«Отбасы күні» әр шаңырақта...

«Отбасы күні» әр шаңырақта...
жеке
блог

Кәсіптік және өзге де мерекелер сияқты қыркүйектің екінші жексенбісінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Отбасы күні» №2 балалар үйінде аталып өтті. Алматы қалалық сотының ұжымы мереке қарсаңында жетім балаларға арналған қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Балалар үйіне бағалы сыйлықтар мен тәттілер тарту етті.


    Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек.

    Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді.

     Балалар үйі директорының тәрбие ісі жөнінде орынбасары міндетін атқарушы Расия Узенова  өзінің және балалар атынан құрметті қонақтарға ізгі-ықыластары үшін алғысын білдірді, сондай-ақ осындай әрбір балалар үйіне келу балаларды қуантатынын, оларға жанұя ошағының жылуын сыйлайтынын атап өтті.

        Алматы қаласы мамандандырылған, экономикалық сотының төрағасы, Бекжанов Жанат Сейдуллаұлы:

-         Өздеріңіз білетіндей «Отбасы күні» биыл бірінші рет аталып өтілуде. Балалар үйі біздің қалалық соттың бірнеше жылдан бері қамқорлығында. Қалалық сот басшылығының жоспары бойынша әр мереке сайын балалармен тілдесіп, мерекемен құттықтап тұруды дәстүрге айналдырдық. Әр балаға қамқорлық көрсету – біздің міндетіміз.  

    Ұжым жетімдердің жатын орнын, тамақтану бөлмелері мен білім алуға жасалған жағдайларын байқап көріп,  тағдыр тәлкегіне түскен жас өскіндерге болашақта отбасылық құндылықтарға мән беруге шақырды. 

    «Алтын ұя» деп аталып кеткен үлкен шаңырақтың балалары келген қонақтарға алғыстарын өздері ұйымдастырған концертпен жеткізді. Жас  жеткіншектердің көрсеткен өнерлері көрермендердің жүрегін елжіретті.