Ұстаздардың тамыз кеңесі өтетін күн жақындаған сайын тұла бойымда қорқыныш пен жасқаншақтық деген жаман әдет пайда болғанда өзіме сауал қойып, «Неге қорқасың, жұрттың алдында ант беретін жалғыз сен бе? Өзіңдей бірнеше жастар болады емес пе! Қарашы әне, Ғазизды керісінше ол іштей қуанып, ұстаздар конференциясының тезірек болуын армандап, мектепке жолдама алып, сабақ беруді тағатсыздана күтіп жүр. Ал, сен болсаң оқытушы болмай жатып, көпшіліктің алдына шығуға әлден ат-тоныңды ала қашқың келеді. Егер бойыңды билеген батылсыздық пен жалтақтықтан арылмасаң жақсы ұстаз болам деп ойлама», - деген ойлардың тереңіне батып, өзімді жігерлендіріп қойдым. Сөйтіп, қолыма халыққа білім беру бөлімінің бізге жауапты әдіскері сала құлаш жазып берген антты жаттауға кірісіп кеттім.
Артынып-тартынып күткен мұғалімдер жиыны көп өтпей жетіп келді. Ауданның сонау алыс нүктелерінен келіп жатқан мұғалімдердің жүздері балбұл жайнап, бір-бірімен ұзақ жыл бойы көріспеген адамдардай құшақ жая амандасып, жағдай сұрасады. Артқы тұста отырған жас шамасы 40-тан асқан әйел: «9 сыныпты бітірген 22 оқушыдан 6-уы колледжге бармайтын болып қалыпты. Ата-аналары келісімдерін берген еді, неге олай еткендерін түсінбеймін. Орта арнаулы оқу орнында оқыса өз балаларының келешегі ғой, белгілі бір мамандық алып шығады. Балаларын колледжде оқытуды мектебіміздің ұжымы да, ауыл жиынының төрағасы да айтқан болатын. Қазір осы мәселенің төңірегінде сөз есітіп, таяқ жемесем болғаны ғой»,- деді жанында отырған нәзік жандыларға.
-Иә,- деді қасындағы отырған біреу оның сөзін жалғап. – Байғұс аналар балаларын жанынан жібергісі келмейді. Оның үстіне ол жақта «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ деп түсінетін олар ұл мен қызының қандай адам болып келетініне, қандай мамандық алып шығатынына күмәнданады. –Олай ойлайтын болса дұрыс емес,- деді тағы біреу. -Неге күмәндансын? Мұғалімдерге сеніп тапсырылған оқушыларға ие бола алмайды дегенге сенбеймін. Колледжде шебер, куратор деген болады. Олар уысына мықтап ұстаса, қатаң бақылауға алса... меніңше ешқандай қорқатын түгі жоқ.
Өз оқушыларының келешегіне алаңдаған ұстаздарды мектеп басшылары екен ғой деп топшыладым да, іштей мен де ұзақ ойға берілдім. Расында да, жаңадан салынып, барлық жағдай қарастырылған, тіпті жатақханасы да бар, бір мезгіл тегін тамақ та берілетін колледжде ел болашағы-жас жеткіншектердің дұрыс білім алмауы, мамандықты игере алмауы мүмкін емес деген тұжырым жасадым. Иә, ауданымызда бұрын мұндай көп қабатты ғимарат болмаған. Тәуелсіздік алғалы республикамыздың шалғайдағы елді мекендеріне Елбасының назары түсіп, қызылқұмның баурайындағы біздің ауданға керемет колледж тұрғызып бергеніне шүкір етуіміз керек,- дедім.
