Оралдағы балаларды шаттандырған шырша той

Бүгін қылаулаған қар ұшқындары үздіксіз жапалақтап, бейне бір аппақ көбелектер қалықтап ұшып жүргендей. Кенет айнала да ақ тон киіп, оранып шыға келді. Салтанат сарайының жанынан керемет табиғатты тамашалап кетіп бара жатқан мені, балғын балалардың сыңғыр-сыңғыр күлкісі кілт тоқтатты.

   

Қарасам,  бәрі мәре-сәре болып қала әкімінің мүгедек және аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына арналған қайырымдылық жаңа жылдық шыршасына барады екен. Осы бір көңілді көріністі қызықтап тұрған мені салтанат сарайына қарай елітіп әкетті. Думанды сәтті балалардың тағатсыздана күтетіні бәрімізге де аян.

 

Биылғы жылқы жылының кейпіндегі балалардың киімдері де қызыға қарайтындай көз тартады. «Мен мынадай болып киінемін, маған мынаны алып берші, мынадай қылып дастархан жаяйықшы» деп қуаныштарын жасыра алмайтын балалардың еркеліктерін көтеретін ата-аналардың да көңілдері көтеріліп, алғыстарын жаудыруда.

Ал ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі өнерпаздардың өнерлері думанды одан әрі қыздыра түсті. Ата-аналар сәбилерінің күнделікті күйкі тірліктен бір мезет арылып, жайнаған жүздерін көріп, риза болды.  «Берсең балаға бер» - дегендей, көңіл бөліп сый жасағанына жан жүректерімен қуанып, жанарлары жарқылдаған балақайлардың қуаныштарында шек жоқ. Ал шырша маңына топтасқан аңдар кейпіндегі балалар бір-бірімен аңдысып, аяз ата мен ақшақардан сыйлық алудың түрлі әдісін қарастыруда.

Ерекше киініп, көзге түскендердің ішінде Рамиль есімді қазақ ұлтының киіміндегі балақайды да айтуға болады. Моп-момақан күйі отырғанымен, жанына жақындап сабағын беске оқитынын, армандарының да көп екенін білім алдым. Қасындағы балалармен достасып та үлгеріпті.

Ертегі кейіпкерлері мен түрлі бейнедегі өнерпаздарсыз жаңа жыл кешін елестете аласыз ба? әрине, жоқ. Олар балалардың көңілдерін одан әрі көтере түсті.

 Сарай ішіне кірсем, қызылды-жасылды ойыншықтар ілінген жасыл шырша сарай сәнін келтіріп, балаларға арналып тәтті дастархан жайылып,  баршасы  у-шу болып, мәз-мейрам. Ғажайып әлем дерсіз... Қызықты думан да басталды. Қала әкімі балғындарды жаңа жылдарымен құттықтап, тілегін білдірді.

 

Бүгінгі мерекенің басты кейіпкерлері қала әкімімен естелік суретке де түсіп үлгерді, қараңыздаршы, қандай керемет...

Қимыл-ырғақ келіссе, мың бұралып билегенге не жетсін!

 

Ал мына балғын да ұлттық киімде айрықшаланып тұрды. Туған елін сүйетінін, көркейтуге үлес қосатынын да айтқанда, жүрегімде қуаныш сезімі ұялады.

   Ал осындай тамаша көрініске тәнті болған менің де балалық шағым есіме түсіп, саяхаттап қайтқандай болдым. Әр мезгілдің өз қызығы мен дәурені болғанға не жетсін.....................



Бөлісу: