Оралдан оралғанымда
блог
Оралдан оралдым. Еңбек демалысынан. Интернетті сағынбасам да, Массагетті сағыныппын. Соған қарағанда, Массагет бөлек дүние-ау осы. Бөлек дүние-ау...
Жаңалығым – Орал орнында. Жайық та жылыстап ағып жатыр екен. Туған-туыстарым мен бауырларымның құшағындай кең құшақты өзге қайдан табармын?! Анамның мейіріміндей мейірім жер бетінде бар ма екен өзі? Жоқ па екен әлде...
Туған топырағымда аунап-қунап, желімен жарысып жүгірдім. Қасиетті Нарын құмын кешіп, балалығыма оралғандай болдым. Иә, балалық қайта айналып келеді екен ғой! Естелік болып!
Мал-жан аман, көңіл жай екен. Алматыда арман арқалап жүрген қара қызын сағынғаны болмаса... Зарыққаны болмаса.
Кіндігім өзіңе байлаулы тұрғанда, мен әлі өзің деп алып-ұшып жетермін. Сөйтіп әлі-ақ беймаза дүниенің тауқыметін бір сәтке ұмытып, шексіз-шетсіз қуаныштан ақтарыла, аңқылдай күлерміз. Сол кезде ышқына соққан дауыл да дамылдап, осы бір сөз жетпес бақытқа мастанып, әлем нұрға бөленер. Тағы да!
Бір анадан туғандар
Cөз соңында:
Кезінде Құрманғазы атындағы консерваторияда қобызда оқыған анамнан Массагет оқырмандары үшін азын-аулақ сыбаға сұрадым. Мамам сәл қысылыңқырап: "Көкем-ау, сиыр сауған саусақтарым ыңғайға келсе... Төрт жылдай ұстамап едім" деп, ұзын шкафтың үстінде шаң басып тұрған Першин қобызына имене қол созды. Бұрын нотаға үңіліп, небір классикалық шығармалардың түбін түсіріп, боздатып отыратын. Бұл жолы жеңіл әуеннен қысқа қайырды. Қадірлі ортаға құр қол келмейін деп, сонау құм Нарыннан қобыз үнін ала келдім.
Анамның арнауы :)