"Отбасылық өмір қалай екен?"
блог
Жаңа өмірге аяқ басқалы бір аптадан асты. Елеп, ескеріп, құттықтаған барша жанға көп рақмет! Кездескендердің көбі «Отбасылық өмір қалай екен?» деген сұрақтың астына алуда екенін жасырмаймын. Бірақ бұл да әзірге жауабы жоқ сұрақтардың қатарында ма деймін. Өйткені, отбасылық өмір деген бір ғылым іспеттес қой. Жалпы өмірде әйел мен еркек байланысы жайлы түрлі ғылыми жұмыстар, кітаптар, мақалдар, әзілдер, тренингтер, араларын түзеп беретін психологтар да көп. Бұның бәрі бекер емес деп ойлаймын.
Әрбір қыз өзінің ақылдылығы мен парасаттылығына сеніп, тұрмыс құруы мүмкін. Қалыпты өмірде сен шеше алмайтын проблема, мәмілеге келмейтін, саған бағынбайтын қамал жоқтай көрінеді. Алайда адамдардың қарым-қатынасы бұл бір басы жоқ, аяғы жоқ философиялар әлемі сияқты... Қай кезде сөйлеу керек, қай кезде үндемей қалу керек, ал қай кезде ақыл айтуың ләзім? Екінші адамның қылығын, еркелігін, мінезін көтеру, қас-қабағынан тану, илану... Қарап отырсаңыз, бұның бәрі оңай дүние емес. Өзіңді қанша ақылдымын, өзімдікі қалай да дұрыс деп санағанмен сенің өз қателігің мен еркелігің білінбейтін кездер де болады. Сондықтан отбасылық өмір жайлы, өмірдің бар ыстық-суығын, бар қиыншылықтарын жеңіп, үбірлі-шүбірлі болған жандардан сұрау дұрысырақ болатын сияқты. Ал біздікі әлі сол өмірге ұмтылу ғана ғой. Өмірде кездесетін қиыншылықтар, тәттісі мен ащысына дайын болу, төтеп беруге дайын болу, өзіңді жеңу, өзіңді тәрбиелеу, өз қателіктеріңді мойындай білу, кешіре білу және ең бастысы өз «Меніңді» - «Бізге» айналдыра білу. Осы жолда үлкен парасаттылық, білімділік, сабырлылық, ақыл мен зерде керек екені анық. Жұбайым екеумізге осыны жазсын деп тілеймін. :)
Және де ең негізгісі, өмірдегі осы бір елеулі кезеңде біздің қуанышымызға ортақтасып, қонақ болып келген, көмектескен жарандарға ризашылығымды білдіремін. Менің осындай керемет достарым бар екен-ау, ізгі ниетті әріптестерім бар екен ғой деп қатты риза болдым. Бұл жақсылықтарыңды ешқашан ұмытпаспын) Барлықтарыңызға осындай қуаныш, осындай бақыт тілеймін! Рақмет сіздерге!