Осылай ойға беріліп отырғанымда аудан әкімі, халыққа білім беру бөлімінің басшысы кіріп келді. Жұрт орнынан өре түрегеліп, қайта отырды. Аудан басшысының сұсты кісі екені аңғарылып тұр. Екі иығына екі кісі мінгендей, жанарымен тіктеп қарағанда көзі өңменіңді тесіп жіберетіндей. Ол жанындағы бас ұстазға «баста» дегендей ишара жасады. Құлмағанбетов президиумнан тұрегелді де, мойнына қылғына тағылған галстугының түйінін сәл төмен түсіріңкіреп, трибунаға беттеді. Ең маңыздысы, ол жасаған баяндамасында мектептер мен балабақшалардағы орын алған жетістіктерді жіпке тізгендей, бірінен соң бірін тізе берді. Кемінде жарты сағатқа жуық тынбай сөйледі. Бір кезде аудан басшысының «Тоқтат жолдас, Құлмағанбетов» деген зілді дауысынан селк ете қалдым. Оның да қолында баяндаманың екінші нұсқасы болуы керек. «Сенің мына ақпаратыңнан мектептер мен балабақшаларда ешқандай кемшілік жоқ сияқты. Барлығы дерлік оқу жылын табысты аяқтап, жаңа оқу жылына дайын тұрғандай»- деді.- Жоқ, Кәке, жетістігіміз де, кемшілігіміз де, бар,- деді білім басшысы жаңа ғана қуанышты көңіл-күйде тұрған сары түсті жүзі қып-қызыл реңге айналып. «Бар болса неге соны да айтпайсың»,- деді қабағын түйіп. Маңдайындағы шып-шып еткен бүрге тамшы терін қалтасындағы орамалымен сүртіп алған бас ұстаз алдындағы жатқан қағазадарды бір-екі рет аударып, қайта оқи бастады. Екі-үш минут өтпей-ақ, әкім мырза тағы да тоқтатып қойып, сұрақ берді. -Маған айтшы қане,- деді бейне бір дұрыс жауап бермесе салып келіп қалатындай тастай жұдырығын түйіп алған ол. - Аудан бюджетінен облыстық олимпиадаға, конкурстарға баратын балаларға қаражат бөлуді сұрағанды білесің, ал олардың берген білімді ақтай алып жатқанын білмейсің. Мынаған жауап берші,- деді қайтадан ол жуан дауысын көтеріңкіреп. «Колледжге балалар толық тартылып жатыр ма? Спорттық сайыстардан қайсы мектебің жүлде алып, тақиясын аспанға атып келді? Облыстың бізге жіберген қорытындысын, жүргізген талдауларымен таныстың ба?» - деп таныспасаң міне, танысып қой дегендей, қолындағы бір жапырақ қағазды жоғары көтерді. Қайтадан сөзін жалғастырып: «Ең соңындамыз жолдас, Құлмағанбетов. Қашан біз жақсы көрсеткішке ерісеміз? Ал, сен «жетістіктеріміз мол» деп мақтанасың»,- деді оған тесіле қарап.
Жас ұрпақтың бірі анасы, бірі әкесі саналған мұғалімдер мен мектеп басшыларына қатты сын айтқан аудан басшысы білім саласындағы кемшіліктерді ащы да өткір тілмен атап көрсетті. Осы кезде көз алдыма күллі ұстаздар құдды балалары тентектік жасап, оның зардабын заң алдында тартып жатқан ата-аналар сияқты да, ал қатаң үнді әкім оларды жазалап жатқан судья тәрізді болып көрінді. «Бұдан қорытынды шығарыңыздар»,- деген аудан басшысы сәлден кейін өз қолымен бірнеше ұстаздарға алғыс хат табыс етті. Осы сәтте санамнан «Жоқ, мұғалімдердің барлығында кемшілік бар емес, табысқа жеткен білікті және іскерлері де бар екен» деген ой қылаң бергенде, «мен де осылардай болсам ғой» деп іштей асқақ арманның жетегіне еріп кете бердім.
