Осы заманның сал-серісі кім?
блог
Кеше "Ханнан да қадірлімін туған елге" атты Үкілі Ыбырайдың құрметіне өткізілген дәстүрлі ән кешіне бардық. Сол кештен ерекше рухтандым.
Ерлан Рысқали бар, Сәуле Жанпейісова бар кілең дәстүрлі өнердің жілігін шағып, майын ішкен дүлей дарабоздар сахнаны жандырды.
Ал сахнаға Рамазан Стамғазиев шыққанда, көкірегіме бір ой кептелді.
Сал-серілерге деген, дәстүрлі өнерге деген ыстық ықылас Самал Дәрібайұлы ағайдың сабағында ашылды. Ол сабақтың да аты "Сал-серілік өнер" болатын. Сол жылы МедиаНетте оқып жүріп, блог ашуды үйрендім. Ең алғашқы ашқан блогым да дәстүрлі өнерге арналған-ды.
Айтпағым - сол Самал ағайдың сабағында бір кездері талқыланған дүние. "Қазіргі заманның сал-серісі деп кімді айта аламыз?" Осы бір салмағы ауыр сауал.
Заманның заңына бағына отырып таразыласақ, осы кезеңдегі күллі елді аузына қаратып, халықтың аяулысына айналған тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғындай болған хас асыл кім?
Мүмкін Рамазан Стамғазиевті қазіргі заманның сал-серісі деп айтуға болатын шығар?
Сіздер кімді ұсынар едіңіздер? Әлде сал-сері деген түсінік бүгінде өз мәнін жойды ма?
Сурет: "Біржан сал" фильмінен