Өскеменде «EKTU Educational Academy» инженерлік мектебі ашылды
блог
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Президенттің инженерлік білім беруді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында «EKTU Educational Academy» желілік инженерлік мектебін таныстырды.
Соңғы жылдары ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер ретінде физика мен математиканы таңдайтын талапкерлердің пайызы айтарлықтай төмендеді. Бұл мәселені шешу үшін университет бірнеше жылдан бері облыс мектептерінде инженерлік сыныптар құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Демалыс уақытында балалар университет базасында физика мен математиканы тереңдетіп оқиды. Бұл тәжірибе сәтті болып, қазір жаңа деңгейге көтерілген.
– Желілік инженерлік мектеп аясында оқушылар инженерлік математика, физика бойынша күшейтілген даярлықтан өтеді. Қолданбалы ғылыми жобаларды іске асырып, олимпиадаларға қатысады, әрі демалыс уақытында оларға университеттің ғылыми-зерттеу және зертханалық базасы ұсынылады. Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары жазғы мектеп аясында Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы Простор жазғы экспедициялық кампусында дайындық және бейімделу кезеңінен өтеді. Ол жерде оқып қана қоймай, демала алады, – делінген университет ұсынған мәліметте.
Облыстағы 27 мектептің физика және математика пәнінің мұғалімдері ШҚТУ базасында біліктілігін арттырып, әдістемелік көмек алуға мүмкіндік алады.
Шараға ШҚО білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Сергей Коваленко қатысты. Оның сөзінше, қолға алынып жатқан жобаның оқушылар һәм студенттер үшін маңызы зор.
Университет серіктестері де салтанатты шараның куәсі болды. Шетелдік мамандар қатарында Тихонов атындағы ЭЖМ ҒЗУ Мәскеу электроника және математика институтының қолданбалы математика бөлімі басшысы Александр Белов, Мәскеу қ. МФТИ оқу ісі жөніндегі проректоры Артем Воронов, ИИКС НИЯУ МИФИ халықаралық ынтымақтастық бөлімі басшысының орынбасары Артем Никифоров, Astana IT University құзыреттілік және кемелдік орталығының директоры Сапар Тоқсанов болды.
Аудандардан Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай өңірлерінен, одан бөлек, Өскемен, Курчатов, Риддер, Алтай қалаларынан келген 15 мектеп директоры мен аудандық білім беру бөлімдерінің өкілдері қатысты.
Іс-шара қатысушыларының айтуынша, ШҚТУ басшылығы қолға алған әралуан жобалар жоғары сынып оқушыларын әрдайым қызықтырады және оларға болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі.