Орны толмас сағынышым

     Әуелі Аллаға сансыз мадақ, сосын Анама, енді Әкеме мың шүкір, мың алғыс. Менің өмірде бар болғаныма, бар екеніме, ендігі санаулы күндеріме шүкір. Секундтап жақындай түсетін ажалды асыға күтемін. Себебі, оның артында ешнәрсемен өлшенбес керемет кездесу бар, ин ша Алла! Ал, қазір, дәл осы шақ, жалпы мені есіне алатын, ойлайтын, қамымды жейтін, уайым шегетін Адамдарыма айтар рахметім де көп. Бәрібір өтіп кететініміз ақиқат жалғанның жолында сүрінсек... демер, жығылсақ... тұрғызар, жыласақ, жасымызды сүртер, қуансақ, бөлісер, қиналсақ, көмектесер жандардың барына шексіз қуаныштымын. Адамдардан мейірімнің кете бастағанын көрсем де, соны білдіртпейтін ақкөңіл, жүрегі пәк, тілегі пәк жандардың да барын көремін, сеземін, білемін және сол үшін қуанамын.

     Тәйірі, бір жасқа есейгенін қуана қарсы алмайды ешкім, сірә. Тек осы бір күні саған кімнің қаншалықты жақын, тілеулес екені, кімнің өмірінде титтей болса да орының бар екенін білетініңнің өзі - бір қуаныш. Иә, солай. Туған күн... туылған күн... дүниеге келген күнің, жарық, бірақ қатыгездеу өмірдің есігін ашқан күнің... - бұл да бір жымиятын күн шығар... Ал, жымидық. Шынайы тілектерге қуандық. Олардың орындаларына сендік. Сол тілектер әлдебір күш беріп, жігерлендіретіні бар екен. Байқадым... Сонымен, сөйтіп жүріп біраз жасқа келдік. Менің жасыма да жетпеген, алайда қазақ сахнасында ойып орын алған Шоқан атамыз секілді тарихта қалған тұлғалардай іс тындырмасақ та, жүрміз-ау... қыбырлап... жүре берейік, бұйырған жасқа дейін... бір мәнісі болып та қалар, иә, Айшежан?

      Күмп-күмп суға шомылғандай күй кешіп отырмын... қуаныш шығар, ә? Бақсам, менде бәрі бар. Шүкір. Жоқ нәрсе де бар. Менде жоқ нәрсе ол өмірде де жоқ, демек. Ал өмірде бардың бәрі менде бар. Рас сөзім. Өзіме аян...

        Маматайым, менің бүгін күннің қай бөлігінде туылғанымды Әкем есінде сақтамапты. Кенже болған соң шығар. Әйтеуір, туылдың дейді... Сізден сұрап қалмаппын. Денсаулық қағазымда уақытым жазылмапты. Табиғатыма қарасам, 10-ынан 11-іне қараған таңда, не 11-нің кешінде туылған сияқтымын. Себебі, күндіз маужырап жүремін. Тіпті автобуста тұрып тұрған күйде ұйықтап қаламын. Ал, қатты шаршағаным болмаса, түнде жүре беремін... таңға дейін... Солай.  Бұлтта қалықтап жүресің дегендері сондықтан шығар...

      Мама, мені дүниеге алып келгеніңізге рахмет! "Тума оны, қайтесің, өліп қаласың өзің" деген сіңліңіздің сөзіне қарамай, қиналсаңыз да дүниеге алып келгеніңізге көп рахмет! Сіз сонда 35-те екенсіз. Мен бесіншіңізбін. Қазір, бұл жасында мендейлерді тумайды көбі, ә? Ал, Сіздің маған деген махаббатыңыздың арқасында, құрсақтағы тыпыршыған, жарық, бірақ қатыгез әлемге деген ұмтылысымды сезіп, дүниеге алып келдіңіз Мені. Жарықты көрсеттіңіз, өсірдіңіз, үйреттіңіз, тәрбиеледіңіз... Мен қазір үлкен қыз болдым. Мама, мен есейдім. Көрдім. Білдім. Оқыдым. Ізденудемін. Оқудамын. Көудемін. Білудемін. Әлдебір талпыныс... Көштен қалмауға тырысып, өзімше күн бағып жүрмін. Өзімше. Шамам келгенше. Мен Сізді қатты мұңайтпасам да, сәл де болса қуантарлық күн кешіп жүрмін. Мен барынша жақсы болып жүрмін, кейде тайқып кетерім болмаса...

        Еһ, құшақтап тұрып, сүйіп алса, шіркін, Сізді! Сағынып кетті Сізді бұл бұзығыңыз. Сізсіз қарсы алып тұрған сегізінші туылған күнім екен. Тағы қаншасын көрерім беймәлім. Бірақ табаным жерге тиіп тұрған шақта мен әйбат қыз болуға тырысамын, Мама. Мен әлгі алдамшылар секілді сөйлей салмаймын. Қолымнан келгенше тырысамын. Маматайым, Асылым, Сіздің жоқтығыңыз кәдімгідей білінеді-ау. Жасауым жасалар күн таяп қалған сияқты. Сеземін. Түйсік алдамаса, ниетім бұзылмаса, тілек сол. Сіздің қолыңыз тимесе де, Сізді көргендердің қолымен менің жасауым жасалар... дауысыңыз естілмесе де, Сізді танитындардың үнімен тілегіңіз жетер құлаққа... Сіздің қуаныштан үзіліп түсер көз моншағыңыз болмаса да, Сіздікіне ұқсас толқыныс Сізді таныған жандардың көз жанарынан үзілер... мен Сізден, Сіз өсірген жерден, Әкемнен, бауырларымнан ұзаған шақта... ендігі отбасыма... Ол отбасының бақ болып кіріп, өзім де бақытты болсам ғой деген ниеттемін... Уақыт көрсетер...

     Маматайым, Мені дүниеге алып келгеніңізге айтар алғысым... көп-ақ... Қарызыңызды өтеп үлгермесем де, атыңызға кір келтірмеуге тырысамын. Кеудемдегі шұрық-тесік жүрек бүгін бір шым ете қалды... Өле сағынды... Иісіңізді... Даусыңызды... Жанарыңызды... Алақаныңызды... Қол кеспеңізді... Құртыңызды... Құшағыңызды... Сағынды... сағындым... Қайтыңызшы... Құрығанда, түсіме... Еміс-еміс...кейде...

       Жаным Анашым, бүгін менің Сізден ажырап, жеке дара өмірге қадам аттаған күнім... бүгін Сіздің жүрегіңіздің дүрсілін сыртынан ести бастаған күнім... бүгін құрсағыңыздан шығып, құшағыңызға енген күнім... бүгін әлемде табылмас ана сүтіңіздің өн бойыма тараған күні... бүгін мен аналы, Сіз балалы болған күніміз... Маматайым, Жаным менің, Асылым менің, Ардақтым менің, Қымбаттым менің!!! Сізге мың алғыс! ... айта беремін, айта беремін...

...орны толмас сағынышым менің...



Бөлісу: