Өнердің егіз қозысы
блог
Замана бұлбұлдары
Музыка тұрғысынан алғанда шынайы өнер - халықтық ән-күй және тамырын содан алып дүниеге келетін жаңа заман туындылары. Осы бір тамырластық дәстүрге кешегі қазақ совет композиторлары өте адал болды. Олар өздерінің халықтық дәстүрден нәр алған туындылары арқылы алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарда есін біліп, етегін жапқан ұрпаққа рухани тәрбие берді. Алайда, сол ұрпақтың арасында бүгінде өнердің маржанынан жерініп, арзанына емініп жүргендердің бары екені тағы рас. Оны көргенде жаның жабығады.
Сондайда аға ұрпақ дәстүріне адалдығынан танбай келе жатқан аяулы әншілердің әнін тыңдағың келеді. Тыңдасаң жаның жадырайды. Жақсының аз болатыны секілді олар өте сирек.
Сол сирек те, талғамы биік өнер өкілдерінің қатарында Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның әншілері Ханзада Сахипова мен Назым Шаймарданованың жұлдыздары ерекше жарқырайды.
Өнердің егіз қозысы боп жүрген екеуінің репертурындағы әндерді тыңдағанда жан-дүниеңді шексіз рахатпен қоса ризашылық сезімі де баурайды. Себебі сонау бала кездерінде күйтабақтан тыңдаған Мұхит пен Ғарифолланың, Жүсіпбек Елебековтің, Зейнеп Қойшыбаеваның, Бақыт Әшімованың қайталанбас дауыстары рухтарына берік сіңіп қалған. Оларды бұл аяулы сезімнен ешқандай да жаһандану үрдісі айыра алмасына екеуінің репертуар таңдаудағы талғамдарына қарап менің көзім анық жетті. Мәселен, бүгінде Мыңжасар Маңғытаевтың әйгілі «Ақмаржанын» айтып жүрген қай «жұлдызды» көрдіңіз? Ал бұл дегенің таза классикалық ән ғой:
Алыстан қол бұлғап сағым,
Аңсайды күлімкөз таңын.
Үзіліп кеудеден түскен,
Ақмаржан – ақ арман, сол күн қайда жаным?
Жалындап аспан,
Жанады жүрек.
Толқиды теңіз,
Дауылды тілеп.
Жырлайды, жырлайды теңіз,
Мұңайды, мұңайды теңіз, мұңайды...
Осы ән көп жылдар естілмей кетіп еді. Ханзада мен Назым ұмыт қалдырмапты. Хас өнерге деген адалдық қой. Әннің сөзін жазған әйгілі қазақ ақыны Хасен Әдібаев та бүгінде өмірде жоқ. Мыңжасар ағамыз да марқұм болып кетті. Бірақ, Ханзада мен Назым секілді аяулы әншілер барда әндеріңіз өлмес, асыл ағалар.
Жуырда менің қолыма Ханзада мен Назымның орындауындағы он төрт ән тиді. Атап айтсам, Илья Жақановтың «Ағады, Жайық ағады» (сөзі автордікі), «Нені ойладың?» (сөзі Аманжол Шамкеновтікі), Мыңжасар Маңғытаевтың «Ақмаржан» (сөзі Хасен Әдібаевтікі), «Іздедім сені» (сөзі Нұфтолла Шәкеновтікі), Донеділ Қажымовтың «Ақ Жайық ару мекенім» (сөзі Зәкария Сисеналиевтікі), Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала» (сөзі Қуандық Шаңғытбаевтікі), Дүнгенбай Ботбаевтың «Ана» (сөзі Сағи Жиенбаевтікі) атты әндері секілді шетінен жауһар дүниелер.