Мұнан соң кезек бізге де келіп, бүкіл ұстаздардың алдында ант қабылдадық. «Өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы тәлім-тәрбие беруде қоғам, мемлекет алдында өзімізге жүктелген жауапкершілік міндетті дұрыс атқаруға және дұрыс шешім қабылдай алуға, сондай-ақ, жұмысқа уақытылы келуге ант етеміз, ант етеміз!»,-деп хормен айтқанымызда бүкіл мұғалімдер ду қол соғып, қошемет көрсетті. Жиын аяқталып, аудан басшысы шығып кеткен соң Құлмағанбетов сүйекке бататын найзадай тілімен мұғалімдерді түйреп, жерден алып, жерге салды. Осы кезде ойыма институттағы ұстазымның «Білесіңдер ме әлемдегі қай елде мұғалімдердің құрметі күшті?» деп студенттерге сауал тастап, өз сауалына өзі жауап бергені орала кетті. Ұстазымыздың айтуынша, Қытай Халық Республикасында мұғалімдердің мәртебесі әрқашан жоғары, абыройы биік. Тіпті көшеде де ұстаздың алдын ешбір адам кесіп өтпейтін көрінеді. Оқушы ұстазын абайсызда ренжітіп алса, ата-анасы мұғалімге бас иіп, кешірім сұрайды екен. Ал, бізде ше? Бізде мұғалімдердің «арқалағаны алтын, жегені жантақ».
Осылай терең ойдың үстінде отырғанымда білім бөлімі басшысы жемтігіне ұмтылған қырандай бізге де шүйліге түсті. «Сендер жас емессіңдер ме, серт қабылдағанда неге дауыстарың қаттыр-ақ шықпайды? Жанартау тәрізді атқылап тұруларың керек қой»,- деп әлсіз шыққан үнімізді сынға алды. - Жолдастар, - деді демін ішіне бір тартып алып әңгімесін қайта жалғастырған бас ұстаз- «Мұғалім- зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты», деген еді Ушинский. Неге сіздер сол құдіретті сәуле сынды жарқырап, халық балаларын нұрландырмайсыздар? Ақыл-парасаттың биік, тәлім-тәрбиенің терең, сана-сезімнің мөлдір болғаны абзал. Бүгінгі ұрпаққа ертең мектеп бітіргенде «ұстазың кім» деген сауал қойма ма? Сондықтан дұрыс шешім қабылдап, жаңа оқу жылында табысқа жетулеріңізге тілектеспін,- деп аяқтады сөзін.
Жиналыстан шыққан мұғалімдердің бірі «Бастығымыз даналық сөзді зор айтады екен, ә»,- деді ыржалақтап. Екінші беруі «Ол кісі шешен ғой»,- деді оны қостап. Тағы біреуі «Так, жолдастар, не істейміз енді»,- деп үстіндегі костюмын, мойнындағы галстугын шешті. «Анда тұрған дүкенге кіре салайық»,- деп барлығы шу ете қалды. «Онда мына жастарды да ерте жүрейік»,- деді араларындағы арық, мұртты кісі. Сонымен, бізді де қоярда қоймай дүкенге алып кірді. Таныстық, білістіктен соң сыра құйылған бірнеше бөтелкенің тығыны ашылып, босап қала берді. Бізге де қайта-қайта ұсынғанмен, бас тартып отыра бердік. Бірнеше сағат бұрын дүкенге түп-түзу кірген атпалдай азаматтар қисалаңдап шыға келді. Олардың қасында әрі қарай жүре берсем береке таппайтынымды біліп, «Ауыл айнасы» газетінің редакциясына тарттым.
