Орыстың "цитатасын" оқитын жастарға қазақтың қара сөзі керек пе?

Орыстың "цитатасын" оқитын жастарға қазақтың қара сөзі керек пе?
жеке
блог

    Телефонға телмірген мына заманда әлеуметтік желіден бас көтермейтін жастар "Абайдың қара сөзінен" гөрі, орыстың "цитатасын" жатқа біледі. Бұған не себеп? Неліктен бабалар сөзі шеттетіліп кетті?
    "Әлеуметтік желі" дегенге тоқталайық. Жыл санап саны артып, жастар арасында вирустай тарап кеткен желілерге тоқтау жоқ. Соның ішінде шетел авторларының дәйексөздерін (цитаталарын) кеңінен тарататын - "ВКонтакте" желісі. Бұл желіні ашсаң Толстойдың, Гётенің, Бодлер мен Бернард Шоудың "алтын сөздері" жарыса тізіліп тұр. Біздің қара домалақ балалар осыларды оқып қанаттануда. Әрине, оқысын, танысын, түйсігінде сақтасын. Бірақ біздің ата-бабамызды жадымыздан толыққанды шеттетіп тастаудың қажеті жоқ. Толстойды оқуға адам табылады. Оны онсыз да 140 миллион Ресей оқып жатыр. Олармен ілесіп біз де Толстойды оқысақ, сонда Абай, Шәкәрім, Әлихан, Жұмабаев пен Айбергеновтерді кім оқиды? Өз ата-бабамыздың атын өзіміз өшіреміз бе сонда? "Қазағыма! Халқыма!" деп мұра еткен "гауһар сөздерін" табан астыны таптамақпыз ба сонда? Бізді "қазақ" еткен, осы күнге жеткізіп, тәуелсіз еткен ата-бабаны ұмытсақ, біз де жоқ боламыз. Құрдымға кетіп, жер бетінен жойыламыз. Себебі, тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Абайын ұмытқан елдің азаттығы ұзаққа бармайды, Мағжанын ұмытқан ел - мәңгілік ел бола алмайды! Еліміздің іргесі биік, тәуелсіздігі мәңгілік болғанын қаласақ - тарихымызды және оның ұлы ғұламаларын, батырларын ұмытпауымыз керек. Әлеуметтік желіден де ата-бабамыздың мұрасын ұлағаттасақ - ол жас ұрпақтың да санасында мәңгілікке сақталып қалмақ!