Мен жат жер топырағында өмір есігін ашсам да, жастайымнан атамекенімнің кең байтақ Қазақстан екенін біліп, зердеме мықтап түйіп, санама сіңіріп өстім. Жырақта жүрсем де сүйікті Отанымның асқар ала таулары мен айдын шалқар көлдерін, жайқалған жасыл орманы мен кең жайлауын аяулы анамдай ардақтап, атажұртын алыстан аңсағандардың бірі болдым. « Отан-оттан да ыстық» деген халық мақалы бекер айтылмаса керек. Миллиардтың ішінде жүрсем де, « Мың өліп, мың тірілген» қазақ екенімді ешқашан естен шығарған емеспін. Қазақ атаулының қарашаңырағы- Қазақстан деген Отанымның бар екенін үнемі көкейімде бойтұмардай сақтап жүрдім. Ақыры, Алланың ақ жолымен атамекенге деген асқақ сезімнің жетегінде Отанға оралдым, Қазақстанмен қауыштым. Неткен бақыт десеңізші?!...
Әрине, бұл баянды бақытымның туған елімнің тұғырлы тәуелсіздігіммен байланысты екендігі-дау тудырмайтын ақиқат. Тәуелсіздік деген бақыт құсының басымызға оңайлықпен қона қоймағаны баршамызға белсенеден белгілі. Тәуелсіздік жолы-қасиетті де қасіретті жол. Ендеше, сол жолды халқымыз қандай қиындықтармен басып өткеніне көз жіберіп көрейікші...
Иә... Қазақ тарихының ақтаңдақ беттеріне үңілгенде, көкірегіміз шерге толып, көзімізге жас ұялары сөзсіз. Міне, бұл- ата-баба ерлігіне деген үлкен құрметтің айқын дәлелі.
Жұмыр жердің тыныс-тіршілігін жіті бағып, оның тағдырын, асылы мен жасығын тарих таразысына салып зерделеген- ұлы өмір көші. Осы көште қарға тамырлы қазақ халқының қатпар-қатпар тарих қойнауына көз жүгіртсеңіз, шулы ғасырдың жұмыр басты пенденің шақшадай басын шарадай етіп, шаршы топты шырғалаңға тартқан шағы да, етегін жаспен жуған қасіреті де, шаттанып күлген қуанышы да жеткілікті сияқты.
Бұл сонау XVIII ғасыр белесінің халқымыздың ордасын ойрандап, шаңырағын шайқалтқан « Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматы еді.
Былай барсаң, қоқан бар,
Салмақ салып, қоқаңдар.
Былай барсаң, қалмақ бар,
Күшіңді еппен алмақ бар.
Былай барсаң, қытай бар,
Жапырағыңды бұтай бар.
Былай барсаң, орыс бар,
Бала берсең, қоныс бар, -
деп жырлаған жырауларымыздың өшпес әдеби мұрасы заман бейнесін айқын ашып көрсете білді. Бағымызға қарай, Абылай бабам бастаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай елі үшін қасық қаны, шыбын жаны қалғанша айқасып, қансыраған жұрттың, жаралы Жер- Ананың емшісіне айналды. Елдің сүттей ұйыған тыныштығын, бірлігін көздеген, қара қылды қақ жарған Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билер де ел бағына туылды. Бірақ бұл қуанышымыз да ұзаққа созылмады. Тағы да аласапыран шақ, көзге түртсе көргісіз соқыр тұман басқан күндер туды. Әділет нормалары бұзылып, қудалаудың қылышынан қан тамған кезеңде елім талай боздақтарынын айырылды, солақай саясаттан халқым деген талай асыл ерлердің мойнына қыл бұрау салынды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды ұлт зиялылары жалындап келе жатқан шағында қыршынынан қиылды. Қазақ елін қайсыбір « қаңғып келген шүрегей» басқарып, ел тағдырын елемей, халықты аштыққа ұшыратып, сары даланы қан сасытқанын ұрпақ ешқашан ұмытпайды. « Қыңыр істің қырық жылда да қиығы шығады» демекші, «халық келіп- кеткендерді сыйламайды, қиылып қызмет еткендерді сыйлайды».
Тарих парағына алтынмен жазылған « Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»,-деп кешегі колбинизм заманында жалынды жастарымыз алаңға шығып, ызғары ерте түскен желтоқсан желінің өтінде тоталитаризм тажалының табанында аяусыз тапталған ар-намыстың ышқынған дауысы дүниені дүр сілкіндірді. Шырқыраған шындықты тайсалмай айта білген жастар тоқпаққа ғана сүйенген тоғышар қоғамға қарсы тұрды, жұдырықтай жүрегімен қалың қауымның мүддесін ұқты. Менің еліме бақыт таңын әкелген асыл боздақтар- Ләззат, Қайрат, Сәбира, Ерболдар.
Міне, ақыры бабаларымыздың жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген арманы- арайлап атқан азаттық таңын да қарсы алуға мүмкіндік туды.
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім... –
деп Жұбан ақын жырлағандай, біз мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымыз.
Енді мен зеңгір көкте қалықтаған қырандай азат елмін. Тәуелсіздік тілімді, дінімді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртты. Қасиетті Ата заңым қабылданды. Егемендіктің айғағы аспан түстес азат байрағым, елтаңбам, әнұраным дүниеге келді. Ал бүгінгі таңда асқақ елімді әлем танып, елеулі елу елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Биыл арман қала Астанамыздың мерейтойын дүркіретіп өткізіп, санаулы жылдар ішінде жаңа шаһар салып үлгерген ерлігімізді айдай әлемге паш еттік. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында « Кәрі құрлықтағы» беделді ұйымға басшылық еттік. Мұның бәрі тәуелсіздікпен бірге келген құт екені анық.
Бүгінгі ұрпақтың міндеті-ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп, өздерінің келешектің иесі екендігін анық ұғыну. Өскелең ұрпақтың тәуелсіздіктің қан мен тердің бодауына келгендігін жақсы білгендіктен, азаттығымызды асқақ бағалап, егеменді еліміздің ертеңіне ерінбей еңбек етіп, Қазақстанның нұрлы болашағының негізін өз қолдарымен қалауды армандайды.
Әрине, бүгіні қуатты әрі шуақты бейбітшілігі мен бірлігі жарасқан елдің келешегі келісті болары сөзсіз.
Бүгінгі ұрпақ- болашақтың бапкері. Сондықтан олардың мойнындағы жүк те ауыр. Шындығында, бейбіт заманның көшіне ілесіп, өз Отаныңда алаңсыз білім нәрімен сусындап жатқан өскелең ұрпақ бақытты- ақ, шіркін... Жас достарға айтарым мынау: Елі үшін еңбек етер, мұратқа талмай жетер, балғын бала шақтан нұрлы болашаққа жарқын қадам жасайтын егеменді ел ертеңі біздер екенімізді әрқашан жадымызда сақтайық, тәуелсіз елдің ұландары!!!