Редактордың есігін жай қағып, ішке ендім. «Ә, келдің бе бала»,- деді бет бедері қоладан құйғандай, шымыр да ірі денелі Алтынбеков ағай. Аман-саулықтан соң «Тамыз кеңесі қалай болды?»,- деді үлкен көзәйнегінің үстінен қарап. Жиынның қалай өткенін әңгімелеп бергеннен соң «қане, енді бізге қандай материал әкелдің»,- деді қолын созып. Жидемнің төсқалтасында бүктеліп жатқан бірнеше өлеңдерім мен мақаламды қолына ұстаттым. «Жақсы онда, оқып шығам»,- деді де, көрші тұрған жауапты хатшының кабинетін нұсқап, «сонда кіре кет»,- деді. Есігі былғарымен қапталған жауапты хатшы Балғабек ағаның бөлмесін ашқанымда оның жанында отырған тілші, зор денелі Махамбет ағай телефонның тұтқасын ұстап, қарқылдап күліп отыр екен. Тегінде біреумен сөйлесіп жатқан болуы керек, «Ертең ет астырып қоймасаң, «критикалаймын», өзің білесің ғой»,- деп қалжыңдасып жатты. Көп тыңдап, аз сөйлейтін жауапты хатшы ағамыз қолымнан алып, «Оқуыңды бітіруіңмен» деп қапсыра құшақтады.
Аудандық, республикалық газет бетінде ірі мақалалары жарияланып жүрген қос ағамның алдында өзімді бесіктен белі енді ғана шыққан сәбидей сезіндім.Үстел үстін бір шолып өткенімде есімі көпке таныс, ауданымыздың алыс аймағындағы мектептердің бірінде қызмет ететін Жомарт Ыстыбаевтың редакцияның баспасынан шыққан өлеңдер жинағына көзім түсті. Соны сезгендей Балғабек аға «Әлі сиясы кеппеген мына өлеңдер жинағын оқи отыр, баспадан жақында шықты»- деді. Ал, Махамбет аға жайлап терезенің алдына барды да, тысқа қарап: «Неткен қараусыздық, бақылаусыздық»-, деді әлденеге көңілі толмағандай. «Мына стадиондағы судың құр далаға ағып жатқанын қарашы. Егер диханшылықты білетін біреу болса, мына есіл суды былай далаға жіберіп қоймас еді, алаңды әлдеқашан гүлдендіріп, көк майсаға орап тастар еді»,- деді бізге мойын бұрып.
Сәлден соң маған қарап: «Қайсар, сен осы жайлы мақала жазып, жоғарыдағылардың назарына бір ілікпейсің бе, саған берер кеңесім осы. Сосын өткендегі мақалаңды оқыдым, тәуір жазыпсың. Осы қарқыныңды жоғалтпай, болашақта мақала ғана емес, әдеби жанрларға қалам тербеуді межелесең жаман болмайсың. Әңгімелер, новелалар, очерктер жазуға талаптан. Сен түбінде мұғалім емес, журналист болатыныңнан үмітім бар»,- деді. Бұл сөз жаныма майдай жақса да, өзімді бұл ортада газеттің тілшісі етіп елестете алмадым. Өйткені, әлі де көп іздену, үйрену қажет деген ой мазалады.
Тысқа шыққанымда тамыздың жылы лебі бетімді өбіп өтті. Махамбет ағамның «Сен түбінде мұғалім емес, журналист болатыныңнан үмітім бар» деген сөзі санамнан кетпей қойды. «Махамбет ағам-ай»,- дедім іштей тербеліп. «Сіз сенім артқан менен келешекте жақсы журналист шығар ма екен»,- дедім тағы да өзімнен-өзім күбірлеп. «Иә, мал шаруашылығы, ауыл өмірі, адамдардың рухани бейнесін көрсетуде журналистика саласында қалың оқырманның назарын аудара білген мына сіздердей ағаларымның ізін баса алар ма екем, келешекте үлкен жауапкершілікті талап ететін тілшілік қызметтің ауыр жүгін арқалап, қараша халықтың мүддесін қорғай алар ма екем, жазған дүниелерімді оқырман сүйсініп оқи алар ма екен» деген сияқты қадау-қадау, ұшы-қиыры жоқ ойлардың тереңіне сүңгіп, тәтті болашақтың құшағына еніп, менмұндалаған білім ошағына қарай бет алдым.
Аманкелді Тұржанов