Орхидея – даналық, нәзіктік және ақсүйектік символы. Бөлме орхидеясы махаббатты, үндестікті, әдемілікті және отбасылық жайлылықты білдіреді. Егер жақыныңыз сізге орхидея гүлін сыйласа, оған күтім жасау жолдарын біле жүріңіз.
Орхидея гүлі соңғы жылдары көп танылып, әр үйде сүйікті гүлдердің біріне айналды. Осынша болу себебі – гүлі ашық түсті әрі ұзақ сақталады. Көп адам мұндай шатақ мінезді гүлді үй жағдайында өсіру мүмкін емес деп ойлайды. Алайда бұл гүл туралы мәліметпен алдын–ала танысып, күтім жасау жолдарын біліп алса, үйде өсіру қиынға соқпайды.
Бөлме орхидеясы гүлдеу үшін ең негізгі факторы – жарық. Күн жарығы түсетін уақыт ұзақтығы 12-15 сағаттан кем болмауы тиіс. Сондықтан қыста шамның жарығын қолданған жөн. Жарық пен таза ауа қаншалықты көп болса, орхидея гүлі соншалықты жақсы өсіп, жетіледі. Орхидеяны батыс және шығыс жақ терезеге қойыңыз. Орхидея гүліне жарық жетіспесе, оның өсіп–жетілуі баяулауы мүмкін. Ал егер жарық тіп-тіке түссе, гүл жанып кетуі мүмкін. Орхидеяның қалыпты жапырақтарының түсі ашық жасыл немесе қызғылттау болып келеді. Егер жарық жетіспесе, жапырағының түсі қою жасыл болады. Ал жарық шектен тыс көп болса, жапырақтары сарғая бастайды. Орхидея 20-23 градус температурада жақсы өседі.
Орхидея бірқалыпты суаруды және ауаның жоғары ылғалдылығын қажет етеді. Орхидеяның қасына суы бар ыдыс қойыңыз немесе ылғалдылықты сақтап тұру үшін су шашатын құралдар қолданыңыз. Мамандардың айтуынша, су шашудың пайдасымен қатар зияны да бар. Оның салдарынан қысқа ылғалдандыру эффекті және жұқпаның таралуына қолайлы орта тууы ықтимал.
Су шашқан кезде судың гүлге тимеуін қадағалаңыз. Суды таңертеңгі мезгілде шашқан жөн. Орхидеяға ауаның ең қолайлы ылғалдылығы – 60-70%. Оны бөлме температурасындағы сумен ғана суарған жөн. Суға аздап тұз қосуға да болады. Жазда орхидеяны аптасына 2-3 рет суару керек. Қыста оны құрғақ шартта ұстайды. Жапырақтарының тыртиғанын байқасаңыз, оны суару қажет дегенді білдіреді.
Орхидея тек өсу кезінде ғана құнарландыруды қажет етеді. Мұндай кезде 2-3 аптада бір рет арнайы тыңайтқышпен құнарландыру керек. Орхидеялардың көбісі субстратта (микроағзалардың өсіп-өнетін азығы бар орта) минералды тұздардың жоғарғы концентрациясын көтере алмайды. Орхидеяға арналған арнайы тыңайтқышты алып, қаптамасында көрсетілгендей етіп бөліктерге бөліп, қолдану қажет. Суық кезде құнарландырмай-ақ қойған жөн. Кейбір мамандардың айтуынша, бөлме орхидеясын тыңайтқыш қолданбай-ақ өсіруге болады. Бірақ мұндай кезде субстратты уақытымен жаңартып тұру керек.