Операцияны уақытынан бұрын тоқтаттым

Мен Сіздерді, Сендерді сағынып кеттім, Массагет, Массагеттіктерім! Байқап қарасам, бұл мекенге келіп, әр "парағын" сапыра ақтарып, компьютер экранына "жабысып" қалғанша құмарым қанып сені оқымағалы, біраааз болыпты ғой, Массагет! Достар, әлбетте, сіздерге білінбеген де шығар, бірақ мен біраз күнге ат басын бұрмай кетіппін бұл мекенге. Тек соңғы жазбамды (Жігер Сопиев туралы емес, оның алдындағысы) асығыс жазып, одан соң кіріп тұрғаным, міне, осы қазір. Мен сағыныппын... Рас. Аз уақыт. Бірақ осы уақыт аралығында менде, "өзімде" әлдебір күрес жүргізілді...

Ойлағанмын... мен  тасжүрек болып кеттім деп. Сағыну, ұнату, іздеу, аңсау,... тағысын тағы адам баласына, жылаңқы жүрек иесіне тән сезім атаулының барлығын көміп қойғанмын. Солай дұрыс деп шешіп. Мен үшін барлығы тек ереже бойынша, тек талап бойынша, тек сілтеме бойынша, тек иесі өзің емес "жазба" бойынша болады деп ойлай бастап едім. Соған өзімді сендіруге тырысып бақтым. Кезіндегі жұмсақ жүрегімді "көкбет" етке айналдырып, түксиген қабағыма сай одан ары барынша қатал болып, адамдарға деген сүйіспеншілікті талап пен ережеге бағындыруға тырысып баққан ем...! Иә, рас! Рас! Мен өзімді солай өзгерткім келді! Виртуалды әлемді де ысырып қойып, соның ішінде Массагетті мүлдем жауып, тек арасында оқып, ал өзге (вк, фб) желілерде "қырық жылғы" жазбаларды қалдырып... қысқасы, бұрышта отырып алып, не көшеден көрген қайыршы үшін жылайтын, адамдарды көріп қуанатын, сағынуды, іздеуді білетін, ауылын, анасын сағынатын... адамдар арасында жәй ғана елеусіз өмір сүріп жүрген Мақпалды өзгерткім келген! Айналасындағылар қылықтарымен, оғаш мінездерімен, сатқындықтарымен, алдауларымен, тағысын тағы... жалықтырып болған, шындығында, өмір талап ететін қатыгез, қатал, мейірімсіз, ешкімге жаны ашымайтын, ешкімді түсінгісі де келмейтін Мақпалды жасап шығарғым келді! Иә, солай! Массагеттен алыстап, өзге желілерде өзгелерді өткінші сезімдеріммен, жазбаларыммен ендігі алдап жүре беруге... иә, иә, иә... шыдамадым! Былай тартсам, тән өледі, былай тартсам, ар өледі, былай тартсам, жан өледі. Өзгені қойып, өзімді алдап... Ешкімге жаным ашымай, барлығына селқос қарап, әркіммен тек пайда үшін ғана араласып, кішіреюді білмей, "а" дегенге, "мә" деп,  айналамдағыларды жамандап, туыстарды іздемей, өтірік күліп, өтірік сөйлесіп, бәрінің уақытша екенін білсем де, немқұрайлы өмір сүріп, өзімді барынша шаршатып, тіпті десеңіз, өзімді қоректендірмей, өткен бір күні құлап қала жаздайтындай халге, жұмыстан үйіме жете алмайтын күйге жеткізіп... қысқасы, өзімді өзім гүл болмасаң, күл бол" деп тастап жібердім... қаншалықты терең құлар екенсің, қаншалықты жаншылып, жермен-жексен болар екенсің деп. Жұмысқа өтірік барып, кешігіп барып, басшылардан ұрыс естіп, оқушыларыма орынсыз ұрсып... бәрімен бәрі жақсыдай өтірік сөйлесіп... қысқасы, жаман болдым мен. Білмеймін, өзімді сынағым келді ме, әлде мені ренжіткен адамдарға деген өкпем жазылмай қойғандықтан ба... қысқасы, барынша тырыстым! Өзіме тамақ бермей қойып, сөйлеуге халім жетпей қалғанда, Айшамен, әпкеммен тілдестім. "Қалай жеттің, жеттің бе" деп үйге әрең жеткен кешкі сағат тоғызға дейін хабарласқан әпкем, Айшам... иә, олар бар екен. Жанымда екен... Әкем де. Достар, мен қатыгез бола алмайды екенмін! Мен өмірге бұрынғы көзқарасыммен қарай берейінші? Әпкем ылғи "Бұлтыңнан түс! Жерге түс! Көзілдірікті шеш!" деп ұрсатын жерге түспей-ақ қояйыншы? Сол бұлтымда қалықтап, қиялдап, үзіліп түскен жапыраққа жылап, не адамды қағып кетсе, міз қақпай, не бір мезет күллі адам баласын құшақтағым келіп, не бір мезет бәрінен жерініп, айға, марсқа, әйтеуір жерден жырақ жерге қашып кеткім келіп... қысқасы, бар күйімде өмір сүре берейінші? Осылай қиялдап жүре берейінші? Жерге табаным тисе, жанып кетердеймін. Мен өзімді де, жан-дүниемді де өзгерте алмадым. Бәлкім, екіжүзді, хамелеон шығармын. Бәлкім, бірде шөл, бірде көл шығармын. Бәлкім, қонарымды сай, ұшарымды жел білетіндей жүретін шығармын. Бәлкім, жәй ғана осы күйде бар шығармын. Бәлкім, мен осындай шығармын. Достар, бәлкім, ақымақ та шығармын (күмәнім жоқ)... Бірақ мен сондаймын. Және өз ырқымнан шығып, өз санамнан асып, өз жүрегімді билей алатын халде емес екенімді түсіндім. Айнаға қарап, өзіммен-өзім амандасар халге жетпей тұрғанда "өзімді өзгерту" операциясын мерзімінен бұрын тоқтаттым! Тағы да аяқсыз қалды! Айып етпеңіздерші? Сол күйде қайтып келдім. Кеткенім - өзіме ғана аян еді. Иә.

Лағып, әрнені жазып кеткен шығармын. Бірақ солай. Бұл блок осындай болсыншы. Қолға ерік бердім. Жазып жатқан "саусақтарым"... айыпты. 

Білмеймін, мұңымды еске түсіріп, барымды ұрлаған, сағынышымды арқалап келетін көктемді ерекше сағынғандықтан ба... дәл бүгін сол операцияны тоқтаттым! Құрал-саймандарды жинап, барлығын қоқыс жәшігіне тастадым! Мен өзімді де осындай күйде қабылдау керек екенімді ұқтым! Мен осындаймын! Амал жоқ деу керек пе, әлде сорыма ма, бағыма ма, білмедім. Бірақ мен осындаймын. Кешіріңіздер, Массагеттіктерім! Қайтып оралар мекеннің де бар болғаны мұнша жақсы болар ма!!! Рахмет Сіздерге!

Өткенде қар жауып өткенде,

Үнемі көңілді жүретін бір достым,

Мұңайып...

Сәлемін жолдады көктемге...

Өткенде...

Қар жауып өткенде...

 

  Көктем, қош келдің! Бұл жолы мені ренжітпеші, өтінемін! Сағындым ғой сені!!!... Сеземісің... 

/бірінші наурыз, екі мың да он төртінші жыл/



Бөлісу: