Орал, қонақжайлылығыңа рахмет!

Орал, қонақжайлылығыңа рахмет!
жеке
блог

Сәлеметсіздерме! Қалдарыңыз қалай? Мен болсам, жақында Орал қаласына алғаш рет барып келдім, сол жайында сіздермен бөлісейін дедім. Ал кеттік!

      Орал қаласына баруыма,  жазғы демалыс  уақытында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуім себеп болды. Жазда бір ай бойы Киевка кентінде жұмыс атқардық, яғни шөп жұлдық, гүл суардық, қоқыс жинадық тағы сол сияқты жұмыстар атқардық. Бір ай бойы 15 адам болып жұмыс істедік. Сол 15 адамның кейбіреулерін бұрын танитынмын, тіпті бір мектепте оқысақ та араласпайтынбыз. Осы жұмыс бізді біріктірді, бұрын тек сырттарынан танитын адамдарды басқа қырынан ашып, жақын таныстық. Осы жұмысқа тұрайын ба? Тұрмай-ақ жүре берейін бе? шынымды айтайын, құрдастарым білсе ұят болады деген ойлар өте көп болды. Ойланып-ойланып бос уақытымды босқа өткізбейін  деп, Киевкадағы жастар ісімен айналысатын орталыққа хабарласып, жұмыс істеп кеттім. Жұмыс істегеніме мүлдем өкінбеймін. Осы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының маусымының  Республикалық ашылу, жабылу салтанаттары жыл сайын өтіп тұрады екен. Жыл сайын әртүрлі қалаларда өтеді екен. Мысалы, осы жылы ашылу салтанаты Шымкент қаласында өтсе, жабылуы Орал қаласында өтті.

       Сонымен Қарағандыдан Орал қаласына жол тарттық. Қарағанды облысы атынан 6 адам болып бардық. Қарағанды мен Орал арасында тікелей поезд жоқ болу керек, ең алдымен Астанаға, Астандан Оралға жол жүрдік. Жол ұзақ, шамамен  1,5 тәулік. Оралға жеткенше біраз адамдармен таныстық, ойын ойнадық, кітап оқыдық, ұялы телефондарымызды қуаттаймыз деп әлек болдық.)) Оралға жеткен бетте, бізді гид - волонтер қарсы алды, бізге бас көз болып жүрді. Орал бізді тамаша, жылы ауа-райымен қарсы алды. Ең алдымен Орал қаласындағы саябақта “Отан ағаш” Республикалық акциясы өткізілді, яғни біз өз облысымыздың атынан ағаш отырғыздық. Мұражайларды араладық, пейнтбол ойнап, сергіп қалдық. Келесі күні спорттық ойындарға қатысып, еліміздің танымал жұлдыздары қатысуымен маусымның  ресми жабылу салтанаты өткізілді. Орал барынша өз қонақжайлылығын көрсетті, өте риза болдық. Маған ұнағаны, бұл кездесуге Республикамыздың барлық облысының жастары жиналып, біз сайысқа емес, кімнің облысы мықты екендігін дәлелдеуге келген жоқпыз. Біз осы іс-шара арқасында жаңа достар таптық, енді Қазақстанның түкпірінен көп болмасада таныс достарымыз бар. Тамаша уақыт өткіздік, кешкісін танысып, әңгіме айтып, тіпті гитарамен ән салғандар болды. Қазір әлеуметтік желілерде араласып тұрамыз.  Өте жылу кездесу болды. Қарағандыдан бірге барған қыздармен өте бауыр басып қалдым.  Оралдан келгеннен кейін де тығыз араласамыз, жол-сапар алдында оларды танымайтынмын.

   Cаяхаттауға мүмкіндік туа берсін.

     Оқығандарыңызға рахмет, сұрақтарыңыз  болса жазыңыздар!) Сіздер іс-сапармен қай жерлерге бардыңыздар? Қандай қызықты сәттер кездесті?