Өсиет

Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішінен шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады,
Ақыл айтсаң арам без болатын
Бежірей деген қызың болады,
Алдыңнан кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам соған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрі болады,
Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады.
Ертеңге сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Ілім деп у ішкізген залымдар болады,
«Өзім білем» деп өзеуреп, адасқан ғалымдар болады.
Мөңке би



Бөлісу: