2023 жылдың желтоқсан айының жиырма бірінде әлемнің 50 елінен келген 50 студент G50 K-Academy жобасының аясында «Кореяның ақпараттық-коммуникациялық технологиялары» атты сабағына қатысып, Кореяның жартылай өткізгіштер нарығы туралы білім алды. Бұл күнгі сабақ Самсунг инновациялық музейіне экскурсияға барып, оның тарихымен танысумен аяқталды.
XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар заманы демекші бүгінгі таңда әлем бойынша жартылай өткізгіш өнеркәсібіндегі үстемдік үшін жаһандық бәсекелестік өте қарқынды болуда. Бұл бәсекелесте АҚШ пен Қытай секілді ұлы державалармен қатар Жапония, Тайвань және Оңтүстік Корея мемлекеттері әлемдік деңгейде жоғары нәтижелерді көрсетуде.
2022 жылдың нәтижесі бойынша жартылай өткізгішті құрылғылардың жалпы нарығында АҚШ 50%-бен бірінші орынды, ал Оңтүстік Корея 17.7%-бен екінші орынды алды. Әсіресе жартылай өткізгішті жады құрылғылары бойынша Оңтүстік Корея әлем нарығының 60.5%-ын қамтып, бірінші орынға иеленді. Оңтүстік Кореяның жартылай өткізгішті жады құрылғылары жоғары сапалы технологиямен жабдықталып, жасалынған. Алайда корей компаниялары әлемдік бәсекелестегі өз орнын сақтап қалу үшін үздіксіз зерттеулер мен инвестициялар жасап, одан да жоғары дәрежеге көтеруді көздеп қана қоймай, өздерінің озық технологияларының негізінде жартылай өткізгішті Foundry нарығындағы үлесін үлкейтуге ұмтылуда.
Ал жүйелі жартылай өткізгіштер бойынша АҚШ 69.9%-бен әлем нарығының үштен бір бөлігін алып, әлдеқайда алда тұрғандығын көрсетті. Мұнда екінші орынды Тайвань (9.6%), үшінші орынды Еуропа (9.5%), төртінші орынды Жапония (4.9%), ал Оңтүстік Корея 3.1%-бен бесінші орынды алды.
Осыған орай Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль 2023 жылдың екінші тоқсанында мұндай әлемдік қарқынды бәсекелесте Кореяның жеке меншік компаниялары жалғыз, жеке мемлекеттің күшімен жеңіске жете алмайтындығын ескеріп, мақсатқа жетуде бұл саладағы мықты шетелдік компаниялармен байланысты нығайту керектігін атап өтті.
Қазіргі таңда жартылай өткізгіштер өнеркәсібіндегі бәсеке тек экономикалық бәсеке ғана емес, ол әлемнің геосаяси жағдайын басқарып, өзгертетін сала. Сол себепті әлемнің үлкен державалары бұл салада озық болуды мақсат етіп, бар күштерін жұмсауда. Оңтүстік Корея жартылай өткізгішті даярлауда қажет ететін табиғи байлық қоры мен шикізаттарының аздығы, тіпті жоқтығына қарамастан ұлы державалардан қалыспай, кейбір саласында олардан да жоғары деңгейде тұр. Сондықтан Оңтүстік Корея қазіргі таңда ақпараттық технология саласы бойынша ұлы держава деп те аталып жатады. Корейліктердің осындай жоғары деңгейдегі жетістікке жетуінің сыры бүгінгі таңда баршаға мәлім, яғни ол – адам ресурсы, білім мен еңбек ресурсы мен оған деген инвестицияның үздіксіз жасалуы.
Ал Қазақстанға келер болсақ, біздік еліміз табиғи қоры бай ел, алайда бұл саладағы біздің өнеркәсібіміз дамымаған. Ақпарат технологиясы – болашақтың кілті демекші біз де бұл саладағы алдыңғы қатардағы елдермен байланыс жасай отырып бұл саладағы кәсіби білімімізді жетілдіріп, олармен тәжірибемен алмасып, өнеркәсібімізді дамыту керекпіз. Екінші дүниежүзілік соғысынан кейінгі жылдары Оңтүстік Корея әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі болғанын және табиғи ресурсы да керемет емес екендігін ескеретін болсақ, адам ресурсының, білім мен еңбек ресурсының сондай күшті екендігін байқауға болады.