Соңғы кездері жиі түс көріп жүрмін. Өткен күндерде болған жағдайлар бұл күн сабақтасып жатыр. Өткен күндерімдегі кейіпкерлер бұл күнде менімен жақындасып, дидарласып жатады.
Кеше түсімде оны көрдім. Әп-әдемі қыз еді. Қатарының алды болғанды жаны сүйеді. "Мен де мен" дегені басым. Күні кеше менің бәйгеде озып шауып, алдыға кеткенімді көре алмай, іштей қылқынып қалды. Оның өзгенің қуаныш пен қайғысына ортақтаса алмайтын жан екенін менің жолымды жабуға талпынғанда түсіндім. Өзгелерді де маған қарсы шығарды. Әлбетте, тасада жалғыз қалған мен де оған қарсы от атуыма болар еді. Бірақ, мен өзімнің адами қасиетімді сақтап қалуға тырыстым. Онымен сөз таластырмадым да. Ақылға салып, сабырға келіп одан және оның "достарынан" өзімді аулақ ұстадым. "Құдай бар болса, барлығы оңалар" деп өзімді жұбаттым. Мұны ол жеңіс деп түсінген шығар, сірә. Алайда, оның қуанышы көпке ұзамады. Көп ұзамай шынайы бетпердесі ашылды. Маған қарсы қойған "достары" сөзге келместен оның өзіне қарсы тұрды. Сол кезде құдайдың бар екеніне тағы бір мәрте куә болдым. "Мен осындай едім, мен мынадай едім" дегенде алдына жан салмайтын еді. Кешегі түсімде екеуміз қатар келеміз. Мен алдыға қарай шықсам, менің соңымнан еріп, қатар жүруге ұмтылады. Бір кезде жап-жаман қоңыр машинаға отырады. Сол кезде мен оған артынан: "Тәубеңе кел!" деп айқайлап жатып, оянып кеттім. Бүгінде мен онымен мүлдем араласпаймын. Маған ондай дос түгілі таныстың еш қажеті жоқ. Өзгенің жол торабын түйреп, іштарлығын білдіретін оған тек амандық пен тәубеге келуін тілеуден басқа айтарым жоқ.
Өзінің өмірлік сәтсіздіктеріне өзгені кінәлайтын бір жан бар. Онымен бүгінде сәлемім түзу. Басқа оған менің бұрынғыдай еш мейірімім, еш қамқорлығым жоқ. Мен ғана емес, оған жанымдағы ақкөңіл бір жан да көмектесіп, демеп, рухтандырып жатты. Өкінішке орай, ол менің де, жанымдағы абзал жанның да пейілін ұқпады. Өзінің кінәсімен ар-ұяты төгілгенде мына жақтағы екеумізді кінәлады. Кейін байқадым, ол тек бізге емес, бұл қылығын өзгелерге де көрсеткен екен. Өзі сүттен ақ, судан таза. Ал басқалар жаман, имансыз, ұсқынсыз. Мен осындай адамдарды ұқпаймын. Әр ісіңді өз мойныңа ал, ешқашан да өзгеге итерме. Өзің жауапты бол. Әлі жас қой деген үмітпен оның келешекте қайтадан қате жібермейтіне сенемін.
"Әр қабақ болады екен бір сабақ" деп өзімше жаңа мәтел шығарып алдым. Өткенге көз жүгіртсем, небір қызықтар мен шыжықтар өтті. Азды-көпті көрдім, түсіндім, ұғындым. Алдымдағы аға-әпкелеріммен сырластым. Олардың өмірлік тәжірибесінен сабақ алдым. Бұл "болдым, толдым" деген емес, бірақ аз да болса да менің бұл өмірден білген-түйгенім бар. Кезінде тату болғандардың кейбіреуімен бүгінде аразбын. Бірақ, оған еш өкінішім жоқ. Қайта оларға мың да бір рахмет! Сендер болмасаңдар мен дәл бүгінгідей бақытты болар ма едім?! Сендер болмасаңдар, мен дәл бүгінгі жетістіктеріммен мақтанатын ба едім?! Аман болыңдар, әйтеуір. Тек тәубелеріңе келіп, жоғары жақта бір жаратқанның бар екенін естен шығармаңдар. Солай ))))))