Өткен жылға өкпем көп (Эстафета)
блог
Тағы бір эстафета басталған екен. Назерке Сұмағұлдан бастау алып, Әсел Асанова арқылы маған жетті. Бұндайды көрмеген мен қасқа алғашқыда абдырап қалдым. Шынымды айтсам кесексөз дегенді көп ұната бермеуші едім. Түріме қарамай бірде тақырыбын ұнатпаймын, бірде жазбасын жақтырмаймын. Сыртынан қарап отырса бәрі сыншы боп шыға келеді екен. Мүмкін іштей араласып, қызықтап көрмегесін шығар...
Алғашқыда «Ойбай, мен келдім. Енді қырам-жоям» деген мәнде блог жазып, алты әлемге жар салып едім. Ауыз айта береді екен. Блог дегенің бос сөз, былжыр әңгіме емес екенін түсіндім. Сол нәрсені басқаларда ұқса екен деймін. Әйтпесе күн сайын көсемсіп көлбеңдей беруге болатын еді. Бірақ сөз құнын арзандатып, ой салмағын түсіру сізге де, бізге де абырой әпермесі анық. Бұл пікірімді массагетте блогты жиі жазатындар көңілге алып, өкпе артады деп ойламаймын. Кімнің не жазып жүргені көз алдымызда. Біз әр бір жазылған блогтан жылт еткен жақсылық іздеп отырамыз.
Әсел де эстафета таяқшасын ұсынған кезде мені «көп блог жазбайтын» деп баса айтып өтіпті. Мен негізі ішкі ойымды жария қылудан қорқамын... Бұны - эгоизм дейсіз бе, қорқақтық, не сенімсіздік дейсіз бе өз еркіңіз. Мен тек нәзік ойларым жараланбаса, «бұзық» ойларым бүлінбесе екен деймін... Біріне бірі қайшы ойларымды өзім де түсінбей қоямын. Блогты бастарын бастап алып неге жазбай қойғанымды айтып көп ақталып кеттім бе? Осы жерден тоқтай салдым.
Сонымен тақырып бойынша 2013 жылға қортынды жасау қажет. Біз өзімізге есеп беруді ұмытып кетеміз. Абайдың өзі есті адам күн сайын, апта сайын өзіне есеп беріп, істеген ісін бағалап, естіген сөзіне мән беруі қажеттігін айтады. Мен де өз мүмкіндігімше осы жылыма барлау жасап көрейін. Негізгі форманы аздап бұздым. Оған өкпе болмас. Ойыңды қысқартып жазу деген қиын екен. Негізгі дегендерін, еске түскендерін жаздым.
1. Жыл жаңалығы: Жазда үш жерде жұмыс жасап, бір күнде екі жерден шығып кетіп, соңында Мassaget.kz сайтына қызметке орналастым.
2. Жыл жетістігі: Журналистика саласында қалам тербеуге машықтандым. Өзімді журналист ретінде сезініп көрдім. Жетістік емес пе иә? Ә сосын мені бірінші курстың қыздары «аға» дей бастады. Бұл енді үлкен жетістік!))
3. Жыл сыйлығы: Есте қалардай сыйлық алып көрмедім.
4. Жыл әсері: Есенқұл Жақыпбек дүние салғанда халықтың ақынға деген махаббатын көріп әсерлендім. Соңғы сапарға шығарып салардағы «алдай-ау, алдай, алдай-ау» әні әлі көкірегімде сайрап тұр. Айтпақшы сол кезде тұңғыш рет Тыныштықбек Әбдікәкімовты көзіммен көрдім...
5. Жылдың үздік кітабы: Құрманғазы Қараманұлы «Ай куә».
6. Жылдың үздік киносы: «Біржан сал», «Великий Гэтсби», бірнеше осы заманғы үнді фильмдері.
7. Жылдың үздік әні: Табылды Сағидоллаев «Жан сырым», Алла Пугачева (Кинофильм "Ирония Судьбы, Или С Лёгким Паром") – «Мне нравится».
8. Жылдың үздік әртісі: білмеймін.
9. Сәтсіздік: Осы жазда Оралда... Мен ол қызды баяғыда ұмыту керек едім...
10. Жыл оқиғасы: Ерлан Жүністің «Хауас» кітабының тұсауын кесу «бақыты» бұйырғанына шын қуандым.
11. Өкініш: Биыл да жаңа өлең жаза алмадым. Жүрегім қазір ештеңеге селт етпейді. Осыншы тасжүрек болып бара жатқаныма өзім таңмын, қорқамын. Өлең менен, мен өлеңнен алыстап барамыз. Мүмкін бәрі cол қыздың менен алыстап кеткенінен шығар...
12. Өзгеріс: Жатақханада бір жыл бойы көйлегімізді көк, тамағымызды тоқ еткен бес қыз болды. Олар төртінші курсты бітіріп, бірінен соң бірі тұрмысқа шығып кетті. Қазір жатақта қарным ашқанда сол қыздарды ойлаймын.)) Әзіл ғой. Сол бес қыздың аялы алақаны, жылы көзқарасын сағынып кетемін кейде...
13. Танысу: Биыл жылдағыдай достарымның, таныстарымның санын біраз адамға жаңарттым. Бұл да біраз әңгіме болады-ау.
14. Жыл блогері: Егер біреуді атай салсам әділетсіздік болады. Мен үздік блогер ретінде жақсы жазбаларымен көзге түсіп жүрген Мақпал Сембайды (Мамытбай) ұсынамын.
15. Жылдың үздік сайты: өзіміздің сайт қой сол)
Эстафета таяқшасын Ақбота Мұсабекқызына ұсынамын.