Жеке орындаушы, жеке биші болу бір басқа да, ұжыммен бірігіп жұмыс жасау, ансамбльге жетекші боп, оған әртүрлі билерді қою дегеніміз бір басқа.
Би қоюшы хореограф немесе балетмейстер кәсібі шексіз қиял мен бойдағы таусылмайтын шабыттың көзін білім, тәжірибемен шығармашыл ұштастыра білдіруді талап етеді. Осындай өнер иесі қызылордалық Гүлбану Мырзабаеваның хореографиялық еңбегін халықаралық конкурстардың талай жүлдегері болған «Томирис» би ансамблінен көруге болады. Ол еліміздегі «Үздік хореограф», аймақтық «Жылдың үздік балетмейстері» және тағы басқа көптеген марапаттарға ие өз ісіне берілген кәсіби маман.
Облыстық филармонияның «Томирис» ансамбліне биыл 15 жыл толып отыр. Ибрашева Сәрсенкүл құрған ансамбль төрт бишіден басталып, бүгінгі күні 25 бишіге дейін толысып отыр. Бай репертуарында әлем халық билері бар ансамбль негізінен қазақ билерін насихаттайды. Мәселен, биыл наурыз айында түркітілдестердің мерекесіне орай Ыстамбұлда және Нью-Йорк пен Вашингтонда апталап қазақ биін насихаттады. Тәттімбет күйіне қойылған «Аққу-қыз, гәкку-саз» және «Тұран» фольклорлық ансамблінің музыкасына қойылған «Дала қызы» композициялары шетелік көрерменін тәнті етті.
- маған Еділ Құсайыновтың ғасырларға тереңірек бойлап жасаған дыбыстық ізденістері, аспап бояулары ұнайды. Шығармашылығымда осындай музыкалық туындыларға стилизацияға, яғни жаңаша көркемдеу жасауға жақынмын, - дейді Гүлбану Елубайқызы.
Бұл бағытта Гүлбанудың «Сақ арулары», Е.Құсайынов күйіне қойылған Желтоқсан оқиғасына арналған «Қайран қазақтың қыздары-ай» жиі сұранысқа ие. Гүлбанудың шығармашылық қадамдары ескерусіз қалмай, еленіп жүр. «Томирис» Ш.Жиенқұлова атындағы қазақ биінің республикалық конкурсында «Қазақ биін жаңаша көркемдеу» номинациясының иегері. Сонымен бірге қытай, корей, испан, армян, грузин, өзбек, ұйғыр билерін сахналап жүрген ансамбль сәуір айында Гүлжан Талпақованың 1-республикалық конкурсында моңғол биі үшін 2-орынға ие болды. Халықаралық жастар «Шабыт» фестивалінде «Ғасырлар үні» би композициясы үшін лауреат болды.
Бойында туабітті көшбасшылық қабілет бар, бастаған істі мәресіне дейін жеткізуді жөн көретін хореограф «соңында жүргім келмейді» дейді. Осындай ұстанымымен тоқсаныншы жылдары қоғамдағы күрделі өзгерістерге қарамастан «Томиристі» аяққа тұрғызу керек болды. Би десе ішкен асын жерге қоятын жетекші жанкештілікпен көп еңбек етті. Бишілер әр күні суық залдарда дайындықтар жүргізді. Ал, өз атына банктен несие алып Қытайға барып, ансамбльге костюм тіккізгені өз алдына бір әңгіме.
Осыдан жиырма үш жыл бұрын Қорқыт Ата университетінің хореография кафедрасын ашқанда жұмысқа орналасқан Гүлбану қазір кафедра меңгерушісі, доцент. Мұнда да «Дидар» халықтық би ансамблін ұйымдастырды. Ғылыми-тәжірибелік зерттеулері «Қазақтың сахна биі» оқу-әдістемелік басылым боп жарыққа шықты. Г.Мырзабаева өзін ең алдымен ұстаз санайды. Өйткені, осы облыс пен қалада, аудандарда ең табысты еңбек етіп жүргендер өзінің шәкірттері.
Кәсіби өмірінде табысқа жетуде ылғи түсіністікпен қолдаған жолдасы Жанатбектің ролі зор болды. Ол да өнер адамы, дизайнер. Ансамбльмен конкурстарға, шетелдік гастрольдерге сапарға шыққанда Жанатбек балаларға қарап, ешуақытта аяғына тұсау болған жоқ. «Өзіме хореографиядан басқа мамандықты елестете алмаймын. Мектепті 4-5-ке бітіріп, бишілікке оқимын дегенде анам қарсы болды. «Бұлай секеңдеп жүре беремісің» деп. Менің қайтпайтын шешімімді көрген соң ғана рұқсатын берген еді», дейді ол.
Тақыр жерге гүл өспейді. Гүлбануға бишілік өнер нағашы әжесі Ізімкүлден дарыған. Әжесі ән айтып, би билеген, Күләш, Шаралар секілді өз ортасының сәні, әсем адам болыпты. Бірақ жолдасы рұқсат етпеген соң мәдениет үйлеріне, клубтарға өнерін көрсетуге бара алмапты. «Әжем ылғи бізге ән салғызып, би билеткізетін», - дейді Гүлбану балалық шағын еске алып. Биге құмар мектеп оқушысы үйірмеге қатысып, алғашқы би сабағын Т.В.Угай деген ұстаздан алады. Ол биле, оқы, сенен жақсы маман шығады деп өнер жолына бағыт береді. Сол арманы жетелеп, оқуды Жезқазған мәдени-ағарту училищесінде бастаған жас қыз Шымкентте жоғары оқу орнын осы мамандықтан бітірді. Алған білімін оқу мен өнер саласында тең ұстап үйренгенін тәжірибеге ұтымды ұластырып жүрген нағыз кәсіби өнер иесі.
Өнерсіз қыздан без демей ме, Гүлбану Елубайқызы бойындағы ерекше қабілетімен елінің руханиятының өркендеуіне үлесін қосып жүрген өнерлі жандардың бірі.