Қатыгездік, әділетсіздік пен безбүйректік адам санасын жалмап бара жатқан бұл заманда қоғам санасы мен құндылықтарының өзгеруі анық байқалады. Өз ішінен туған баласын қоқысқа тастап, туғанынан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген баласы ата – анасын қартайған шағында қараусыз қалдыратын жауыздық бүгінгі қоғамның қалыпты жағдайына айналды. Мұндайды қазақ: «іштен шыққан шұбар жылан», - деп бекер айтпаса керек. Бұл қатыгездіктің айқын дәлелі – қоғаммен байланысы үзілген, өзімен – өзі тіршілік ететін, сұрықсыз күйге түскен кісілер паналайтын – қарттар үйі. Жыл санап қарттар үйін паналайтын адамдар саны өсуде. Жағаны ұстататын осынау қоғамды жаулаған жауыздықтың алдын қалай аламыз? Сұрақ көп, жауап аз...
Ежелгі қазақ даласында, біздің данагөй халықта қарттар үйі деген ұғым мүлде болмаған. Қазақ қартын қанғыртпаған, керісінше: «қарты бар үйдің – қазынасы бар», - деп үлкеннің батасы мен разылығын алуға барынша тырысқан. Алайда, 70 жыл бойы кеңестік үгіт – насихат санасын улап, дінін, тілін, ділін ұмытқан қоғамнан тараған ұрпақ бұл тәрбиенің мәнін, қарттардың қадірін түсіне ме?
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде 49 мемлекеттік және 9 жекеменшік қарттар үйі бар екен. Мұнда 35 мыңға жуық қазақстандық тұрады. Оның 45,5 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Бұл небәрі 19 млн. халқы бар біздің мемлекет үшін тым жоғары көрсеткіш.
Қарттар үйін паналайтын адамдар санының көбеюін әркім әрқалай түсіндіреді. Бірі маңдайға жазылған тағдыр десе, екіншілері қазір адам санасын дүние мүлік жаулап, қоғамда қатыгездік, жауыздық пен ағайын алшақтығының болуынан деп есептейді. Балаға барын беру үшін күні түні жұмыс істеп, балаға дұрыс көңіл бөлмеген ата – ана кінәсінің салдары осы деп топшылайтындар да аз емес. Не де болса, жастардың ата -анасын сыйламауынан, келіннің ата-енемен жауласып, күтім жасамауы, өзінен туған ұл-қыздарының имансыздығы қарттарды тентіретіп жіберді. Осындай, ата-анадан гөрі қара бастың қамын ойлайтындар көбейгендер есебінен қарттар үйі де жыл санап артып келеді.
Мәселенің мән – жайын анықтау үшін Алматы қалалық «Доброе сердце» қарттар үйіне бас сұқтық. Қарттар үйінің қызметкері Ақылбекова Бегайым ханымнан қарттар жағдайына байланысты біраз жайтты сұрап, білдік. Оның айтуынша, мұнда айына кем дегенде 2-3 адам келіп түседі. Орта есеппен жылына 15-18 шақты қарт орналасады. Былтырғы 2021 жылғы жалпы есепте 326 адам тіркелсе, биылғы бастама есепте 313-ке жетіп отыр. Соның 112-сі – қазақтар. Жасы жеткендер өмірден озады, бір-екі айда орындары қайта толығады. Бұл үйде ақ сақалды, ақ самайлы ата-әжелеріміз, талай жыл бейнет кешкен қариялар мен кеуана-қарттарымыз, әртүрлі топтағы мүгедек жандар, мемлекет көмегін қажет ететін және жалғызбасты адамдар тұрады. Ал «Доброе сердце»қарттар үйі директорының орынбасары Зацепина Лаура: «Интернатқа жасы 70-тен асқан жақындары, бала-шағасы жоқ зейнеткерлер мен мүгедек жандар келеді. Басым көпшілігі орыс ұлты, одан кейін қазақ қариялары.Олардың алғаш түскен айында көпшілік қоғамға бейімделуі қиын. Ол үшін арнайы психолог мамандар жұмыс жасайды. Алғашқы жәрдем көрсететін медбикелер де бар. Жақсы жағдайдың нәтижесінде олар ұзақ ғұмыр кешеді», -дейді.
Мұндағы әр қарттың көзінде мұң мен жас, жанына беріштей батып отырған реніш бар. Қартайған шағында немере бағып, балаларының қызығы мен бейнетінін зейнетін көремін деп армандаған әрбір қарт осындай тағдыр тауқыметін тартатынын мүлде ойламаған керек. Олардың жан – жарасын мемлекеттің жасап отырған жағдайы да, қолдау көрсетіп жүрген жандар да, өзі сияқты күн кешіп жүрген замандастары да емдей алмайды. Өкінішке орай, бүгінде біздің елімізде дүниеге құныққан жас ұрпақтың санасына қарттың қадірін түсіндіріп, оларды қараусыз қалдырмауғаүгіттейтін, қарттар үйінің санын азайтуға жұмыс атқарып жатқан ешқандай заң да, ұйым да жоқ. Қоғам дерті болған бұл үлкен мәселе мүлде елеусіз қалуда.
Мысалы, Голландия мемлекеті жастарды қарттарға құрмет көрсетуге, қартайғанда оларды бағып – қағуға, отбасы құндылықтарын сақтап қалуға бағытталған 7 ережені іске асырған. Олар:
1. Қоғам өзгерісі отбасыдан және олардың қарт адамдармен қарым-қатынасынан басталуы керек. Қарт адамдарға ауыртпалық ретінде қарауды тоқтатып, оларға өмірдегі ең маңызды адамдар ретінде қарай бастаңыз.
2. Жайлы өмір сүруін қамтамасыз етіңіз - тамақ , дәрі-дәрмек , киім және баспана.
3. Қарт адамдардың қалауын орындауға тырысыңыз.
4. Оларды бақытты етіңіз. Бұл кез келген балақыз ата-анасына беретін ең үлкен сый. Қарт адамдар балаларымен және немерелерімен бақытты болған кезде ... қарттар үйлерінің саны автоматты түрде азаяды.
5. Аз қамтылған отбасылар қарттарға жағдай жасай алмаса, үкімет әлеуметтік қамсыздандырудың кейбір баламаларын ұсынуы керек.
6. 60 жастан асқан еңбекке қабілетті және дені сау адамдар өздерінің мүмкіндіктерін қарттар үйінен баспана іздеудің орнына өмір сүру үшін пайдалануы керек. Яғни, әр қарт өзінің хоббиімен айналысу керек.
7. Мемлекет тарапынан қолдау мен сақтандыру егде жастағы адамдардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасайды.
Таңқаларлық жайт, осы 7 ережені 1жыл көлемінде қолданғаннан кейін, Голландияда отбасы мүшелерінің арасындағы қарым – қатынас нығайып, қарт адамдар бақытты бола бастаған, ал қарттар үйіне баратын адамдар саны 40 пайызға кеміген.
Біздің елімізде ата – баба дәстүрі мен дана халқымыздың тәрбиесін халық санасында жаңғырту керек. Отбасы құндылықтары мен үлкенге құрметті дәріптейтін бағдарламалар оқу орындарында іске асса, жас ұрпақ бойына дұрыс тәрбие сіңіріп өседі. Қарттардың құқығын қорғайтын, оларды қараусыз қалдырған балаларына үлкен сомадағы айыппұл салатын заңдар мемлекет тарапынан енгізілсе, қарттар үйін паналайтын ата – әжелеріміздің саны азаюы мүмкін.
Әр адам қарттықта немере – шөбере бағып, бақытты ұзақ ғұмыр кешуді армандайды. Алайда, кейде Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған бауыр еті баласы ата – анасын қартайған шағында армандаған ғұмырына зар болып, төрт қабырғаға қамалып отыруға тастап кетеді. Мұндай тасжүрек, ата – анаға деген мейірімі мен жылулығы жоқ балаған қайыр күтіп өткен қарттың өмірі осылай аяқталса, онда сүрілген ғұмырдың маңызы қанша? Бұл өмірдің бос өткені емес пе. Осы орайда «Қара шал» әнінің:
«Онша тар емес еді пәтерің де,
Осында тастап кеттің әкелдің де.
Сынаптай сырт айналса туған балаң,
Тірідей өлгені ғой әкеңнің де.» -, деген жолдары ойға келеді.