрдіңіз бе?
Ия. Қазір де жасаймын. Қандай ұрлық дейсіз бе? Гүл ұрлаймын. Бөлме гүлдерін. "Ұрланған гүл жақсы өседі" дейді ғой. Барған жерімнен әдемі, өзімде жоқ гүл көрсем, кішкентай өскінін ұрлап кетем. Сосын кітап ұрлайтын әдетім бар. Ұрлағанда тығып ұрламайсың ғой. Алып, ашып көремін де, ұнаса, алып кете берем. Көрсе, көреді. Көрмесе, өзінен көрсін, байқамаған, ия?