Өтелмеген парыз
блог
Өткенде осындағы Гүлнәр деген қазақ әпкеміз қыздардың басын үйіне қосып бастаңғы жасаған болатын. Шақырылған қонақтың ішінде түрік абла бар. Жанына егде тартқан қарт әжейді де ерте келіпті. Әңгіме арасында білгенімдей, қарт әжені балалары тастап кеткен. Жалғыз өзі пәтер жалдап тұрады. Немере, шөберелері де бар. Бірақ, ешқайсысы ат ізін салмайды екен. Жасы сексеннен асса да әлі тың, бақуатты. Құдай қуат берсін. Жағдайын білген соң, қыздар болып бір күні үйіне барып тазалық жасап, азық-түлік апарып көмек беріп қайтайық деген болатынбыз.
Бүгін сол Гүлнәр әпкеміздің ұйытқы болуымен әжейдің үйіне барып, құрбан айт мерекесімен құттықтап, дастархан әзірлеп дәмді тағам дайындап, әжейдің көңілін аулап қайттық. Үйінде барғанда бір ер кісі жүр екен. Сұрағанымызда, ұлы екенін айтты. Бұгін әйелімен ренжісіп қалған соң, таңғы асын анасынан ішейін деп келіпті. Дайындап беретін өзінің балалары ше дегенімізде, балалары ұйықтап жатқан көрінеді.
Құдайдың көзі түзу болса, туған шешесіне қарайласпаған адам, ертең балаларынан қайыр күтеді деп ойламаймын. Біз апарған тағамнан баласына да бөлек салып беріп, нанның жұмсағын, шәйдің ыстығын беріп сонда да, байғұс ана елпелектеп баласына құрақ ұшып жүр. Ананың көңілі балада, баланың көңілі...