Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырмандар! Мен сіздерге өзім жақында таныс болған, отбасылық немесе жеке ақшамызды тиімді пайдалануға арналған құмыралар әдісі туралы жазғым келіп отыр. Сіздерге де көмегі тиеді деген үміттемін. Бұл әдіс әр айдағы ақшамызды 6 құмыраға бөлуге негізделген. Әр құмыра арнайы шығынға арналады. Әдетте бюджетіміздің азаюына себепші болатын, аз болса да жоспарланбаған шығындар. Ал бұл әдіс арқылы ақшамызды ақылмен, шынымен қажетті заттарға жұмсауға үйренеміз.
1-Құмыра: Басты (бюджетіңіздің 55 %-ы)
Бұл жерге негізгі шығындар кіреді. Ең қажетті, қысқартуға келмейтін, міндетті түрде төлеу керек деп санайтын ісіңізге жұмсаңыз. Мысалы: жалдап отырған пәтеріңізге төлеу, азық-түлік алу, оқуға немесе жұмысқа кететін жолақы, коммуналдық төлемдер, емделуге қаржы, интернет, т.б.
2-Құмыра: Демалу (бюджетіңіздің 10 %-ы)
Бұл ыдыстағы ақшаны өзіңізге жұмсаңыз. Өзіңізге сыйлық жасаңыз немесе киноға, театрға барыңыз.
3-Құмыра: Жинақ (бюджетіңіздің 10 %-ы)
Бұл сіздің "жеке" жинағыңыз. Өзіңіз немесе отбасыңыз үшін тиімді әрі қосымша табыс әкелетін қаржы бөлуіңіз қажет. Мысалы: депозиттік процент.
4-Құмыра: Білім (бюджетіңіздің 10 %-ы)
Бұл ыдыстағы ақшаңызды өзіңіздің немесе балаңыздың қосымша білім алуына жұмсаңыз. Мысалы: кітап сатып алу және тіл үйрену курстары. Спорттық курстарға да жұмсасаңыз болады.
5-Құмыра: Арманыңыздың орындалуына кепілдік (бюджетіңіздің 10 %-ы)
Бұл ыдыста алдын ала жоспарлап жүрген, ірі сатып алымға жинаңыз. Мысалы: техника, теледидар, ұялы телефон, шетелге демалыс, т.б.
6-Құмыра: Қайырымдылық және сыйлық (бюджетіңіздің 5 %-ы)
Осы ақшаға жақындарыңызға немесе туған күн иесіне сыйлық жасаңыз. Бұл ақшадан өзіңізге сыйлық алмаңыз). Қайырымдылық жасаңыз. Қарттар үйіне және балалар үйіне барыңыз. Және де қазір қайырымдылық жәрмеңкелері көптеп ұйымдастырылып жүр. Сондай жәрмеңкелерде ерікті түрде көмектесуге немесе сатып алушы ретінде барыңыз. Ол жерден зат алсаңыз, ақшаңыз қайырымдылыққа жұмсалады.
Бұл жерде арнайы құмыра сатып алу міндетті емес, өзіңізге ақшаны қалай ұстаған ыңғайлы, солай жасаңыз. Мүмкін, конвертте сақтайсыз. Ең бастысы, жоғарыда айтылғандай 6 бөлікке бөліп ұстағаныңыз жөн. Егер кейбір айтылған бөлімдерімен келіспесеңіз, өзіңіздің жағдайыңызға келетін етіп, біріктіріп алыңыз. Бұл жерде менің мақсатым ақшамызды ақылмен әрі тиімді жұмсауға аз болса да көмегімді көрсету.
Мен мысал ретінде айлық кіріс 70 000 теңге деп алып, құмыраға бөліп көрсеткім келіп отыр. Бұл ақша бір адамның табысы немесе екі адамның табысы болуы мүмкін.
1-Құмыра: 38 500 теңге (55 %);
2-Құмыра: 7 000 теңге (10 %);
3-Құмыра: 7 000 теңге (10 %);
4-Құмыра: 7 000 теңге (10 %);
5-Құмыра: 7 000 теңге (10 %);
6-Құмыра: 3 500 теңге (5 %);
Кейде ақшамызды жоспардан тыс жұмсап, бір көргеннен қызығып, ұнатып қалған затымызды алып жатамыз. Бұл да өмірдің бір қызығы, осы соңғысы бұдан соң олай жасамаймын деп айтамыз. Бірақ бұл ісіміз әдетке айналып кетеді.