Өскеменде есірткі қойып кетуші ірі партиямен ұсталды

Өскеменде есірткі қойып кетуші ірі партиямен ұсталды
жеке
блог

Ақпан айының басында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі сату фактісі тіркелді.

ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс орталығының 42 жастағы тұрғыны 32 жастағы ер адамға есірткі сатқанын анықтады. Сатып алушы полицейлерге салмағы 10,84 грамм болатын тауарды берген. Кейін тауарын 60000 теңгеге сатқан есірткі таратушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

– Ұсталған адамның үйін тінту кезінде гаражда пластикалық контейнер, мата байламы, сатуға дайын тұрған белгілі бір иісі бар қоңыр-жасыл түсті өсімдік заты бар екі полимерлі пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысы табылған заттар жалпы салмағы шамамен 1 келі болатын кептірілген марихуана екенін көрсетті, – деді ШҚО ПД ұсынған мәліметте.

Сондай-ақ қаскөйдің көлігін тінту кезінде салмағы 10 граммнан асатын кептірілген марихуана түріндегі төрт полимерлік түйіншек табылды. Оларды одан ары сату мақсатында сақтағаны белгілі болды.

– Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігіне (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның санкциясы 6-дан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деді ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Нариман Кульдиков.