Онлайн танысуда жіберетін қателіктер 2 (қыздар үшін)

Өткен жолы жігіттерді сөгіп, қателіктерін тізіп жазған едім. Сынды қабылдай алғандар түзелді, қабылдай алмағандар сол күйі қалды. Жігіттер жайлы жазу оңай болса да, қыздар қауымының қателіктерін жазу сəл қиынға түсті. Мойындағымыз келмейді ғой, қайтейік?) Сонымен, кеттік, қыздарды да "жамандайық"!

1) Бет алды ұрысып беру. Иə, жігіттің бетін қайтарамыз деп, меселін қайтаратынымызға мəн бермей жатамыз. Осыдан да болар "танысуға рұқсат сұраушы" жігіттердің көбеюі. Сөз сүйектен өтетінін ескерсек, танысқыңыз келмесе дүрсе қоя кетпей, бір-екі ауыз сөзбен-ақ бас тартуға болады.

2) Тек өзім жайлы... Табиғатымыздан қыздар қауымы көп сөйлегенді жақсы көреміз. Əсіресе, тыңдаушың болса сағаттап отырып өзің туралы айтудан жалықпайсың, иə? Дегенмен, жаңа танысқан сəтте екі тарап та жақсы тыңдаушы əрі жақсы сөйлеуші бола білу керек.

3) Тым көп күттіру. Кездесуге шақырса кемі 15 минут күтсін, хабарлама жазса да, тіпті, хабарласса да күтсін дейміз. Мейлі, қызбыз ғой)) Алайда сағат сайын күттіріп, уақытын ұрлайтын адам кімге керек? Хабарламасына дəл қазір жауап бергіңіз келе ме, жазыңыз! Кездесуге дəл уақытында дайын болсаңыз, алға! Сізге не кедергі?!

4) Мм... аха... аа... Мына сөздерді жазбаған адам жоқ шығар)) Əңгіме барысында осылардың бірін қолдансаңыз, не тақырып өзгеріп кетеді, не əңгіме үзіліп қалады, байқадыңыз ба?) Оның орнын басқа мағынасы бар сөздермен не сұрақтармен ауыстыруға тырысыңыз.

5) Жаман сөзбен жақсы көрінемін деп ойламаңыз! Боғауыз сөз жалпы жігіттерге де, қыздарға да жараспайды! Əсіресе, қазақ қызына! Ондай сөздермен "өзінше, керемет" көрінемін деп үміттенудің қажеті жоқ. Былапыт сөзбен хабарламаңызды былғап жақсы көрінбесіңіз айдан анық.

6) Қыздардың ең жиі жіберетін қатілігі-тым мазасыздығы. Жігітті күттіргенді жақсы көре тұра, өзіміз күткіміз келмейді. Хабарламаңызға жауап бермей жатса арты-артынан ұзын сонар етіп өкпеңізді жазып, мазасызданудың реті жоқ. Пендеміз ғой, бір хабарламаға жауап бермесе болды, нешетүрлі ойға кетеміз, иə? Осындайда сабырлық деген асыл қасиетті серік етсеңіз ұтылмайсыз.

7) Өтірік өрге баспайды... Жаңа танысқан жанға өтірік айтып, жақсы əсер қалдырсаңыз да, түбінде опық жейтініңізді ұмытпаңыз! Өтірік сөзді əдетте қыздар көп айтады, өзін керемет көрсетемін деп, тіпті, қалай алдағанын өзі де аңғармауы мүмкін. Болашағыңызды ол жанмен байланыстырмаймын десеңіз де, ашылмайтын сыр болмайтынын ұмытпағаныңыз жөн.

8) Тым көп талап қою. Ақылды, иманды, сымбатты, 2 диплом, көлік, үй... т.б. Тізім жалғасып кете береді. "Қыздар өзінің нені қалайтынын білмейді" деген сөз рас. Бəрі бірден бола қалса дейміз. Таныса бастағанда, тіпті, таныспай тұрып-ақ ол жігіттің парақшасын ақтарып,  талапқа сай келе ме, жоқ па соны сұрыптап тастаймыз. Алдымен сөйлесіп көріңіз, бəлкім сіз күткен ақбоз атты ханзада сол шығар? Жүрегіміз біз қойған талаптарға бағынбайды емес пе?!

9) Алғашқы болып жазбаймын! Қыздардың көпшілігінің қағидасы бұл. Қай заңда жазылыпты "барлық кезде тек жігіттер жазу керек" деп? Жай жағдайын білу үшін бір хабарлама жіберсеңіз еш жеріңіз кеміп те қалмайды, одан абыройыңыз түсіп те қалмайды! Анығында абыройды түсіретін мүлдем басқа дүниелер...

10) Сауаттылық! Ең бастысы жəне тізімдегі ең соңғысы сауатты жазу! Қазақша қаріп жоқ болса да, түсінсе болдыға салмай, сауатты жазуға талпыныңыз. Былапыт сөз қолданбайтын, сауатты жазатын қызбен кім сөйлескісі келмейді?) 



Бөлісу: