Сәлем, құрметті массагет оқырмандары! Тіл мәселесі қазақ арасында көп талқыланатын, өзекті мәселелердің бірі. Орыс тілі – Қазақстанда тіл иелері боыйынша екінші орында, сөйлей алатындар саны мен таралу жағынан бірінші орында тұр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабының екінші тармағына сай, бұл тіл мемлекеттік тілмен қатар мәртебеде болып саналады. Орыс тілін оқыту мектеп бағдарламасының негізгі бөлімдерінің бірі болып, 11-ші сыныпқа дейін оқытылады. ЖОО бағдарламаларында да, кез келген мамандық студенттері орыс тілін оқып, осы пәннен емтихан тапсырады.
Әрине, бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, орыс тілін оқу керек. Былайша айтқанда, ешқайда қашып құтыла алмаймыз).
Бірақ мен бұл мәселеге басқа қырынан қарағым келіп тұр. Қанша жерден, орыс тілін мектептер мен университеттерде оқытса да, айналадаға адамдардың көбі осы тілде сөйлесе де, орыс тілін жақсы білмейтін, сөйлей алмайтын немесе орысша түсінбейтін азаматтарымыз жеткілікті.
Мен қарастырып жатқан мәселе – өмір сапасын жақсарту үшін, білім мен ой-өрісті арттыру үшін, жұмыс дағдысын асыру үшін орыс тілі қажет пе?
Тарихи және географиялық жағдайға байланысты, қазақ халқы орыс халқымен бірнеше ғасырлар бойы тығыз байланыста. Бұған өкінгеннен еш пайда жоқ. Керісінше, осы жағдайды өз пайдамызға жаратқанымыз дұрыс. Енді осы байланысып қалған көршіміздің тілін үйрену, қазіргі заманда, 21-ғасырда пайдалы ма?
Біріншіден, кез-келген жаңа тіл үйрену адамға пайдалы:
1. Тіл үйрену – миды үлкейтеді. Гипокамп және ми қыртыстарын үлкейтеді
2. Альцгеймер синдромынан айырады. Қарапайым айтқанда, алжудан сақтайды
3. Музыкаға қабілетті арттырады
4. Көпмәселелікке әкеледі. Яғни бірнеше нәрсе жайлы бір уақытта ойлау және бір уақытта бірнеше затпен қатар айналысу қабілетін өсіреді.
5. Есте сақтау қабілетін жақсартады
Бұл кез келген шет тілін үйренудің пайдасы. Енді, орыс тіліне келсек.
Орыс тілі – әлемдегі ең көп таралған тілдердің бірі болып саналады. 260 млн адам осы тілде сөйлеп, бұл көрсеткіш бойынша әлемде 6-шы орында тұрады. Европадаға ең көп таралған тіл болып саналады.
Ғылым-білім, медицина, әдебиет салаларында орыс тілді шығармалардың орны ерекше. Толстойдың «Война и мир» шығармасын, әлемдегі көптеген мәртебелі адамдар оқуға ұсынада. Менделеевтің кестесі ғылым тарихындағы ең маңызды ашылу болып саналады(Бүкіл әлем оқушыларын осы күнге дейін жылатып келеді ) ). Бұл жайлы өте көп жаза беруге болады.
