Орысша сөздерді қазақшалайық!

Аударма жасауда біз көптеген қиындықтарға ұрынамыз және көбіне орысша сөздердің нақты аудармасын білмей қиналамыз. Мысалы, оранжевый, лиловый, монтаж, руль, водолазка, купальник, колготки және т.б. сөздердің нақты аудармалары жоқ. "Юбка" дегеннің өзін "белдемше" деп аударғанымызбен түпкі мағынасына келмейтін сияқты. Бұған ұқсас мысалдар жетіп артылады: медицина терминдеріне жататын «клетка» термині 1992 жылы «жасуша» болып бекітілген, ал 2000 жылы жарық көрген Қазақша-орысша, Орысша–қазақша терминологиялық сөздікте (медицина) ол – торша деп алынған. Кейбір оқулықтарда сол күйі клетка деп қалдырылған. Бірінші нұсқа қолданыста жүргенімен, тест, емтихан тапсырарда түрлі оқулықтардан білім алған оқушылар шатасатыны сөзсіз. Сондай-ақ, "мех" сөзі бірде – "тері" деп, (мәселен – аң терісі), бірде "үлбір" деп аударылып жүр. Бір қарағанда тері термині көңілге қонымды сияқты. Бірақ, айталық қоянның үлпілдеген жүні бар терісі мен қолтырауынның бұжыр-бұжыр терісін теңестіре алмаймыз. Үлбір сөзінің түп-түбірі үлбіреу деген мағынаны білдіреді десек, аң терісіне қолдануға келетін де сияқты, алайда аюдың терісі үлбіремейді ғой?

Бұған қоса қазақ тілінде омоним болып келгенімен, орысшада түрлі мағына беретін сөздер де жетерлік. Мысалы, раздел – бөлім, отдел – бөлім – часть – бөлім; отделение – бөлімше, подразделение – бөлімше. Кейбір кезде бір құжаттарда сөздердің аудармасы бір ғана мағынамен аударылатын да жағдайлар болады: мысалы, договор - шарт, условия – шарт (Условия договора), утвержение – бекіту, закрепление – бекіту (утвердить закрепление), служба – деятельность, функцияның да жағдайы осындай.

Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Қазақстанда 20-30 жылдары іс қағаздары қазақ тіліне көше бастайды. Сол кездері терминология сөздігін қалыптастыруда А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Аспандияров, Қ.Кемеңгерұлы, Ә.Марғұлан, М.Әуезов және тағы басқалары осы салада көп еңбек етті. «Аялдама», «балмұздақ», «оқырман», «көрермен» сияқты сәтті аудармаларды Ислам Жарылғапов ұсынған. Тәуелсіздік алған соң да, «ұшақ», «отбасы», «жанұя», «кеңес», «ғаламтор», «жаһандану», «заманауи» деген сынды үздік аудармалар қосылды.

Осы блогты жазар бұрын, терминдерге байланысты біраз жазбаларды оқыдым. Кейін ғана барып, Мемлекеттiк тiлдi дамыту институтының сайтына тап болдым. Ол жерде «руль» сөзі «меңгерік» деп аударылған екен. Меңгеріктен гөрі "тізгін" деп алсақ, түсініктірек болар еді ғой деген ой келеді. Ал, «купальник» сөзінің «су киімі» дегеннен басқа баламасы болмағаны ма?

Жалпы, осы күні терминдер төңірегінде былық көп болып кетті. Біреулер «терроризм» сөзінің «лаңкестік» деп аударылуына қарсы болса, біреулер «құқық» дегенді алып тастауды сұрайды, басқалар компьютер тышқанын «тінтуір» деген дұрыс деп жүр. Ал «свежий» сөзінің 80 баламасы бар екені белгілі.

Қазақ тіліне аударудағы қиындықтарды былтыр да көтеріп, форумда орыс сөздерін өзіміз қазақшамалақ болып, тақырып та ашқанбыз, сол жерде біраз сөздің сәтті аудармасы ұсынылған сияқты. Алайда, ол орта жолда қалып қалды. Сондықтан, мен түсінбеген, аударуға қиын сөздерді сол жерде ұсынып, өз бетімізше аударып, баламасын тауып көруді ұсынамын. Бәлкім, терминком осы ұсыныстарымызды қабыл алып, болашақта, бәлкім, дәл сіздің аудармаңызды пайдаланып жүрерміз? Термин аудару тек терминкомның ғана жұмысы емес, қарапайым адамдардың ізденісінен, қиялынан, тапқыштығынан құралады деген ойдамын.

Ал, іске сәт!



Бөлісу: