Өсер елдің жігіті болайық!

Өсер елдің жігіті болайық!
жеке
блог

 

Сұхбатымызды туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ...

-          Мен Алматы қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Ата-анам ақ халатты абзал жандар. Жанұяда 4 перзентпіз. Екі әпкем, бір інім бар. Балалық шағым Алматының жанында Қалқаман деген қалашық бар, сонда өтті. Мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында “кино және театр актері” мамандығы бойынша білім алдым. Сіздерге өзім жайындағы еш жерде айтылмаған қызықты ақпаратты айта кетейін. Алланың 99 аты бар. Соның 30-шы есімі – Әділ екен, менің туылған күнім де қыркүйектің 30-ы. Сонымен қатар, менің бойымның ұзындығы -1,84, салмағым да-84, автокөлігімнің нөмірі де -84, және өзім 1984 жылғымын. Кейде қалжыңдап 84 жасқа келгенімде той беремін деп қоямын.

Өнерге қалай келдіңіз?

-          Өнерге қызығушылығымды тудырған Хабар арнасындағы 77 күн бағдарламасы болатын. 1995 жылы, әкемнің Перизат есімді үлкен әпкесі Араб елінен маған камера алып келген. Ол кезде камера деген екінің бірінде бола бермейтін. Содан біз отбасымызбен 777 күн атты бағдарлама түсіретінбіз, кемпірдің, шалдың кейпінде ойнап, жаңалықтар жүргізіп жүріп қызығушылығым оянды. 11-ші сынып оқып жүргенімде мектебімізге музыка пәнінен сабақ беретін Ернат деген жігіт келді. Өнер академиясының 4-курс студенті еді. Сол жігітпен бірігіп театралды ұйым құрдық мектепте. Шағын көріністер, квн-дер, қойылымдар қойып жүрдік. Мектеп бітірген соң Ернаттың нұсқауымен өнер академиясына түстім. Біздің топта барлығы өте талантты болды. Академияда жүріп қойған спектакльдер сәтті шығып 4-ші курста 1 жылда екі рет Мәскеу қаласына гастрольдік сапармен барып қайттық. Елге оралған соң Министрлік бұларды тарқатпау керек, бір театр етіп қалдыру керек деген соң 2007 жылы Астана қаласынан “Жастар театрын” аштық. Аллаға шүкір әлі күнге дейін өзіміз іргетасын қалаған театрда қызметтеміз. Басшымыз, әрі ұстазымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Нұрқанат Жақыпбаев. Кино саласында ең алғаш Тимур Бекмамбетовтың “Дневной дозор”  картинасында массовкада ойнадым. Сосын көптеген ұсыныстарға ие болдым.

Әртістер сұлулыққа құштар, эмоцияға, сезімге берілгіш болып келеді. Сіз жиі ғашық боласыз ба?

-          Мен өзімнің рөліме келгенде сценарий бойынша ғашық боламын, жақсы көремін. Бірақ оны жеке өміріме араластырмаймын. Мамандығымыздың қиындығы да осында, сезіммен ойнаймыз. Өтірік ғашық болып, өтірік ойнап шықсаң көрерменді алдаған боласың. Режиссердың “стоп” деген сөзінен соң, ролден шығып, бәрін ұмытып кетеміз.

Ал өмірде сізді шынайы ғашық еткен сүйіктіңіз бар ма?

-          Иа, сүйіктім қазір жанымда. Отбасын құрғанмын. Ол да өнер адамы. Ең бірінші жарымның бойындағы сабырлылығын бағалаймын. Әртістердің жан жары болу өте қиын. Менің жұмысыма үнемі қолдау білдіріп, шын жүректен жақсылық тілейтіні көрініп тұрады. 

Қазір әріптестеріңіздін көбісі әмбебап болып кеткен. Ән де айтады, тележүргізуші де болады, өлең шығарып, ақын да болып кете береді. Сіз де әзіңізді әмбебаппын деп ойлайсыз ба?

-          Жалпы менің мамандығымның өзі, осы әмбебап сөзімен синоним болып саналады. Яғни, актерлар бесаспап болу керек. Сахна бәрін талап етеді. Театрдан бөлек концерттерді жүргізіп тұрамын. Тележүргізуші болу менің бала күнгі арманым. Хабар арнасынан беріліп жатқан  “Жігіт сұлтаны”  бағдарламасы форматыма жақын болғандықтан, жүргізушілікке келісім бердім.

Жігіт сұлтаны деп қалдыңыз... Нағыз қазақ жігіттерінің бойында қандай қасиеттер болу керек? Және сол қасиеттер сіздің бойыңыздан табылады ма?

-          Мен өзіме баға бере алмаймын. Менің ойымша нағыз қазақ жігіттерінің рухы мықты, еліне деген сүйіспеншілігі шексіз, және ең бастысы ер жігітке лайық мінез болу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады ғой “Әр мұсылманның екі адамға жететін күші болу керек” деп. Сонымен қатар ақыл-парасаты мен қайраты мол болғаны жақсы.

Өнер адамдары ақсаусақ болып келеді деп жатады. Үй шаруасына қалайсыз, асханада жарыңызға көмек беріп тұрасыз ба?

-          Асханаға мүлдем жоқпын дей аламын. Себебі кішкентайымда ата-апамның қолында өстім. Апам тіпті көрпе-төсегімізді жинатпайтын. Бір сөзбен айтқанда қыздардың тірлігіне араластырмайтын. Әкемнің қасында жүріп үй салдық, мал бақтық. Жұмыс жоқ күннің өзінде жер қаздырып қоятын.

“Астана-махаббатым менің” сериалы сіздің шығармашылығыңызға үлкен жаңалық алып келді деуге болады. Басты рольдердің бірін сомдадыңыз. Сериал Түркияда да көрсетілді ме?

-          Иа,  Түркияның “ТРК” деген басты арнасынан берілді. 3 тілде аудармасы бар, қазақша, орысша, түрікше. “Астана махаббатым менің” - Қазақстандағы ең қымбат киносериал. Баян Есентаева, Гульнара Дусматова, Жанна Қуанышева Мурат  Ахманов, Дастан Оразбеков сынды өнер майталмандарымен ойнап шыққандықтан кинодан алған әсерім мол.

       Осыдан кейін Түркия елінен тағы ұсыныстар болды ма?

-          Ұсыныстар болды. Алдағы уақытта арнайы бір ролдерге ұсыныстар болса, баруым мүмкін. Жақында шығармашылық іс-сапармен барып қайттық. Қазақстанның Түркиядағы мәдениет  күндері болып өтті. Кешті қазақ тілінде мен жүргіздім, түрік тілінде Бахар Акча (Астана-махаббатым менің сериалындағы ғашығымның роліндегі қыз) жүргізді. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, біздің елбасымыз барды, олардың президенттері қатысты.

Осы уақытқа дейін ойнаған ролдеріңіздің ішінде қайсысы өз өміріңізге ұқсайды?

-          Өміріме ұқсас дей алмаймын, ең алғаш мені халыққа танылуыма себеп болған Қымызханадағы ролім ұнайды. Сосын соңғы түскен “Парыз” атты телесериал жүрегіме өте жақын. Қарапайым қазақы өмір суреттеледі. Осы “Парыз” маған шығармашылық серпіліс алып келді. Эфирден үнемі үзбей көріп тұрамын.

Күнделікті өмірде жиі қолданатын мақалыңыз қандай?

-          Менің ұраным десем де болады: ”Өсер елдің жігіті болайық!”

 

 

                                                                                                 Сұхбаттасқан: Алпамысова Перизат

                                                                                                                   Бақыт сыры журналынан