Өнерін өлеңмен өрнектеген – Мұқағали

Әлемдегі ең биік шыңдардың бірі, қазақ жерінің ең асқақ нүктесі –Хантәңірі шыңының бауырындағы таулы өлкеде туған адамға әрдайым Көктің нұры да, Күннің шуағы да, Айдың сәулесі де алдымен түсетіні ақиқат. Сондықтан да бұл адамдардың бойына ерекше қуат, айрықша асылдық, өзгеше дарын мен қабілет қонған. Тағы бір ерекшелік – тау бөктерінде қарағай, шыршалар ғана бой түзейді және олар тік өседі. Жел тұрса, боран соқса, ойлы жердің талы секілді майыспайды, қобылы жердің қайыңы секілді басы жерге жеткенше иілмейді. Бұндай өлкеде туған адамдардың мінезі де сондай. Әр қайсысын жеке-жеке бір-бір қарағай немесе шырша дерсің.. Міне осындай, арысы алты құрлыққа, берісі алты Алашқа әйгілі Мұқағали Мақатаевтің тұла бойына таудан тұнған тазалық, биіктік, өрлік, сонымен бірге қарапайымдылық пен кішіпейілділік тән екенін білеміз...

Ақиық ақын осынау Жетісу жерінде, Райымбек ауданының, Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан. Жастайынан білімге құштар болған Мұқағали, мектеп табалдырығын үздікпен бітіріп шыққан болатын. Ол өзінің поэзияға деген алғашқы қадамдарын 18 жасынан бастайды. Мұқағалидің «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» атты алғашқы өлеңдері ауданындағы «Советтік шекара» атты газетінде жарияланған еді. Одан кейін оның «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді. Осылайша М. Мақатаев өз шығармашылық жолын бастайды. Оның өлең-поэмаларын қазіргі таңда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жатқа біледі. Неліктен? Себебі Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:

«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, - деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын.  Ол өзінің өлеңдерін тек лирикалық стильде емес, туған жер, патриот- тық  стильде де жазган. Атап айтқанда: «Қайран, Карасазым-ай!», «Қазақстан», «Отан», «Үш бақытым», «Тауда өстім», «Қазақ жері» атты еңбектері қай қазақтың болмасын жүрегін елжіретіп, өз Отанына деген сүйіспеншілігін оятатыны сөзсіз. Себебі, кір жуып, кіндік қаны тамған туған жері, ғажайып өлкесі туралы толғанысы кімнің болмасын жүрегіне жетері сөзсіз. Мұқағали Мақатаев адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген ақын. Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс ғана емес, жанды, сезімтал болып келеді. Сол үшін де ол Алатауға мұң шағады, жас қайыңнан өзіне сырлас табады, жапырақты жүрекке теңейді, мергеннің оғына іліккен аққу мен киікке жаны ашиды. Ол кейіпкерлерді өз қиялындағы таза табиғат құшағына, ата кәсіп басына жетектеген – жеңіл - жеңсік, әуесқой емес, ішкі жан драмасын ашуға құрылған.

Ал автордың  қуаныш сезіміне бөленген көңіл күйін «Біздің көктем» өлеңінен де көруге болады. Көктем мезгілі жер - дүниенің жасарып, тіршілік атаулының басталар тұсы және табиғат ананың босанып, айнала әртүрлі гүлдерге көміліп, жасыл желекке бөлінер сәті болғандықтан ақын көктемді өмірдің, жаңа тіршіліктің басы ретінде жырлайды. Лирикалық кейіпкердің көңіл - күйін, жан - толқынысын, сезімін бейнелеу, суреттеу арқылы маусымның қайталанбас сәттерін бейнелеп береді. Күзді бейнелеудегі ақынның әдісі өзгеше.

«Сен менің тынысым ең, тұрмысым ең,
Сен үшін өмір сүріп тырмысып ем.
Жыл құсымен оралған жаным менің,
Бірге аттанып кетесің жыл құсымен.
Қызылы жоқ қырманды – күзде міне
Қайтқан құстың қараймын тізбегіне,» - деп, өз сағынышын, күрең күзгі күндерін мұңдана еске алып, құлазыған көңілін қайтқан құспен сабақтастырады.

Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қадірлейтін мұрасы болып табылады. Ақынның айта берсек өзінен кейін қалдыр-ған керемет туындылары жетерлік. Оның әрбір шығармалары ел жадында мәңгі сақталмақ, өйткені Мұқағали тарихтағы өз ұлтының ұлы ақыны, поэзияның көр-кем өкілі, әрі лириканың атасы деп айтсақ та артық емес. Ақын жайлы Қазақстан-ның Халық жазушысы – Тұманбай Молдағалиев былай дейді:
«Мұқағали Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жаршысы. Оның өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын қуаныштан туған.» Әрине, мұнынмен келіспеске болмайды, себебі жүректен шыққан нәрсе, мейлі ол әуен болсын, мейлі жыр болсын, үнемі жүрекке жетеді. Өйткені ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын болып мәңгілік ел жадында сақталмақ!



Бөлісу: