Оралым, менің оралым!
блог
Қазіргі Орал шаһарының орнында бұрын да қала болғаны туралы алғашқы мәліметтер ерте орта ғасырларға тиесілі. Алайда дерек көздеріндегі бұл мәліметтер археологиялық қазбалар нәтижесінде 2001 жылы ғана расталды. Осы жылы Орал қаласынан 12 шақырым жерде XIII — XIV ғасырлардан қалған көне қалашықтың орны табылды. Өмір сүруге қолайлылығы мен қауіпсіздікті сақтау талаптарына сай келуі Орал өзенінің жағалауынан тұрақты қоныс іздеген казактардың осы жерді таңдауына себеп болды. 16 ғасырда пайда болған шағын әскери елді мекен 19 ғасырдың ортасына қарай осы аймақтағы ірі қалалардың біріне айналды. 1773-75 жылдары Жайық казактары Емельян Пугачевтың бастауымен болған шаруалар көтерілісінің негізгі өзегіне айналды.
Орал өңірі Құрманғазы, Дәулеткерей, Мұхит, Дина сынды қайталанбас дарын иелерінің, Хадиша Бөкеева, Роза Жаманова, Ғарифолла Құрманғалиев сынды талантты әртістердің, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қадыр Мырзалиев, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев секілді қарымды қаламгерлердің, өзге де көптеген тума таланттардың отаны.
Орал қаласы Европа мен Азия шекарасында орналасқан. Қаланың географиялық қолайлы орналасуы қала экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар тұрғындар үшін Еуразиялық Экономикалық одақтың құрылуы мен өңірдегі интеграциялық үрдістердің дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Еуропа мен Ресейден, Түркиядан Қытайға көлікпен тауар тасымалы Орал арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде жергілікті өнеркәсіптің өркендеуіне, шағын және орта бизнестің дамуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз. Қалада жыл сайын шағын кәсіпкерлердің саны елеулі өсіп келеді, жеке бизнесін ашу он мыңдаған қала тұрғыны үшін тартымды іске айналды. Өз кезегінде бұл тұрғындардың әл-ауқаты артуына, шаһар шырайының жақсаруына ықпал етуде.