Оскар Уайльд және оның ертегілері: Инфантаның туған күні

   Байқау да өз мәресіне жетіп қалды. Бүгінде қасиетті сан жетінші аптаны да өткерейік деп тұрмыз. Ал, әдеттегідей мен сіздерге Оскар Уайльдтің керемет ертегісін ұсынайын.

   Бұл жағдай Инфантаның туған күнінде болған еді. Ол сол күні он екі жасқа толды. Аспандағы Күн де бұған қуанғандай ерекше нұрланып тұр.

Инфанта - испаниялық ханшайым еді. Барлық балалардай оның туған күні де жылына бір рет тойланатын, бірақ есте қаларлықтай еді. Ол күні бүкіл халық ауа-райының жақсы болуын тілейтін. 

  

   Ханшайымға ол күні Король өзіне ұнайтын бүкіл досын шақыруына рұқсат ететін. Солай Инфанта барлық достарымен террасада ойнап жүр еді. Қасындағы бүкіл испандық ақсүйек балалардың киімі бір бірінен өткен сәнді. Ұл балалар кілең сәнді шляпа тағып, иықтарына әдемі плащ жапса, қыздар ұзын етекті көйлек киді. Кейбірі өзінің күміс түсті желпуіштерімен көзге түсті.

  Артынша көптен күткен салтанатты жиын басталды. Инфантаның туған күніне жер-жерден түрлі өнерпаздар жиналыпты. 

 Алғашқы өнерпаздар - бұқамен арпалысушылар болды. Олар алаңға бұқаны әкеліп қызыл матамен ары-бері айналдырды. Барлығы:"Bravo toro!Bravo toro!" деп шуласты. Қызықты кеш жалғаса берді.

Ендігі алаңға африкалық сиқыршы шықты. Ол алаңның ортасында жәшікті қойып, шетіне қарай отыра кетті. Бір кезде қолына сыбызғысын алып әдемі әуен ойнады. Көрерменнің көзі басында сиқыршыда болғанымен ендігі жәшікте. Сыбызғы әуені әдемі шыға бастағаннан жәшіктен екі бас жасыл алтын түсті жыландар шыға берді. Олар әуен ырғағына бастарын қозғап, билей бастады. Әсіресе, бұл балаларға қатты ұнады. Солай африкалық сиқыршы көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

 

    Келесі өнерпаздар - сығандар болды. Олардың біреуі әдемі әуенмен цитрада ойнаса, қыздары музыка ырғағына көз тарта билей білді. Жоғарыда отырған Инфанта оларға үлкен әдемі көк көздерімен таңырқа қарады. Бишілер ханшайымның ерекше таңданысынан ерекше шабыт алып, одан сайын керемет билеуге талпынды. Әуенде өзгеше бір ерек, өзгеше бір тың болды. Айналаның бәрі оларды демін жұтпай тамашалап қалыпты. Сығандық бишілер де қошеметке ие болды. 

   Бірақ, таңертеңнен бергі думанда ең қызықты қойылым - Карликтің биі болды. Шынында, ол өте сұрықсыз еді. Алаңға шығысымен балалар оған ду күлді.

   

Карлик өзінің қисық аяқтарымен, үлкен сүйкімсіз жүзімен билей бастағанда бәрі күлді. Инфантаның да ішек-сілесі қатты. Бірақ ол сондай сүйкімсіз болғанымен билегені керемет еді. Жанын салып биледі. Балалар оған қарап күлсе ол да олармен бірге мәз болатын. Инфантаның күтушісі ханшайымға қарап таңырқап қалды. Карликтен көзін ала алмай қалыпты. Биіне таңғалып отырған сыңайлы. Күтуші бұған дейін еш ханшайымның өзінен төмен адамға осыншама риза болып отырғанын көрмегенді.

   Карликтің биі аяқталды. Бидің соңында Карлик тізерлеп, қолын жүрегіне қойып, басын иіп Инфантаға ақ раушан гүлін ұсынды. Бүкіл жүзі күлімсіреп тұрды. Кішкентай көздері қуаныштан жайнап кетті.

  Инфанта Карлик алаңнан кеткенше еріксіз күле берді. Ол оған өте күлкілі көрінді. Кейіннен ханшайым ағасына Карликті қайта алдырып, қайта билетуін өтініп еді.

