Онлайн білім беру кәсібилігімізді шыңдай түсті

Ойда-жоқта пайда болған коронавирус инфекциясы денсаулыққа қауіп төндіріп қана қоймай, өмір сүру салтымыздың бірқатар тұстарын қайта қарауға мәжбүр етті. Пандемия бүкіл әлем бойынша жаппай еңбек нарығындағы келеңсіздіктердің де бетін ашты. Әрине, адамзаттың осы күнге дейін алған бай білімі мен тәжірибесі осындай кезде сыналады.

Пандемия біздің салаға, яғни, білім саласына да үлкен қауіп төндірді. Өзім әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде бірнеше жылдан бері ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп келе жатырмын. Студенттерге қашықтан дәріс оқып, олардың білім көкжиегін үйде отырып кеңейтуге тырысу, әлбетте, менің тәжірибемде алғаш рет болды. Сондықтан болар, бұл жолы жауапкершілік екі есе артты деуге толық негіз бар. Әсіресе, білім қуған студенттерге өзге тілді онлайн форматта үйрету оңайға соқпасы белгілі. Оның үстіне менің міндетім тек тіл үйрету ғана емес. Қазіргі таңда «Академиялық мақсаттарға арналған шет тілі», «Оқытылатын тіл теориясы», «Scientific writing»  пәндерінен сабақ беремін. Атаулары айтып тұрғандай – тұтас ғылыми стандартқа негізделген терминдер мен ұғымдарды егжей-тегжейлі түсіндіруді талап ететін күрделі сабақтар. Дәл қазіргі сәтте 250 студентке сабақ беремін. Әрине, студент болғаннан кейін еңбекқоры да, еріншегі де бар. Десе де тәлім алушыны білімге қызықтыру, еліктіру – ұстаздың міндеті. Сол себепті, мен әркез өзімнің алдыма биік мақсаттар қойып, әр шәкіртімнің жоғары дәрежеде білім алғанын қадағалап, кейін өмір жолында ұстаздары мен алған білімін еш қысылмай айта жүретіндей етуім керек деп есептеймін. Мұндай терең жауапкершілікпен берілген білімнің сапасы жоғары боларына да бек сенемін.

Қазір негізінен онлайн нұсқада білім берудің екі түрлі форматын қолданып жүрміз. Бірі – Microsoft Teams, бірі – Zoom платформасы арқылы жүзеге асады. Қай-қайсы да жоғары деңгейлі талаптарға сай. Жеке өзім барлық сабақтарды Zoom платформасы арқылы синхронды түрде жүргізіп келемін. Ал студенттердің үй тапсырмасын, жеке жұмыстарын, түрлі жобалар мен қорытынды жұмыстарын қабылдап алуды ҚазҰУ-дың Moodle қашытықтан оқыту жүйесі арқылы жүзеге асырып келеміз.

Алматыда интернет жылдамдығы да жоғары. Сондықтан сабақ беру кезінде техникалық қиыншылыққа тап болмайсың. Дегенмен шалғай өңірлерде тұратын студенттер үшін дәйім онлайн форматта білім алу қиынға соғып жатқан жайы бар. Интернет қолжетімділігі төмен аймақтарда тұратын студенттерім дәрісті арнаулы сілтеме арқылы көріп, үй тапсырмасын менің электронды почтама жолдап отырады. Ондай студенттерге арнайы қосымша уақыт бөліп, олардың оқу бағдарламасынан қалып қоймауын қатаң қадағалаймын.

Айналасы бір жылдың ішінде біз өмір сүру мен жұмыс істеудің мүлде басқаша балама түріне көшіп алғанымызды байқап отырмыз. Барлық қызметтер онлайн форматқа ауысты. Онлайн білім беруден бөлек, тамақ, киім, түрлі тауарға да онлайн түрде тапсырыс беруге мүмкіндік мол. Қазір қалтаңа ақша салып, дүкен аралаудың да қажеті төмендеп бара жатыр. Әрине, оффлайн қарым-қатынас ешқашан жойылмасы анық. Бірақ онлайн сауда-саттық пен тауарлар мен қызметтерді онлайн түрде тұтынудың да тиімділігі күн сайын дәлелденіп жатқанын ешкім де жоққа шығара алмас. Ал жастардың жарқын болашағына, халықтың мәдениеті мен еңбек қабілеттілігіне тікелей жауапты саналатын білім саласының онлайн форматты ерекше үздік сапада меңгеруі – заман талабы. Мұны біздің қара шаңырақ – университетіміз жақсы меңгеріп, оқу бағдарламасын ойдағыдай жүргізіп жатыр. Тіпті білім беру қарқыны жылдағыдан жоғары десе де болғандай.

Биыл біздің университет жер-жаһанда ТОП-200 жоғарғы оқу орны қатарына кіріп, QS рейтингінде 165 позицияға көтерілді. Әлемді жаулаған COVID-19 оқу сапасын төмендеткен жоқ, керісінше, жұмыс жылдамдығы мен оның сапасы жақсы нәтижелер көрсетуде. Қазір біз, педагогтар, онлайн білім беру тиімділігін одан әрі арттыра түсетін тетіктерді қарастырып, білім берудің түрлі нұсқаларын қайта қарастырып жатырмыз. Ізденіс ешқашан тоқтамайды. Ұстаз ізденісі тоқтаған күні білім саласының да тоқырап сала берері белгілі. Сондықтан індет біздің міндетімізді одан әрі күшейтті. Түптің түбінде жүзбе-жүз жүйеге қайта келерімізге сенеміз. Бірақ оған дейін онлайн білім беру бағыты біздің кәсібилігімізді тек шыңдай түседі деп ойлаймыз.   

 

 

Толқын Қоңырбекова,

жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының аға оқытушысы.



Бөлісу: