ОРТА ТОЛСЫН, МАССАГЕТ!

ОРТА ТОЛСЫН, МАССАГЕТ!
жеке
блог

 

Міне, көзді ашып-жұмғанша сүйікті Массагетімізге де 1 бір жыл.Неше күннен бері толғанып,толғатып жүрміз, не тілек не айтсақ екен деп. Бұл жағдайда үнсіз кету өліммен тең шығар. Ақ тілегімді арнау заңды құбылыс.

 ...Кеше ғана он.кзда Массагетке пәлен күн қалды деп жар салып асыға күтіп жүр едік. Ашылуына ашылып алған соң блогтар беті жаңармай өліара кезең болған күндер  де болды.Ал қазір ше? Оқып үлгере алмайсың. Массагет күн сайын емес, сағат сайын, минут сайын өсіп жатыр.

Басында айналшықтап он.кздан шықпайтын едік. Біраз қолданушылар еркелеп анау жері анандай, мына жері мынандай деп ырбиған кездеріміз де болды. Админдері сол еркеліктерімізді көтеріп, сынды сабырмен қабылдап функцияларын жеңілдете білді. Бәрін уақыт көрсетеді екен. Ал қазір ше? Қолданушылар саны он мыңға жетті.

Уордпресс жабылған соң Массагет, Керекинфо, Айтабер сияқты блогтұғырнамалар пайда болды. Бәріне тіркеліп алдық мә саған деп. "Бас-басына бай қайда" демекші бәрінде омалып отыруға уақыт қайдан болсын. Мен өз таңдауымды жасадым. Кіммен қарайсам сонымен ағарайын деп шештім.

Массагет маған бір шағын ауыл сияқты.Көшесінің шаңын бұрқыратып кердеңдеп жүретін.Қызды ауылды жағалап серілері жүретін. Тентегін тиып, ақылмен жөнге сала білетін,қуанышыңа қуанып, қайғысына ортақтаса білетін тамаша орта.

Массагет маған мектеп сияқты. Білім көкжиегін кеңейте білетін. Біріне-бірі білмегенін үйретіп, білгенін көрсетіп жататын.Бұл жердің де өзіндік бұзық Қожасы мен сотқар Сұлтаны, мақтаншақ Жантас пен озат Жанары және мұғалима Майқановасы бар.

Мен  мұнда жаңа достар, жаңа таныстар таптым. Ортақ мүддеміз бір, көзқарасымыз бір, әзілі жарасқан ортаны таптым. Алдыңғы толқын ағалар, ақыл айтар әпкелер таптым. Еркелетер сіңлі мен ет дегенде елжірер бауыр таптым.

МАССАГЕТ, ӨС, ӨРЛЕ, ӨРКЕНДЕЙ БЕР! ОРТА ТОЛСЫН!

ПыСы: Неше күн толғатып миыма қанша фантазия келіп кетпеді деш. Менің де сүйікті Массагетіме арнайы сыйым бар. Тек тапсырысты кеш беріп қойдым көп ойланып жүріп. Бір сәті түскенде өзіңе тапсырармын! Ал, әзірге ақ тілегімді қабыл ал!