Мен өзім қазақ тілі маманы емеспін, бірақ ол – менің ана тілім. Сондықтан қазақ тіліне қатысты кейбір нәрселерді түсіну үшін мектепте алған білімім көбінесе жеткілікті болып жатады. Енді менің құлақ етімді жеп бара жатқан бір сөз бар. Ол – «отқан» деген сөз. Білуімше, ол - «отырған» деген есімшенің соңғы кездері ауызекі тілде қысқартылып айтылуы. Иә соңғы кездері, өйткені мен бұл сөзді не үйдегілерден, не мектепте, не кітаптан, не тағы басқа жерден бұрындары кездестірген / естіген емеспін. Алайда соңғы уақытта ауызекі тілде жиі естіп жүргенім аздай, оқыған, көзі ашық журналистердің де аузынан осы «отқан» деген сөзді ести бастадым. Сонда «отырған» деп айту сонша қиын ба, жоқ әлде бойға сіңіп қалған әдет пе?!
Менің ойымша еліміздің кейбір аймақтарында күнделікті тұрмыста «Біз шай ішіп отқанбыз.», «Балалар ойнап отқанда, мен кітап оқып отқам.», «Әжем көрпе тігіп отқанда...» деп «отырған» сөзін қысқартып айту қалыптасып кеткен шығар. Бірақ сөзді бұлай айту сол аймақта, сол тұрмыстық деңгейде қалу керек. Ал жалпы көпшілік, соның ішінде жастар бұл сөзді әдеби тілде, құлаққа эстетикалық тұрғыда жағымды естілетін дұрыс нұсқасында, яғни «отырған» деп қолданғаны жөн деп ойлаймын. Тіпті олай айту сонша қиын, қысқарту керек десеңіз, «мен» жіктік есімдігімен «отырғам» деп айту - анағұрлым ақылға қонымды, құлаққа жағымды.
Мына сөйлемдерді салыстырып көріңіз:
Олар қонақта отқанда / отырғанда, мен блог жазып отқам / отырғам (отырғанмын). Өздеріңіз көріп отқандай / отырғандай, бүгінгі көтеріп отқан / отырған тақырып қазақ тіліне қатысты.
Ал сіз «отқан» деп сөйлейсіз бе?
А) Иә, өзім де, айналамдағылар да үнемі «отқан» деп сөйлейміз. Біз үшін ол қалыпты жағдай.
Ә) Көпшіліктің ықпалымен кейде мен де «отқам» деп айтып қалам, бірақ көбінесе дұрыстап «отырған» деп сөйлеймін.
Б) Өзім мүлде «отқан» деп сөйлемеймін және солай сөйлегендерді ыңғайы келсе, түзетіп отырамын.
P.S. Жастарға, соның ішінде журналист болғым келеді дейтін жастарға айтар кеңесім, сұрар өтінішім – жап-жақсы сөзді бұрмаламаңыздар, сауатты жазып, сауатты сөйлеңіздер, «отқан» деген сөздің кең таралуына жол бермеңіздер.