XX-ғасырдың соңғы жылдары еді ).
Мамам мені жаңа мектепке ертіп бара жатыр, ағаштардың арасымен «Ешкіммен сөзге келме, жатырқама» деп ақыл айтып келеді. Алғаш танысып, сөйлескенім де сол Назира, төбемнен төніп келіп: «Қайда тұрасың?» деп еді, «Анау жақта» деп көрсетем, «Е, онда сабақтан кейін бірге қайтамыз, мен де «ОРМАН» жақтан келем» деп, мені «меншіктеп» алып еді...
«ОРМАН»-дағы тал саны жүзден артық емес-ау, ай, бірақ, кем де емес... Біздің ауылдың көркі ғой, таза ауа жұтатынымыздың кепілі ғой...
Үш жыл - бастауыш, бес жыл - орта мектеп, бас-аяғы сегіз жыл бойы сол «ОРМАН» ішіндегі жалғызаяқ жолды жүріп өттім.
... Сыныптас дос, құрбымен бір сағызды, мектептің жанындағы сатушы ападан алған дәмі сабын татитын он теңгелік шоколадты, мамам май жағып берген нанды бөліскенімнің куәсі ол «ОРМАН»...
... Алтыншы сыныпта жаттау айтпағанымыз үшін сабақтан алып қалды, терезеден қою қараңғылық қарап тұр. Шамасы жеткендер сабақ үстінде жаттап, айтып, кетіп жатыр, мен де айттым, бірақ, қайтуға асықпадым, «Апай, «ОРМАН»-нан мен тек Майрамен ғана өте алам». Апайымның жүзі жылып, «Достықтарыңа сызат түспесін, екеуің де боссыңдар, қайта беріңдер» деп еді...
... Сегізіншіде ме деймін, Майра екеуміз келе жатқанбыз, орманнан шыға берісте Дархан тұр, күлімсіреп бас изегеніне қарағанда бізді күтіп тұрған сыңайлы, Майра қуанып кетті, мен қайта қуанғанымды жасырып қалдым...
... «Г» класы – біздің «қас жауымыз», ұлдарымыз ұлдарымен, қыздар қыздарымен сөз таластырамыз да жүреміз. Бір күні қыздары сол «ОРМАН»-да кеп қоршап алып, анау-мынау әңгіме айта бастады, айтуға тұрарлық дүние болса мейлі ғой, сондағысы «Өткенде сендердің Мадиналарың «нефтему» киініп келіпті» дейді ). Сөз таба алмай қалдым, өйткені, олардағы Мадина «модница» еді...
Талай дш-ны сол «ОРМАН»-да «өткіздік» қой, шіркін-ай...
Ата-анама айтпағанымды, мұғалімнен жасырғанымды, мінезімді, мүмкіндігімді, құпияларымды білетін... талай жылды жылға жалғаған... ғасырлар тоғысын көрген... бүкіл мектептік өмірім - өмірлік мектебімнің бөлінбес бөлшегі - «ОРМАН»...
Мектеп бітіргелі араға жылдар салып, жақында барып қайтқанмын, арнайы барғам жоқ, сіңілілерімді балабақшадан алып келе жатып, жолай соққам... Жібергісі келмеп еді... Мен оны, ол мені сағынып қалыппыз. Әуелі, сіңілімнің «ойыншық-сөмкесі» лақтырып, қағып алып ойнап келе жатып, бұтаққа ілініп қалды, таспен атып, шыбықпен түртіп... Сосын, тығылыспақ ойнадық... Сөйтіп, біраз айналшықтап қалып едім «ОРМАН»-да...
Содан кейін ол «ОРМАН» жайлы бірі қуаныштан, бірі қайғыдан көзіме жас үйірген екі-ақ хабар алып үлгердім...
Біріншісі - біздің ауылдың әншісі орындайтын «Мой поселок» деген ән ( ән дегенім – рэп жанрындағы «былдыр», әнші дегенім – соны айтатын жүзжасағыр ғой ). Бірақ, «Помню лесок, где мы часто гуляли» деген жеріне келгенде көз жасыма ерік бергем...
Екіншісі - інім көрсеткен сурет: жері аударылып, үлкен құрылыс нысанына арналып фундамент құйылған бос жазықтық, теп-тегіс кеңістік, тіпті, мына басынан қарағанда ана басындағы мектеп көрінеді... «ОРМАН»-ымды менің, орны толмасымды менің естелікке бір жапырақ қалдыруға үлгертпестен жермен жексен етіпті...
... Ауылдың арғы басына жаңа мектеп салынғалы қашан... «ОРМАН»-ымның орнын сипап қалғанымдай келесі суретте Орта мектебімді де орнынан таба алмай қалам ба деп қорқам... Барып, өз көзіммен көріп келуге жүрегім дауаламай жүр, барсам егілем-ау... Үш ай жабырқап, күз келсе, күзбен бірге біз келсек, жадырап сала беретін Орта мектебім мен «ОРМАН»-ымның бәз-баяғы жайқалып тұрған шағын жадымда сақтау үшін, бәлкім, мен енді ешқашан ол жаққа бармай-ақ қоярмын?..