Отбасыдағы қақтығыс теориясы

    Отбасы - адамды тәрбиелейтін алғашқы мектеп."Ұстазы жақсының ұстама жақсы" болатынындай, жас шыбықтың қисаймай түзу өсуі ата-ананың құзырында.

     Ендеше, тәрбие хақында тізгінді ұстайтын, жауапты өкіл ата-ананың алатын рөлін бағамдай беріңіз?

     Мемлекеттің тағдыры  сол елдің әрбір азаматының қолында. Отбасының  өнегелі болуы да осы себептен аса маңызды. Әрбір отбасы қоғамды құрайды, қала берді халықты құрайды. Ал, халық елді құрайды. Сол себепті, отбасының  аман-саулығы, адамгершілік пен құндылықтарды ұштастыра алуы - елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Тәрбиелі ұрпақ көбейсе, ел тағдыры жарқын болмақ.

   Отбасыдан адам қоғамға қарай түлеп ұшады емес пе? Демек, отбасы  - зиялы қоғамның діңгегі.

   Сондықтан, ата - ана өзіне беймәлім өмірдің есігін енді ашып кірген "кішкентай адамның" болашақта елдің қандай перзенті болатынына бірден бір әсер етуші фактор екенін естен шығармауы тиіс.

   Ендігі мәселе отбасыда туындайтын қақтығыстар жайлы болмақ. Отбасыда туындайтын қақтығыстар нәзік те  түйткілді проблема. Отбасының бұзылуы, қоғамның бұзылуының алғышарты. Бүгінде жанұя ішінде небір дау-дамайлар бар. Оларға  ерлі-зайыптылар арасындағы; ата-ана мен балалары арасындағы; туыстар арасындағы; бауырлар арасындағы мүліктік,  т.б дау-дамайларды жатқызамыз.

    Мәселен, бір ғана ата-анамен бала арасындағы конфликтіні қарастырайық. Оған мысал, шағын ауылдардың өзінде тіркеліп жатқан суицид жағдайлары. Толық отбасыдан шыққан небәрі 13 жастағы оқушы бала ата-анасымен болған кикілжіңнен соң дарға асылып өледі. Иә, бүгінде бұл таңқаларлық жағдай емес. Мұндай оқиғаларды құлағымыз күнде естіп,  етіміз әбден үйреніп алды.

    Алайда, біздің менталитетке жат суицид оқиғаларының  жаппай артуы айналысып қарайтын өзекті мәселе. Былтырғы есеп бойынша  Қазақстанда 143 жасөспірім өмірімен қош айтысқан.  Ал, кәмелетке толмаған дәл сондай 306  жасөспірім суицидке әрекет жасаған. Айта кетейік, Қазақстан әлем бойынша  суицид  көрсеткішімен алдыңғы шепте.

    Жоғарыда келтірген жағдайлардан, отбасылық қақтығыстың соңы қайғылы оқиғамен аяқталуына апаратынын көреміз. Сондықтан, мейлінше отбасылық қақтығысты болдырмау жолын жасау керек. Отбасылық қақтығысты болдырмаудың бірден бір жолы - адами құндылықтарды сақтау. Әрбір отбасы адамгершілікті ту еткен жанұя болатын болса, ол үрдіс атадан-балаға мұра боп қалатынындай, біріне бірі көшіп отырады.



Бөлісу: