Өскемендегі Высоковольтная көшесіндегі үйлердің бірінен өрт шығып, жалын лезде үйдің ішін шарпыған.
Өртті көршісі сержант Ризабек Қанапиянов байқап қалады. Ол еш ойланбастан оқиға орнына жетіп, өзінің туысы Манарбек Ауғанбаевпен бірге дереу тілсіз жаудың бетін қайтаруға кіріседі. Кенет үй ішінен көмек сұрап айқайлаған дауыстарды естіген Ризабек жалын шарпыған үйге қойып кетіп, диваннан тұруға шамасы жетпей жатқан 65 жас шамасындағы ер адамды көреді. Ысқа тұншыққан адамды дереу тұрғызып, демеп, сыртқа қарай қадамдағанымен көк түтіннен ештеңе көрінбейді.
Біраз уақыттан кейін қалың түтін арасынан көрінген есікке қарай беттегенде Манарбек көмекке келіп, ер азаматты сыртқа аман-есен алып шығады. Әрі қарай жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.
Өрттен уланған үй иесі дереу ауруханаға жеткізілді. Дер кезінде келген өрт сөндірушілер жалынды толығымен сөндіріп үлгерді.
Ризабек пен Манарбек-нағыз бейбіт күннің батырлары. Ризабек Қанапиянов Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің сержанты, ал Манарбек Ауғанбаев №46 қалалық мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі.
Бағдат Амангелді,
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі бастығы