Жалпы, жоғарыда аталған қазақ өнері корифейлерінің әсері өз алдына, Ханзаданың өзінің қанында да әншілік қасиет жоқ емес. Әсіресе, анасының музыка тілімен айтқанда тым тәуір вокалы болған. Ол кісінің тіпті, іс тігіп отырып та қараша үйдің ішін мұңлы да тәтті әуезге бөлеп, Жарсуаттың қоңыр кештерінде әсем әнге салатыны әлі күнге көз алдында тұр. Сөзі халықтың төл фольклорына, сазы ұлттық әуеніне суарылған сол ғажап әндер Ханзаданың жүрегіне аққу құстай қонақтап, берік ұя салды. Енді оны қуғысы жоқ. Бүгінде қаншама әншілердің бір дарынсыз композиторлардың ұсынған ақшасына бола арзан дүниелерді сахнаға алып шығатынын көріп жүрміз. Ханзада мен Назым өйте алмады, арлары жібермеді. Өнерге деген адалдықтан оған дәттері бармады. Бәлкім, Астана мен Алматыдағы жыпырлаған «жұлдыздардың» арасынан көрінбей жүргендері де содан шығар. Десек те, олар көрінуі керек, оларды көрсету керек. Өнерді сүйетін, меценат болатын да жағдайы бар азаматтар осы екі қызға демеуші болып, Алматы мен Астананың сахналарына шығарып жіберсе қандай ғанибет болар еді...
Шынайы өнерге адалдықтың тағы бір сырын Ханзада ұстаздарымен байланыстырады. Бұл ретте ол ең алдымен Жарсуат орта мектебінде музыкадан дәріс берген Күнсұлу Қапашева апайына қарыздар. Бала қырандай баптап, өнер әлемінің аспанына ұшырып жіберген сол кісі еді. Сол бала қыранды одан әрі тастүлек қылып баулыған ЖенПИ-дің музыка факультетінің ақ шашты ұстаздары – Дүнгенбай Ботбаев, Өмірбек Байділдаев (екеуі де атақты композитор), оқытушылар Ағайша Исағұлова, Галина Қарамолдаевалар («Айгүл» ансамблінің алғашқы әншісі) болатын.
-Ең алғаш абитуриент болып ЖенПИ-дің дәлізіне кіргенде қабырғада ілуілі тұрған Өмірбек Байділдаев пен Дүнгенбай Ботбаевтың портреттеріне көзім түсті. Оларды бірден таныдым. Өйткені сол кісілердің әндерімен өстік қой. Ал олардың бізге сабақ беретінін білгенде тіптен өз құлағыма өзім сенбедім,-дейді Ханзада. – Қуанғаннан отыра қалып үйге хат жаздым. Себебі Ералы ағам бастаған үйдегі сегіз бала сол кісілердің әндерін шырқап ержеткен едік. Оларды қуантуға асықтым. Осындай да аяулы сәттер болған.
Ал арада көп жылдар өтіп, облыстық филармонияға қызметке тұрған Ханзадаға өмір мен өнер жолында Назым есімді ардақты әріптес, асыл құрбы жолықты. Екеуі егіз қозыдай боп сахнаға шығып, шырқай жөнелгенде тебіренбейтін жүрек жоқ. Міне, екеуі Дүнгенбай Ботбаевтың бәріміз бала кезден шырқап өскен «Ана» әнін орындап тұр:
Дамылдап өзендерде,
Күн батып, күн шығады.
Мен үшін көзіңді ілмей,
Анашым жүрсің бе әлі, жүрсің бе әлі?
Е-е-ей, дүние құлпырады,
Боянып дала нұрға.
Сонда да мен тұрамын,
Көзіңнің жанарында, жанарында...
Ән деп осыны айт. Бүгінде осындай әндерді бұзып айтушылар да кездеседі. Ал ондайларды Ханзада кешіре алмайды.
-Халық композиторларын айтпағанда, кешегі қазақ совет композиторлары біз үшін небір асыл дүниелерді қалдырып кетті,-дейді Ханзада. - Соларды тудырған ХХ ғасыр мен үшін өнердің алтын дәуірі. Сол кезде туған аяулы әндерді тұмадай тұнық қалпында орындап, келер ұрпаққа қалдырып отыру парыз. Ал оларды бұзып айтқан адамды мен әнші деп қабылдай алмаймын.
Онысы рас. Ханзада мен Назымды халық махаббатына бөлеп жүрген де осы өнерге деген адалдықтары.
Тарас НАУРЫЗӘЛІ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Атырау қаласы