Өткен жылға өкпем жоқ
блог
Барша массагеттік достар, қалайсыздар? Тәуелсіздік күнін тойлап, енді жаңа жылға қандай дайындықтарыңыз бар? Бүгін өздеріңізбен 2015 – қой жылы жайлы сөз қозғағым келіп отыр. Өткен жылға өкпе жоқ деп, жаңа жылдың табалдырығын аттағалы отырғандықтан, өткенді бір парақтап, өткен жылға есеп беріп кеткеніміз де жөн. Не десек те қой жылы қуанышын алып келіп, қайғысын да көрсетті. Нардай ұлы тұлғалардан айырылып бір қайғырсақ, елдің жағдайына бір уайымдадық. Алайда әр істің бір қайыры бар деп, жақсылықтан үміт үзбеген қазақпыз ғой...
Сіздерге айтайын деген сөзіме оралсам, жалпы өздеріңізге бір ғана сұрақ қойып, ой бөліскем келген. Бұл жылдың өз басым үшін жамандығынан жақсы ісі көп, жеке өміріме үлкен өзгерістерді енгізген құт жыл деп айтар едім. Ал сіздер үшін 2015 несімен ерекшеленді? Өміріңізде қандай өзгерістер орын алды? Өткен жылға өкпеңіз бар ма?
Әрбір келген жаңа жылдың өзінің дайындап отырған қуанышы, бақыты, сыйы болады. Ескі жылдағы өкпе-назымызды, өкініш-мұңымызды, бастан өткен қиындықтардың бәрін артта қалдырып, Жаңа жыл табалдырығын махаббатпен, жақсы үмітпен аттайық! Алда тек қуаныш пен бақыт күтіп тұр деп сенейік! Келе жатқан мешін жыл баршаңыздың отбасыларыңызға тыныштық, бақ-береке, қуаныш-шаттық алып келсін! Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын!