Әскери бөлімдерде сарбаздар мен ата-аналар арасында бейне байланыс жасалды. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген ұландар өз жақындарымен Skype, Whats App желілері арқылы жүздесіп, тілдесті.
Қос тарап бір-бірін көріп, жаңалықтарымен бөлісіп, қуанысты. Жауынгерлердің бірі әскери қызметі, далалық жаттығулар жайлы айтса, бірі достары туралы айтып, сырттай таныстырды.
— Анам хабарласатынымды білген жоқ. Қатты қуанғанына өзім де қуандым. Кіші бауырым мені формада көріп қызығып жатыр. “Мен де өскенде әскерге барамын” дейді. Осылай амандық-саулық сұрасқанда, сағыныш басылып, сергіп қаламыз, - дейді 5518 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Нұржан Есенгелді.
Тікелей бейнебайланыстан бөлек, сарбаздар әскери бөлімнің мәдени орталығына жиналып, мамыр айында дүниеге келген жауынгерлерге жақындарының туған күнмен құттықтап жолдаған сәлемдемелері мен тілек-жолдаулары көрсетілді.
— Бұл шараның мақсаты — ата-аналарға ұлдары қызмет етіп жатқан бөліністі көрсету, сарбаздардың тұрмым жағдайы мее қызметін өз ауыздарынан естуге мүмкіндік жасау, қуанту. Қазір әскери бөлімімізде 300-ге жуық жауынгер әскери борышын өтеп жүр. Олар күн сайын Өскемен қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етеді. Тікелей байланысқа 2 жедел мақсаттағы ротадан 50-ден аса сарбаз қатысты, - дейді жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары аға лейтенант Мейіржан Исақов.
Екінші тарап та ұлдарының есейгенін, олармен мақтанатынын айтып командирлерге алғыс білдірді.
Багдат Амангелді,
"Шығыс"өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі бастығы