Отбасы

Отбасы
жеке
блог

Отбасы — сыйластық пен тыныштық, махаббат, бірлік орнаған орта, кішкентай Отан.
«Отан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю-отбасыдан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы бастауы. Адамның жеке тұлға болып қалыптасып, өмірге кірпіш боп қалануы отбасыдан басталады. Баланың ер жетіп, бойына тек адамгершілік қасиеттер жинап өсуінде отбасы мәні зор. Сондықтан да туған үйдің тәлім-тәрбиесі–бала көкірегінде мәңгі сақталады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшарда соны іледі» дегендей баланы кішкентай күнінен байсалды, ақылды, тіл алғыш етіп тәрбиелеген жөн деп ойлаймын.

Отбасында бала үшін ата-ананың орны бөлек. Әке-асқар тау, себебі ол отбасының қорғаны, панасы, отағасы. Ал, ана отбасының шуағы, ұйытқысы, отанасы. Менің ойымша, осы әлемде әке мен аналарға еш биіктік жетпейді!

Отбасы –осы өмірдегі ең кереметтің бірі. Жанұя– өте қажетті және басқа еш нәрсемен алмастыруға болмайтын баспалдақ.  Отанға деген алаулаған сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан да, біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз.

«Өз үйім-өлең төсегім» деп қазақ даналығында айтылғандай әр адам үшін өз отбасы, өз үйі әрқашан жақсылыққа толы, жанға жайлы болады. Сол себепті де әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтеп бірінші орынға қоюы шарт. Себебі қазіргі кезде көп жастар шет елдерде оқып, сол жерде қалып қояды. Бұдан Отанға деген ешқандай ізгі ниет байқалмайды, сондықтан да отбасын қалай қадірлейміз, дәл солай Отанды да қадірлеп, қолдан келгенше аялауымыз керек!

Не болса да Отанның бір бөлшегі – отбасыңа ештеңе де жетпейді! Өйткені отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн!