Облыс орталығында таңсәріден басталған ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне 12 ауылдық округтің кәсіпкерлері өз өнімдерін әкелген.
Сағат 08:45-те көкала сөмкесін қолтығына қыстырған егде жастағы азамат Freshmarket фермерлік гастрономының сол қапталына асығып барады. Телефон арқылы әлдекімге «Төрт келі сиыр етін алсам қалай?» деп кеңес сұрауда. Ақыры бір шешімге келген сыңайлы, күршімдік кәсіпкерлер сөреге қойған сиыр етіне жақындай түсті...
Сенбі жұмыс күні болғандықтан шығар, әдетте таңғы сағат 08:00 кезінде-ақ нөпір жиналатын жерде бүгін қара саны айтарлықтай аз. Дегенмен кәсіпкерлер түс әлетіне дейін әкелген өнімдерінің сатылатындығына сенімді.
- Жәрмеңкеге балық пен балық фаршын әкелдік. Тұрғындар сұранысы орташа. Балықты Зайсан көлінен әкелеміз. Бүгін көксерке, шортан, алабұға сынды 8-9 түрін сатылымға шығардық. Сауда қызып тұр дей алмаймыз, жұмыс күні әсер еткен болар. Жалпы, Өскеменде өтетін жәрмеңкеден қалмаймыз, осыған дейін елордаға бірнеше рет барып қайттық. Соңғы уақытта ауыл тұрғындарының балыққа деген сұранысы артуда. Түс ауғанға дейін әкелген 700 келі балығымыздың басым бөлігі сатылып қалар, - деді Балықшы ауылдық округінен келген жеке кәсіпкер Азамат Әділбеков.
- Бағаны төмендетіп сату бойынша жылына бір рет елордаға, екі рет Өскемендегі жәрмеңкеге қатысамыз. Нұр-Сұлтанға барғанда көбінде бал мен қарбызға сұраныс артады, - деді Қуанған Сәйпішұлы
Аудан басшылығы ұсынған мәліметке сәйкес Күршім ауданынан 12 ауылдық округ толықтай келген. Күн райының аз-маз суытқанына қарамастан сауда сәнін кетірмей, жәрмеңкенің өз деңгейінде өтуіне бір кісідей атсалысуда. Айтуларынша, зертхана мамандары да саудалап жатқан ет өнімдерін талапқа сай деген. Өскемендіктер жәрмеңке аумағында Маралдының балын сұрады. Ауылдық округ әкімі Досым Жұмағалиевтің сөзінше, облыс көлемінде брендке айналған бал маусым-шілде және күздің алғашқы айларында сатылымға шығады.
Неге десеңіздер, табиғи гүлдер осы кезде ғана араларға азық болады. Демек, өңір тұрғындарына бірнеше ай күте тұрған жөн.
- Жәрмеңкеге көңілім толады. Ауылдың иісін сағынамыз кейде. Сары май сатып алдым, өте таза. Қай өнімді алсақ та бағасы қолжетімді, - деді зейнеткер Мағира Әділханова.