Өтпелі кезеңдегі жасөспірім үшін ата-ананың рөлі

 

  Жасөспірімдік кезең бала үшін ең бір қиын кезеңдердің бірі. Себебі жасөспірім бұл кезеңде мен кіммін деген сұрақтар қойып, өзінің ішкі қарым-қатынасын қалыптастыруға, басқа адамдарға деген қарым-қатынасқа, және де моральдық құндылықтарға жетуге ұмтылады. Өзін толық жетілген,ақыл ойы толысқан тұлға ретінде сезінгісі келеді. Сол үшін бойындағы кейбір қасиеттерін өзгертіп, жаңа мінез, іс-әрекеттер қалыптастыруы мүмкін. Міне, осындай өтпелі кезеңдегі жасөспірімге ата-анадан міндетті түрде қолдау керек.Ал сіз оған қалай көмектесе аласыз? Осы тақырып бойынша Алматы қаласы ,№191 мектептің 8-9 сынып оқушыларына сауалнама жүргізген болатынбыз. Соның нәтижесі бойынша өтпелі кезеңде ата –ана тарапынан балаға қандай қолдау керек,ең маңыздыларымен бөлісе кетейік.

 

  1.Балаңызға мамандық таңдауға көмектесіңіз. Мамандық таңдау – жасөспірім қабылдайтын ең маңызды шешімдердің бірі. Қуанышы да, ауырпалығы да мол үлкен өмірге енді аяқ басқалы тұрған жас жеткіншектің алдында көптеген мамандықтың, оқу орнының ішінен өзіңе лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Сіз оған көмектесіңіз. Балаңыздың бойындағы қасиеттері мен жеке пікірін есепке ала отырып оның мамандық таңдауына септігіңізді тигіңіз.

  2.Комплекс тумауын қадағалаңыз. Әрине,кемшіліксіз адам болмайды. Алайда жасөспірімдік кезеңде қыз баланың да, ер баланың да өзіне деген көңіл толмауы заңды құбылыс.  Сіз қызыңызға «толып кетіпсің», «бетіңді құртып алыпсың»  деген комплиментті айтудан аулақ болыңыз. Себебі өтпелі кезеңде жасөспірімде горманалдық өзгерістер белең алады. Осындай сәтте балаңызға «сен сүйкімдісің», «менің қызым- ең сұлу қыз» деген сынды жақсы комплименттер айтыңыз. Ата-анасынан жылы сөз естіген бала комплекстен аулақ болады, өз-өзін  жақсы жағынан қалыптастыруына да жеңіл болады.

  3.Балаңызды тыңдап көріңіз. Біздің менталитетте ата-ана өз дегенін ғана дұрыс деп, баласының пікіріне мүлдем құлақ аспай жатады. Алайда бұл енді ғана қоғамға бейімделіп келе жатқан жасөспірім үшін қатты соққы болады. Оның да арманы мен өзіндік өмірге деген көзқарасы бар екенін ұмытпаңыз. Оның ойын білгеннен соң ғана ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп,өз көргеніңізден бірнеше ақыл айтыңыз.

  4.Қолдау көрсетіңіз. Өтпелі кезеңде  гормондық және физиологиялық өзгерістердің салдарынан баланың мінез-құлқы да өзгереді. Оның белгілері- қызбалық пен ашушаңдық, мазасыздық, жұмысқа қабілетінің төмендеуі, тілазарлық, дөрекілік, жанжалшылдық, ересектерге себепсіз қарсы шығу, өз құқығын қорғай отырып, өмірінің көптеген тұстарын ата-аналардың бақылауынан тыс ұстауы және олармен жиі жанжалдасуы, эмоционалдық тұрақсыздық көңіл-күйдің күрт ауытқуына әкеліп соғуы немесе қарама- қайшы реакциялар көрсетуі мүмкін. Мұндай іс әрекетін байқасаңыз бірден оған тарпа бас салмай,жай ғана үшінші ережені қолданыңыз. Бұл кезеңдегі балалар ақыл тыңдағанды ұнатпайды,себебі өздерін ақылды санайды.

Балаңыздың жарқын болашағына сіз тікелей әсер ететініңізді ұмытпаңыз!



Бөлісу: