Өсе келе құстың тілін білсең де, Ана тілсіз оның қандай құны бар...

Бірде гардероб маңында киім өткізгелі тұрғанымда,жанымда екі кұрбы қыздың дабырсыз сөйлескеніне еріксіз назарым ауды. Сөз төркініне зейін салып қарасам ана тілінде сөйлеу жайында екен.Қазақтың қара торы қызының:"Да они уже достали со своим казахским языком. Ойбай қазақша сөйлендер,қазақша сөйлендер... Вообще-то мы сами знаем" деген сөзі құлағыма түрпідей тиді.Намысқа тиер тұсы маңындағы құрбысы орыс.Осы бір жәйт қолыма еріксіз қалам алдырды.
Құрметті,орыс тілді қаракөз замандастар!
"Ана тілі - халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы,өсіп-өніп түрлене беретін,мәнгі құламайтын бәйтерегі",-деп Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай әрбір елін,жерін сүйген азаматтың көкірегінде ана тілге деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болу керек. Ана тілі әкеміздің қанымен, анамыздың әлдилеп айтқан бесік жырымен бойымызға сіңген ұлтымыздың жан дүниесі. Тіліміз қазақ бола тұра көптеген қандастарымыз үй ішінде, қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде тіпті жоғарғы оқу орындарында орысша тілдесетіндігі мәлім. Бұл қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып,қолдану аясын әлсіретеді. Осы тұста Ғабит Мүсіреповтың мына бір сөзін тілге тиек ете кетейін:"Бірталай қызметкерлер, олардың үй-іші кейде,тіпті қазақ әдебиетін,ол әдебиеттің көркем нұсқаларын орысша аударылған күйде ғана оқиды. Осындай оқушының бар екені даусыз. Әрине,бұл жай ол адамдар үшін сорлылық",-дейді. Неге біз қазақ тілінен қашамыз? Неге біз ана тілін жоғалтудан қорықпаймыз? Неге келешекті ойламаймыз? Ана тіл-ол халықтың өткені,бүгінгісі,ертеңі. Тілін жоғалтқан халық өзге елмен терезесі тең болып теңесе алмайтындығы тарихтан белгілі."Тіліңді жоғалтсаң,діліңді жоғалтсаң...Жоғалтасың бәрін",-дейді Мұхтар Шаханов атамыз. Тарихқа көз жүгіртіп өтер болсақ,қазақ халқының басынан талай қиын нәубет,ашаршылық,қайғылы күндерді басынан өткергені белгілі. Осынау киын-қыстау,ауыр сәттерде атамекен қонысын,туған өлкесін тастап көшкен халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы-қазақ тілі,яғни ана тіліміз. Тіпті қасиетті Құран кәрімде "Біз сендердің араларыңды көрінбейтін перделермен бөліп қойдық. Түрлі ұлттар мен ұлыстарға болдік. Бір біріңді түсіне алмайтындай етіп тілдерге бөлдік" деген аяттар кездеседі. Яғни тіл бізге Аллах тағаладан аманат етіп тапсырылған рухани болмысымыз. Егер тілден айырылсақ рухсыз атанамыз. Ал,рухсыздық - ең жаман қасиет.Намыссыздық пен жігерсіздіктің негізі. Халқымызға сан ғасыр бойы арман болып келген тәуелсіздікке қолымыз жеткенімен де, тіл тәуелсіздігіне қолымыз жетпей тұр."Өз ана тіліне немқұрайлықпен қарайтын адам хайуанмен бірдей"-деген екен орыс жазушысы К.Г.Паустовский. Сол секілді жазушының теңеген теңеуіне теңесіп жүрмейік. Әбілда Тәжібаев:
Өссе тілім,менде бірге өсемін, 
Өшсе тілім менде бірге өшемін-деген.Сол секілді біздің ана тіліміз мәнгі алау,лапылдап тұрған от. Сол отты сөндіріп алмайық.Абай атамыз армандаған,Мағжан сенген жастары біз болайық.Сөздің соңын ақын Оразақын Асқардың "Тәуелсіздік тартулары" атты жинағына енген өлең жолымен түйіндегім келеді:
Ана тілде ата-баба сыры бар, 
Аудармадан,түп нұсқадай кім ұғар. 
Өсе келе құстың тілін білсең де, 
Ана тілсіз оның қандай құны бар...

Әліпбек Ақнұр

ЕҰУ-нің 3 курс студенті



Бөлісу: