Орындалған арман
блог
«Кез-келген істе шешімге келу – істің басы ғана. Адам таңдау жасап, бір шешімге келгенде, қайда апарып тастары белгісіз, ағысы қатты суға сүңгіп кеткендей болады»-дейді атақты бразилиялық жазушы Пауло Коэльо. Расында, адам өмірлік мақсат қоярда «таңдау» атты үлкен тұңғиыққа бойлайды. Мен өмірлік мақсатымды осыдан 5 жыл бұрын таңдадым. Сол сәттен бастап менің тұла бойым, санам, рухым түгелдей дерлік өмірлік мақсатқа айналған арманға бағындырылды. Арманым – журналист болу.
5 жыл бұрын мен оңы мен солын ажырата алмайтын кішкентай ғана қыз едім. Сол кезден-ақ шын көңілмен, таза ниетпен арманыма қарай қадам бастым. Адам баласына бала арманы әрқашан ыстық болатыны рас екен ғой. Болашаққа жетелеген бала арманым мені адастырмады. Қазіргі таңда арманым болған қара шаңырақ Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде оқимын. Өз арманымды шындыққа айналдырар жоғарғы оқу орнын көп іздегенім жоқ. Көңілім бірден еліміздің жетекші университетіне ауды. Бүгінгі таңда өз таңдауыма еш өкінбеймін. Неге? Себебі мен журналистика саласында өз орнын ойып алған жандардан білім аламын. Ұстаздарымның сауаттылығы мен ойлау қабілеттері мені еріксіз тамсандырады. Жидегүл Әбдіжәділқызы, Нұргүл Пажарбековна, Анна Данченко, Ардақ Белғараева сынды ұстаздар арманының орындалуына үлкен үлесін қосуда. Мен үшін университет қабырғасындағы ең қызықты пән «Әлем журналистикасының тарихы» дер едім. Нұргүл апаймен әр елдің журналистикасына шолу жасау арқылы бөлме ішінде отырып-ақ әлемді шарлап, саяхаттап кетесің. Арманымның орындалғанына шексіз қуаныштымын. Ендігі кезекте ұстаздарымдай мықты тұлға атануым үшін еңбек етерім аян. Армандаңыздар! Себебі армандар орындалады, достар!