Шынында Карлик әдемі бала болмағанымен өте қайырымды, айналасына мейірімді бала еді. Ол әрқашан табиғатқа, құстарға, жануарларға мейірімділікпен қарайтын. Олар да Карликті жақсы көретін.

  

Карлик өзінің тағы да ханшайымға билеу керегін білгенде қатты қуанды. Солай сарайға аттанды.

 Карлик сарайға келді. Оның ендігі мақсаты ел көзінше емес, ханшайымға оңашада билеп, оған өз сезімін жеткізіп, орманға бірге қашуға ұсыныс жасау еді. Оған сарайдың ауасы ұнамайтын. Тар, қапас дейтін. Сондықтан орманның таза ауасында өмір сүруді қалайтын.

   Сарайға кірді. Ешкімге байқатпайын деп ақырын жүре бастады. Сарай іші неше түрлі асылдарға толы екен. Қабырғаларға үлкен үлкен портреттер, суреттер ілініпті. Олардың ішінде Карла V-тің, Филипп II-нің портреттері бар екен. Ары қарай Карлик бөлмелерге кіріп ханшайымды іздей бастады. Аралай берді. Қанша бөлмені ашты. Таппады. Енді бір бөлмеде бар ма екен деп ашып қалса ешкім болмай қалады. Солай Карлик бір үлкен залға кірді. Ханшайым осында шығар деп ойлады. Төбесіне қараса 300 шамы бар люстра тұр. Бірақ бұл керемет дүниелер Карликті аса толқыта қоймады. Бар ойы ханшайымды іздеп табу еді.

   Бір кезде артына бұрылып қараса бір адамды көреді. Басы асқабақтай үлкен, жүзі сүйкімсіз, аяқтары қисық. Ол бұны көріп шошып тұр. Сосын Карлик алға басса, ол да алға басады. Жылжыса, ол да жылжиды.Артқа басса, ол да артқа басады. Содан қатты шошыды. Менің алдымдағы кім деп ойлады. Оған қолын тигізсе ол да қолын тигізеді. Не болып кеткенін түсінбей жындануға шақ қалды. 

   Артынан Карлик бұл айна екенін түсінді. Өзінің неге сонша өңсіз екенін түсінбеді. Неге әкем мені бұндай болғанымша өлтірмеді немесе құлдыққа сатпады деп ойлады. Әбден қиналды. Қайтадан айнаға қараса өзінің қиналып тұрған жүзін көрді. Бұны көргісі келмей қолымен бетін басты. Солай қиналып жата берді.

  

 Ертесінде Инфанта бөлмесінде жатқан Карликті көреді. Оны көре салып жүзіне күлкі жиырылады. Қасындағыларға ол сондай күлкілі екенін айтып жатты.Карликке:

  -Қанекей, тұр! Сен бізге билеп беруің керек!

  -Иә, иә! Билеп берші!- деді жолдастары.

   Бірақ Карлик жауап бермеді. 

   - Менің күлкілі Карлигім қырсығып жатыр. Оны оятыңдар! Ол маған билеуі керек. - деді ханшайым ашулана.

    Қызметшілер бір біріне күліп бөлмеге кірді. Біреуі Карликтің жанына келіп, құлағына:

    -Қане, тұр, биле! Бәрі сені күтіп тұр! Тұрып шырқала биле! - деп сыбырлады. Бірақ Карлик тіпті қозғалмады.

    Қызметші жанына барып қолымен жүрегін ұстап көрді. Ханшайымға:

   -Ханшайым! Енді сіздің күлкілі Карлигіңіз билей алмайды.

   - Неліктен? - деді Ханшайым күліп.

   -Себебі, оның жүрегі жарылған. 

    Ханшайымның қастары қосылып, алқызыл еріндері түйіліп, түрі бұзылып кетті.

   - Енді менімен тек жүрегі жоқ адамдар ғана ойнай алады! - деп айғайлап, баққа жүгіріп кетті.

 

P.S. Негізі өзім биді, билегенді жақсы көремін. Ал мына ертегі одан сайын биге деген сүйіспеншілігімді арттырды. Маған ағылшынның әдебиетімен қатар мәдениетімен де жақын танысқым келеді. Ендеше, алдарыңызға Твист биінің тарихын ұсынамын.




Бөлісу: