ОРТЕКЕДЕЙ ОРҒЫҒАН "ЕРТЕҢДЕРІМ"
блог
Неге біз осы ертеңнен үміт күтеміз? Неге біз осы болашақ үшін өмір сүреміз? Неге біз осы бар жақсылықтар алда деп ойлаймыз? Неге біз осы...
Шынымды айтайын, сізді қайдам, мен ертеңгі келер күннен жақсылық күтемін. Менің бар арманым, менің бар мақсатым ертең орындалатын, бақытты ғұмыр кешетін сияқтымын, ертең қаржым көбейіп, байып, жылағанның көз жасын құрғататын секілдімін, ертең ғұмырлық кіріптарлықтан айығып, «жоқ» деген «шоқпыт-кедейліктен» адаланатын сықылдымын. Ертең қазақтың бар қайғысы сейіліп, ұлттың туы биікке желбірейтін, жемқорлық жойылып, кедей байитын сынды. Ертең... Әйтеуір бір үзілмей тұрған үміт жібі мені алдайды, арбайды. Соның сиқырына елітіп жүріп, 27 жылдық ғұмырды артта тастаппын. Тағы да ертең...
Ертеңдетіп жүріп, Шоқан үзілген, ертеңдетіп жүріп Сұлтанмахмұт бақиға озған, ертеңдетіп жүріп, Ораз орғыған бұл өмір «Алдар көседей» бізді де сан соқтырмасына кім кепіл? Өткен аптада ертеңінен үміт күткен 90 жастағы әжемнің әжімді жүзіне қарап отырып, осыны ойладым. Тоқсан жас ертеңгі қиялымен арбалмай, өткеніне үңілер жас емес пе еді? Тоқсанды қойып, 30-ға келіп артыңызға бір қарап қойыңызшы. Түк жоқ. Бос әурешілікпен, ертеңдетіп өткен есіл уақыт... Еще, ертең деп қоямыз...
Неге біз осы ертеңнен үміт күтеміз? Неге біз осы болашақ үшін өмір сүреміз? Неге біз осы бар жақсылықтар алда деп ойлаймыз? Неге біз осы...
Түсінбеймін, түсінгім келмейтін шығар бәлкім! Сіз не дейсіз?