Оралда "Абай күніне" шара өткізілді

Оралда "Абай күніне" шара өткізілді
жеке
блог

      2020 жыл – еліміз үшін ерекше жыл, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Биыл елімізде тағы бір мереке күні пайда болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленді. Осыған орай, бүгін Орал қаласының Абай ескерткіші алаңында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен мерекелік шара өтті.

       Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шара алдымен ұлы ғұламаға тағзым етіліп, гүл шоқтарын қоюдан басталды.

         Мерекелік жиында өңір басшысы жиналған қауымды «Абай күнімен» құттықтап, сөз сөйледі. Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Мира Шүйінішәлиева бастаған өңіріміздің зиялы қауым өкілдерінің ақынға арналған өлеңдері оқылды. Ақын шығармаларын еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін білетіні қуантады. Мерекелік шарада мектеп оқушылары да қатысты. Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері оқылып, әндері шырқалды. Абай күнінде ескерткіш жанында ұлы ойшылдың қара сөздері жазылған ескерткіш тас қойылды.

Абай күніне арналған ескерткіш тас

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді және мәңгі өмір сүре бермек!

Фото: Жайық Пресс http://zhaikpress.kz/kk/