Орыс тіліне ұлы Абайдың да көзқарасы жақсы болған. Бұл жайлы уикипедияда былай жазылыпты:
Ақын орыс тілін өз бетінше оқып үйреніп, орыс әдебиетінің А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Л. Н. Толстой, В. Г. Белинский, Н. А. Добролюбов, М. Е. Салтыков-Щедрин, И. А. Крылов т. б. ойшыл- ақындардың шығармаларымен танысып, аударма жасаған. Орыс тілі арқылы әлемге есімдері мәлім ұлы ойшыл-философтар Сократ, Платон, Аристотель, Спенсер, Дрэпер, Милль еңбектеріне қол жеткізді. И. В. Гете,Джордж Байрон, А. Мицкевич сияқты ақындар жырларынан сусындады. Орыс тілінің осындай ұлы өрісін тани білгендіктен де «Интернатта оқып жүр...» атты өлеңінде: «Орыс тілі, жазуы - Білсем деген таласы...» деп жастардың орысша тіл ұстартуға деген жақсы ықыласын көңіліне медеу түтады. Ал ғақлияларының Жиырма бесінші сөзінде: «Орысша оқу керек, хикметте, мал да, өнер де, ғылымда- бәрі орыста зор», «сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады» дейді. Ақын түсінігінде ұлттың тілін үйрену оның ғылымын, өнерін меңгерумен қатар, тең тұрып, айтыса білу, иық тірестіру үшін де қажет. «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дегеніне қарағанда Абай үшін тіл білу - адамгершілік өлшемі. Сондықтан да ол орыс тілін үйреніп алып, арын, адамгершілігін, ұлт мүддесін сатып, Ұлық алдында өтірік күліп, арыз-шағым жазуды кәсіп етіп, оны пайда көзіне айналдырып жургендерді өткір мысқылмен өлтіре сынайды.
Қазіргі таңда, ақпараттық технологиялар саласында, орыс тілді мамандардың орны ерекше. Әлемде орыс тілді программисттер жоғары бағаланады. Қазір ел ауызында жүрген криптовалюта саласында да, орыс мамандары алдыңғы қатарда. Биткоиннан кейінгі ең атақты криптовалюта – ethereum, Евгений Бутерин деген орыс жігітінің туындысы.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қазақ тілін дамыту, оның мәртебесін көтеру, баршамыздың алдымызда тұрған басты мәселелердің бірі. Менің көзқарасым – қазақ тілін дамытатын, ол қазақ тілді ақылды адамдар. Білімді, талапты қазақ азаматтарымыздың көбеюі, қазақ тіліндегі әлемге маңызды ғылыми еңбектер, әдеби шығармалар, заманауи жобалардың көбеюі қазақ тілінің мәртебесін көтереді.
Орысшаны оқып, орыстанып, қазақ тілін ұмытып кетесін деген оймен мүлдем келісе алмаймын. Қазіргі Түркістан облысы, Мақтарал ауданындағы Атакент деген ауылда туып өстім. Орысшаны Астанаға ЖОО-ға түскен соң үйрене бастадым. Орыс тілін меңгерген соң, осы тілдегі программирование кітаптары мен курстарын оқуға мүмкіндік ашылды. Қазірде осы саладағы жетік маман болып, өз IT компаниямды аштым. Осы білімдердің арқасында, қазақ тілін дамытуға, насихаттауға бағытталған мәдениет министрлігінің қолдауымен tilalemi.kz порталын жасадым, қазақ тілі емлесін үйрететін emle.kz сайты, қазақ тілі терминологиясына байланысты termincom.kz сайттарының жасалуы мен дамуына өз үлесімді қостым. Қазір латын әліпбиіне көшуге байланысты жұмыс тобына мүше боп, осыған байланысты жобалар жасап отырмын.
Әрине, бұл менің жеке ойым. Келісіп-келіспеу сіздің құқығыңыз.
Орыс тілін үйрену деп интернеттен іздейтіндердің саны көп екен. Бірақ, орыс тілін үйрететін сапалы материалдар таба алмадым. Осыған байланысты, орыс тілін үйрететін онлайн жоба жасау идеясы туындады. Сол жобаны қолдағыңыз келсе, орыс тілін үйренгіңіз келсе, жоба сайтына кіріп, анкета толтыруыңызды сұраймын. Назарларыңызға рақмет!
P.S. Менің мақсатым ақша табу емес, мақсатым қазақ жастарының санасын, ой-өрісін, білімін көтеру. Бұл жолды бастағаныма көп жыл болды. Әле де қайтар емеспін. Осы сайттағы басқа жазбаларымды оқып, пайда алыңыздар.
Естеріңізде болсын, оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы!