Жыл сайын эстафета ретінде жүретін ба еді? Өткен жылғы «2012 жылға есеп» деген біздің Каспий Меруертінің есебін оқып едім. Биыл Назерке Смағұл бастапты. Көп кезексөздер тие бермей, күтіп жүргенде бітіп қалатын еді. Бұл жолы маған кезек келсе қалай жауап берер екем деп іштей жауаптарымды дайындап отырсам, ең соңындағы өз есім-тегімді көргенде «и мәәә» дедім ғо
Жыл цитатасы: «Әр істің бір қайыры болады».
Жылдың ең үздік танысуы: Жуық арада ерекше бір танысу болды, үздік болмаса да бұрын соңды болмаған танысу. Әзірге құпия бола тұрсын, реті келсе жазармын, мүмкін)
Жылдың үздік тағамы: Алма. Жұрт тамақтан кейін темекі іздесе, мен алма жемесем тұра алмайтын болдым.
Жылдың үздік сусыны: Айран, жазда шұбат.
Ең керемет күн: Өздеріңіз білетін тосын сыйларға толы болған туған күнім. 14 қараша.
Үздік кеш: Массагеттіктермен кездесу
Жылдың үздік сайты: massaget.kz. Басқа сайттарға кіруді де қойып, достар арасында «МАССАГЕТ» деген лақап ат та алып алдық))
Осы жылда ашылған қызығушылық: Блог жазу. Өткен жылдары жазғандарымның барлығын күнделігіме тығып қоятынмын. Қазір күнделігіме тіпті жазғым келмейтін болыпты. Маған ренжіп жүрген шығар.
Орындалған арман: Құдайға шүкір, ойға алған істерімнің барлығы жүзеге асуда. Арман деп айтуға келе ма, келмей ма білмеймін, жазда ата-анам жеке өзіме азық-түлік дүкенін ашып берді.
Жылдың ең үздік мекені: Алматыда болғаннан кейін, сағынып-аңсап, барған кезде өз үйімнен асқан жұмақ мекен жоқ.
Рухани өзіндік жаңалық: Корректорлық қызметпен (мәтінді түзету) айналысып көрдім. Бұйырса жақында шығармалар жинағымыз жарық көреді.
Үздік әнші: «Қоңыр» тобы, Табылды Досымов, Айгүл Орынбаева.
Үздік ән: «Өзіңді аңсау» («Жаным-ау менің, жағама таққан тұмарсың»), "МАССАГЕЕЕТ, МАССАГЕТ, батыр ғұн, қас сақ ееек", «Адай» күйі.
Үздік фильм: «Бауыржан Момышұлы». Әлі шықпаса да үздік болатынына сенемін.
Үздік сериал: Сериал түгілі көп теледидар қарамаймын. Менің әр маусымын күтіп көретін сериалым «Жайдарман»
Үздік әртіс: Еркебұлан Дайыров, Әсел Сағатова
Үздік кітап: «Ақиқат пен аңыз» Әзілхан Нұршайықов
Жыл әсері: Екінші семестрге әжемнің жылап тұрып шығарып салғаны. Сосын бірінші семестрде бір рет те жыламап едім, ауылға барып келгесін көп жыладым. Әжем сол кезде сезді ма екен, неге жылады екен, әлі жұмбақ.
Ең керемет адам: Ата-АНАм. Сіңілім Кәмшат. Ең жақын достарым Есімова Гауһар және Бағытов Қуандық. Екі інім Бекзат пен Бекарыс. Сосын МАССАГЕТТіктееер, Есен Елеукен. Осылардың барлығы мен үшін ең ең ең керемет адамдар, қысқасы мені жақсы көретін адамның бәрі керемет мен үшін)))
Жыл сыйлығы: Туған күнімде жасаған достарымның сыйлықтары.
Керемет жаңалық: Біздің әулетте төрт сәби дүниеге келді. Енді өзімнің отбасымда сондай жаңалық болса екен деп жүрмін.
Жыл өкініші: Қатты бір өкініш болуынан Құдай сақтасын. Өткенге өкінбеймін.
Жыл шытырманы: Достарымның (осында пәтер жалдайтын ауылдастарым) үйінде болсам күнде шытырман.
Жыл блогы, жыл блоггері: Белсенді, күлкілі, өте шынайы жазатын Айша Балтахаева. Ал үздік блог мені түн ішінде еңкілдеп, тоқтай алмайтындай жылатқан Мақпал Сембайдың «Барыңды барында бағала...» блогы.Жаңа жылда тың идеялар мен асқақ армандардың иесі болыңыздар!
Суреттер Гугл.кз-тен алынды
Кезексөзді көп блог жазбайтын Шерхан Талап жалғастырсын.